Шымкент қаласында жаңадан бой көтерген «Әл Кәусар» мешіті салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Игі шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, Бас мүфтидің құттықтау сәлемін ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы жеткізіп, жиналған қауымды құттықтады.
«Бұл мешіт Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылып отыр. Жалпы елдің Тәуелсіздігі дүниеде теңдесі жоқ тәтті сөз. Бірақ оның оңайлықпен келмегені түсінікті. Тәуелсіздіктің арқасында елімізде мешіттер қайта бой көтеріп, дініміз мен дәстүріміз оралды. Салт-санамыз қайта жаңғырды. Мешіт салудың дінімізде сауабы орасан», – деді.
Сондай-ақ, наиб мүфти салтанатты шара барысында құлшылық үйінің бой көтеруіне үлес қосқан азаматтарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.