Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Астанада кітап апталығы басталды

0 970

Жыл сайын Астана қаласына көктеммен бірге кітап көшіп келгендей керемет күй сыйлайтын кітап апталығы болады. Кәдімгі кітап тойы, кітап қуанышы, кітап мерекесі. Биыл да сәуір айының 17-21 күндері аралығында, «Astana Eurasian Book Fair – 2024» халықаралық кітап көрме жәрмеңкесі осымен жетінші рет өтіп жатыр.  Аталған кітап жәрмеңкесінің негізгі ұйымдастырушысы – «Фолиант» баспасы. Кітапсүйер, әдебиетсүйер оқырманның назарында «Фолиант» баспасының алар орыны айрықша. Жыл сайын жүздеген әлемнің үздік туындыларын қазақ тілінде аударып, шығарып келе жатқан баспа оқырманның сұранысын шығып келеді. 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан баспаның кітап басып шығарудағы негізгі нысаны – қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, балалар әдебиеті, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрі бар.

Осы жолы «Astana Eurasian Book Fair – 2024» көрмесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан, Испания және Қытай мемлекеттерінен баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компанияларын ұсынатын 70-ке жуық компания қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін белгілеу, кітап оқуды насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажеттігін баса айтып өткенін білесіздер. Сосын да, осы мақсатты жүзеге асыру жолында Astana Eurasian Book Fair көрмесі осымен жетінші рет дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Аталмыш көрме бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген баспагерлер мен кітап индустриясындағы ұйымдар бас қосатын маңызды диалог алаңына айналды. Бұл көрме кітапсүйер қауым үшін дәстүрлі кітап мерекесіне айналды. Себебі олар сүйікті ақын-жазушыларымен кездесіп, қолтаңбасын алып, кез келген кітапты баспа бағасымен сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Бүгін кітап көрмесінің салтанатты ашылуынан кейін, кітап жәрмеңкесіне жиналған халықта есеп болмады. Жәрмеңкенің әр тұсынан іс-шаралар атқарыла бастады. Әуелі «Иран өнері мен каллиграфиясы» атты шеберлік сағат өтіп, Иран мәдениеті таныстырылды. Одан соң, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты кітабының әдеби таныстырылымы жоғары деңгейде өтті. Түстен кейін белгілі ғалым, жазушы, академик Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа» атты Мұстафа Шоқай туралы кітабының таныстырылымы өтті. Сонымен қатар белгілі жазушы Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романының тұсаукесері өтті. Жәрмеңке барысында атқарылатын шаралар мен кітаптардың таныстырылымы бес күн бойына жалғаса бермек. Айталық бүгінгі атқарылатын шаралардың бір парасын, Абай облысынан арнайы келген «Абай жолы» кітапханасының тұсаукесері қортындыламақ.

Astana Eurasian Book Fair-2024 кітап жәрмеңкесі бес күн бойы Астана төрінде жалғаса береді.

Ұмтыл Зарыққан

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.