Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сәбит Ережепов: Діндегі туған жер ұғымы

0 986

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Туған жер – кез-келген адамның жүрегінің төрінен орын алатын ыстық мекен. Отан ұғымының қадірін білетін, туған жер сөзінің терең мағынасын түсінетін азамат үшін кіндік қаны тамған топырақ киелі де қастерлі.

Мұсылман адам өз Отанын, туған жерін құрметтеуге, қорғауға, оның өркендеуі үшін қызмет етуге міндетті. Осы тұста Ибраһим пайғамбардың(оған Алланың сәлемі болсын)жасаған дұғасы біз үшін көркем үлгі. Бұл туралы Құранда:

 «Сол кезде Ибраһим: «Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт шаһар қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға һәм ақирет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидек, көкөністерден ризық бергейсің!» – деп жалбарынды» («әл-Бақара» сүресі, 126 аят) деп келеді.

 «Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық» демекші, расымен де туған жерге деген ыстық сезім жалпы адамзаттық, адамгершілік қасиеттерге жатады.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі туып-өскен Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға һижрат жасаған уақытында Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып:

«Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», – деп айтыпты.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі өскен жерін қимай, оған ұзақ қарап «Мен үшін сенен артық жер жоқ» деп көңіл құлазыған сәті біз үшін сабақ.

Мысырға құл болып келіп, мемлекет басшысы дәрежесіне көтерілген Бейбарыс сұлтанның көңілінде еліне деген ерекше сағыныш болған екен. Оның көңіл көзінен сонау бала кезде есінде қалып қойған туған жердің елесі кетпеген деседі. Осы сағынышты басу үшін Дешті Қыпшақ даласына керуен тартқан көпестерге ылғи бір түп жусан ала келуді тапсырып тұрған деген аңыздар бар.

Алла Тағала туған жерін сүйетін, оның игілігі мен қауіпсіздігі үшін қажымай еңбек ететіндер үшін жомарт сый дайындады. Төмендегі хадис осы сөздеріміздің айқын дәлелі:

«Екі көзге тозақ оты тимейді. Бірі, Алла Тағаладан қорқып жылаған көз. Бірі, Алла жолында ел қорғап ұйқысыз түн өткізген көз», деген хадисі еріксіз еске түседі».

Қорыта келе, нағыз мұсылманның бір міндеті – өз Отаны және халқының гүлденуіне үлес қосып, өз ұлтының өркендеуі үшін жұмыс істеу болып табылады. Бұл жолда қасиетті Құран мен пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті бізге жәрдемші.

Алла баршамызға туған жеріміздің ауасымен дем алып, әр тасына дейін қастерлеуімізді нәсіп етсін. Әмин!

Ережепов Сабит Әзімбекұлы

Әлжан ана мешітінің бас имамы

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.