Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Халықтың биік мұсылмандық бейнесін айқындайтын мақалдар

0 561

…Мақал-мәтелдерде исламның ықпалы, Хадистердің әсері қатты сезіледі.

Мақал-мәтел арқылы қазақ халқы жас ұрпақты, бүкіл халықты арлылық, мәрттік, құдайшылық – адамгершілік қағидаларына сәйкес өмір сүруге үйретті, осы киелі құндылықтарды қоғам мүшелерінен талап етті.

Имандылық, жақсылық-жамандық, тәлім-тәрбиеге, дүние заңдылықтарына қатысты мақалдар халықтың биік мұсылмандық бейнесін айқындайды. Мысалы, көшпенділерге тән ар-ождан тазалығын сақтау әдетімен Пайғамбардың ар-ұят, намыс, мәрттік, руханият туралы айтқан хадистерінің тамаша үйлесуінен туған сөздер: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ұят бар жерде иман бар», «Өлімнен ұят күшті», «Ұялмаған бұйырмағаннан ішеді», «Ер болсаң нәпсіңді жең», «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, Жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі», т.б. Тікелей Құдай, о дүние, имандылық жайында айтылған мақалдар санатына, «Аққа Құдай жақ», «Адамнан асса да, Құдайдан аспайды», «Адам асыққанмен Құдай асықпайды», «Құдай деген құр қалмас», «Құдайсыз қурай да сынбас», «Жалғыздың жары – Құдай», «Құдай бергенге құлай береді», «Аллаға жағамын десең азанды бол», «Сабырлылық – Алладан, сабырсыздық – шайтаннан», «Құдайға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар», «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер», «Тәкаппар – Құдайдың дұшпаны», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», т.б. мақалдар жатады.

Қазақстанның болашағы – оны мекен еткен азаматтарының бойында рухани қасиеттердің дамуы, адамзатты құрмет тұту, үйлесімділік, шынайы өмірлік ұстаным мен құндылықтарды анықтау идеяларының әр жүректе алау жағуымен тығыз байланысты.

Он ғасырлық көркем әдебиеттердегі құндылықтық бағдар ислами қасиеттердің қазақ халқының мызғымас біртұтастығының кепілі болды және алдағы уақытта мемлекетіміздің болашақ табысты дамуына үлес қосар тәрбие кілті ретінде маңызы зор.

«Қазақ мәдениеті және Ислам құндылықтары» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.