Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Биыл қанша адам қажылыққа бара алатыны белігілі болды

0 791

Ислам конференциясы ұйымының сыртқы істер министрлерінің қарарымен 1987 жылы белгіленген тәртіп бойынша әр мұсылман елінен бір миллион адамнан тек бір мың адам қажылық жасауға болады деп бекітілген.

Пандемияға дейін Қазақстан үшін 10 000 мұсылманға дейін қажылық жасауға мүмкіндік берілген. Алайда екі жыл әлемдік індет салдарынан елімізден ешкім қажылыққа бара алмады.

2022 жылы Сауд Арабиясы Қажылық және ұмра министрлігі әлем елдерінен қажылыққа келетін мұсылмандар санын 45,2 пайызға дейін қысқартып, биыл 1 миллион адамды ғана қажылыққа шақырып отыр. Сол себепті биыл Қазақстанға 4527 қажылық орнын алуға рұқсат берді.

Әйтсе де бірнеше себепке байланысты 2022 жылы конкурстық негізде 14 туроператорға жалпы саны 3000 қажылық орны бөлінді.

Сауд тарапы Қазақстан үшін 4527 орынға рұқсат берген болса, ҚМДБ оның тек 3000-ын аталған туроператорларға бөлудің басты себептері:

Қазақстанда АҚШ долларының теңгеге шаққандағы курсының күрт өсуі.

2019 жылдың қыркүйегінде САК билігі ҚҚС (НДС) мөлшерін 15% дейін өсірді. Бұл өз кезегінде қажыларға көрсетілетін қызметтің (көлік, тамақ, қонақ үй, т.б.) бағасының өсуіне әсер етті.

Пандемияға дейінгі жылдардағы қажылық маусымында Қазақстан 3000-нан аспайтын қажылық орнын қиындықпен игере алатын.

САК Қажылық және ұмра министрлігінің қажылардың жасын 65-тен асырмау бойынша бүкіл мемлмекеттерге қойылған талабы, қазақстандық турфирмалар үшін клиенттердің/қажылардың санын толтыруға кері әсерін тигізеді (әдеттегідей қажылардың 35%-ы 65 жастан асқан азаматтардан құралады).

2022 жылғы қажылық орындарын алу бойынша конкурстан өтіп, өткен қажылық маусымында қажылық жұмыстарын ұйымдастыру барысында көрсеткен сапасы мен қызымет деңгейіне қарай, 3000 қажылық орындарынан әр түрлі көлемде қажылық орнын иеленген туроператорларға жалпы қажылық орындарының санын 3500 немесе одан жоғары 4527 қажылық орнына дейін алуға толық мүмкіншілік бар екендігі ескертілді. Алайда, жоғарыда айтылған себептер мен дәйектерге сүйенген «Nurkhan travel», «Қызмет Саяхат», «Tawaf Travel», «Qazaq Travel», «Хидаят-Нур», «Нұр-Қазақстан», «Сембекова и К», «Mina travel», «Ал-Маруа» және «Robinzon kz» туристік фирмаларының басшылары мен өкілдері Қазақстан азаматтары үшін 2022 жылғы қажылық маусымында 3000 қажылық орны жететіндігін баса айтты. Ал, «Хикмет Тревел», «Атлас Туризм», «Sanabl» және «Ордабасы – НЖ» туристік фирмаларының басшылары мен өкілдері Қазақстан азаматтары үшін 2022 жылғы қажылық маусымында 3500 қажылық орны толатындығына сенімді екендіктерін жеткізді.

Туристік фирмалардың басшылары мен өкілдерінің пікірлері дауысқа салынып, нәтижесінде Сауд Арабиясы Королдігінің Қажылық және ұмра министрлігінен Қазақстан азаматтары үшін 2022 жылғы қажылық маусымына 3000 қажылық орнын алатын болып шешім қабылданды. Себебі САК Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстан азаматтары үшін берген қажылық орындары толмай қалған жағдайда туроператорлар қыруар шығынға ұшырап, Қазақстан қажылық миссиясына айыппұл салынатындығы белгілі.

Қажылықсыз өткен екі жыл Қазақстан мұсылмандарының да көңілін құлазытқаны айдан анық. Миллиондаған мұсылман індеттен тезірек құтылып, қажылық пен ұмра рәсімдерін еркін атқаратын күнге жетуді Алладан жалбарына сұрады. Бүгінгі таңда қажылыққа баруды аңсаған отандастарымыздың ниетіне жетуге көп уақыт қалмады.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қасиетті мекендерге деген сағынышы күн санап артқан, қажылық парызын өтеуге ниет білдірген 3000 отандасымызға ақ жол тілейді. Алла қажылық құлшылықтарын жеңіл етіп, өз дәрежесінде қабыл алғай!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.