Түркістан қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің ХХXV мәжілісі басталды.
Жиынды ашқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біз жыл басынан бері сіздердің қолдауларыңызбен тарихи бастамаларды жүзеге асырып келеміз. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Ақсақалдар кеңесін құрдық. Бірнеше облыста аймақтық ақсақалдар форумын өткіздік. Ағарту саласы бойынша бірнеше кітаптар оқырманға жол тартты.
Биылғы «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында әртүрлі форматта форум өткіздік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Сарапшылар кеңесін құрдық. Бұл бастама мемлекет және қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болуда.
Айрықша айта кетер жайттың бірі – Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттердің «Мүфтилер алқасы» өтті. Бұл тарихи іс-шарамыз да үлкен қолдауға ие болып, әлі күнге дейін қоғам арасында оң пікір айтылуда» деді.
Айта кетсек, мәжілісте «Зейнетақы қоры жинағынан зекет беру үкімі», «Мәйіттің денесін тілудің үкімі», «Сюцайдың шариғи үкімі», «Дәрігердің нұсқауынсыз трамадолды қолданудың үкімі», «Қан донорлығының үкімі» т.б. пәтуалардың мәтіні талқылануда.
Басқосуда бұдан бөлек «Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы ҚМДБ рөлі», «Бабалар ізімен: Қазақстандағы мұсылмандық мектеп», «Ислам энциклопедиясы» еңбектері мен құжаттардың мазмұны қаралуда.