ҚМДБ: «JAZERA TRAVEL» компаниясының басшысы діни қызметкер емес
ҚМДБ: «JAZERA TRAVEL» компаниясының басшысы діни қызметкер емес
«Jazera travel» компаниясының басшысы Ырыскелді Мейіржан Бауырұлы еліміздің бірнеше аймағынан жүзден аса азаматты ұмраға алып барамын деп ақша жинап, уәдесін орындай алмаған. Мейіржан Бауырұлы ешқандай діни қызмет атқармаған және мешітте наиб имам болып жұмыс істемейді.
Алматы облысының Іле ауданындағы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің наиб имамы Тамашбеков Марсельге «Jazеra travel» компаниясының басшысы Мейіржан Бауырұлы ұмра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өтіп беру жөнінде өтініш жасаған. Наиб имам діни құлшылықты түсіндіру мақсатында өтініштерін қабыл алып, екі рет сабақ өткізген. Дәріс соңы сұрақ-жауап негізінде жалғасып, наиб имам «Jazеra travel» компаниясының қызметі жайлы білген ақпараттарымен де бөліскен.
«Jazеra travel» компаниясына қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексерілуде. Наиб имамның аталмыш мәселеге қатысы бар-жоғы анықталу үстінде. Осы ретте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тексерілмеген мәліметтерді таратпауын сұраймыз.
Айта кетейік, соңғы кезде қоғамда ұмра сапарын ұйымдастырушы кейбір турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар көбеюде.
Осы орайда ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде екенін еске саламыз. ҚР сыртқы туризмді реттейтін тиісті заңнамасына сай ұмра сапарын топпен ұйымдастыру үшін міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс және әр ұмра жасаушыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда ұмраны топпен ұйымдастыру ҚР заңдарына қайшы.
Осы ретте ұмраға апарушы турфирмалардың қызметін қадағалауға Діни басқарманың заңды құзіреті жоқ екендігін жеткіземіз.
Сонымен қатар отандастарымызды ресми туроператорлық лицензиясы жоқ туркомпаниялармен ұмра сапарына бармауға шақырамыз.
ҚМДБ Қажылық бөлімі