Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

І жалпықазақ съезіндегі діни бостандық мәселесі

0 535

Ресейдегі 1917 жылы Ақпан төңкерісінен соң Алаш қозғалысы қайраткерлері ұйымдастырған мемлекеттік басқару мәселесіне байланысты Орынбор қаласында жалпықазақ съезі болып өтеді. Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана облыстары мен Бөкей ордасының өкілдерң қатысқан бірінші съезде «Алаш» саяси партиясы құрылып, оның атқарушы комитеті сайланады.

Съезде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынса, Әлихан Бөкейханов «демократиялық, федеративтік және парламенттік Россия республикасының құрамындағы» қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуды құп көрді.

Басым көпшілік Әлихан ұсынысына іш тартты. Сондай-ақ, «Алаш» партиясының бағдарламасын жасау жөнінде қаулы қабылданып, жобасын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдолхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжановтар біріге жасады.

Мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, жұмысшылар, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі деген он бөлімнен тұратын бағдарлама жобасы 1917 жылы 21-қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған болатын.

Бағдарлама жобасының негізгі мақсаты – Ресей федеративтік демократиялық республикасының құрамындағы қазақ автономиясын құру болып табылды. Себебі, сол кезеңдегі жағдайлар Қазақстанның тәуелсіз ел болуы үшін қажетті шарттар әлі қалыптаспағанын байқататын еді.

Мәні жағынан «Алаш» реакциялық ұлтшыл емес, эволюциялық отаншыл партия еді, ол қазақ қоғамын бірте-бірте өзгерту жолын ұстанды. Ал, дін саясаттан ажыратылып, мемлекет зайырлы принципке сүйенетін болуы тиіс деген саяси ұстаным негізделді.

Жоба бағдарламасындағы «Дін ісі» атты төртінші тармақта мемлекеттің зайырлық негізін бекітудің қажеттіліктері айтылған.

Ар-ождан бостандығы мойындалып, әркім діни сенімі бойынша тең және еркін болып, діни ұстанымы жөнінен астамшылық немесе кемсітушілікке жол берілмейтіні көрсетілген.

Сондай-ақ, қалың мал беруді тоқтатып, молдаларға 16 жасқа толмаған қыздар мен 18 жасқа толмаған ер балалардың некесін қиюына тыйым салынды.

Ал, жесір дауы сотта қаралуы тиіс болды.

Мұсылмандық неке құқығының озық жақтары ескеріле отырып, неке қию мен ажырасу, балаға ат қою мәселелерін молдаларға беру енгізілді.

«Ұлы дала төсіндегі Ислам» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.