Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мен саған бағынбаймын

0 390

Әбу Бәкір Сыддық қайтыс болғаннан кейін, әділдіктің ізгі үлгісіндей болған хазірет Омар (р.а.) халифа болып тағайындалды. Оның бұл қасиеті жайлыАбдуллаһ ибн Аббастың сөзі бар:

“Омарды көп еске алыңдар. Өйткені ол еске алынғанда әділеттіліктің бейнесі елестейді”.

Халифа болып тағайындалғаннан кейін Омардың (р.а.) өзіне жүктелген жауапкершіліктен қайғысыз ұйықтаған кезі болмады. Түн демей, күн демей өзінің міндетін адал атқаруға бойындағы бар қабілеті мен қасиетін жұмсады.

Ол қоғамда әділет орнату үшін тыйым салынған нәрсені алдымен өзінен және жақын туыстарынан бастайтын. Туыстарын жинап алып:

“Мен мынадай нәрселерге тыйым салдым. Егер араңыздан біреуіңіздің мұны жасағанын еститін болсам, басқаларына беретін жазаның екі есесін беремін” деп қатаң ескертетін.

Бір соғыстан кейін хазірет Омар (р.а.) түскен олжаны халыққа теңдей бөліп берді. Әркімнің олжасы-на бір-бір жыртыс мата тиді. Алайда бұл мата бір киім тіктіруге келмейтін еді. Өзінің ұлы Абдулла:

– Мен өзімнің ақымды сізге берейін, сіз өзіңізге бір көйлек тіктіріп алыңыз, – деді.

Хазірет Омар (р.а.) ұлының бұл ұсынысын қабыл алды. Бірнеше күн өткен соң тігілген киімді үстіне киіп, халықтың алдына сөз сөйлеуге мінберге шықты:

– Уа, мүминдер! Мені тыңдап, маған мойынсұныңыздар. Осыны айтуы мұң екен, артқы сапта отырған пақыр бір кісі тұрып:

– О, мүминдердің әміршісі! Мен саған бағынбаймын, – деді.

Бұл сөзді естіген халифа бірден іркіліп:

– Неге? – деді. Пақыр себебін түсіндірді:

– Соғыстан түскен олжадан таратылған мата ешқайсымызға киім тіктіруге жетпеді. Алайда сен ол матадан өзіңе көбірек алып, киім тіктіріп алыпсың, – деді.

Жауабын бере алмай қаларлық қандай іс істеп қойдым екен деп ойы сан-саққа кетіп қобалжыған хазірет Омардың (р.а.) мұны естіген кезде көңілі орнына түсті.

Болған жайды халыққа түсіндіру үшін жамағаттың ішіндегі ұлын қасына шақырды. Баласы Абдулла өзінің үлесін әкесіне бергенін, әкесінің содан киім тіктіргенін халыққа айтып берді.

Мұны естіген халық та қатты қуанды. Сол кезде бағанағы кісі тұрып:

– Енді айтарыңды айт, мүминдердің әміршісі. Енді саған бағынамын, – деді.

Әділеттің ақ берені Омар (р.а.):

– Иә, Алла! Мені жасаған қателерімді ескертетін бір үмбетке халифа еткенің үшін саған шексіз мадақ айтамын, – деп қолдарын көкке жайып дұға етті.

«Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.