Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Діни басқарма Семейде ауызашар берді (фото)

Діни басқарма Семейде ауызашар берді (фото)

0 113

Семей қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Абай облысының зиялы қауым өкілдеріне, ақсақалдар мен өңір имамдарына, студенттерге, мұқтаж отбасыларға ауызашар берілді.


Рухани кеште ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашар дастарқанының қадірлі қонақтарын қасиетті аймен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

«Абай облысы – еліміздің шығысындағы табиғаты бай, мәдениеті терең, тарихы ерекше аймақ. Ойшыл хәкім Абайдың атын иемденген бұл облыс 2022 жылы құрылып, елдің рухани дамуында маңызды рөл атқарып келеді. Бұл өңір – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов туған қасиетті жер. Қазақ әдебиеті мен философиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бұл тұлғалардың есімі Абай облысымен тығыз байланысты. Семей қаласы – Алаш Орда үкіметінің астанасы болған. Мұнда ХХ ғасырдың басында қазақтың алғашқы ұлттық саяси ұйымы құрылып, ел тәуелсіздігі үшін күрес басталды. Осындай киелі өңірде қасиетті Рамазан айында өздеріңізбен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Ораза қабыл болсын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Раббымыз Рамазанда бізді арам нәрсені былай қойғанда адал болған амалдың өзінен тыйып отыр. Күндіз адал болған ас-суды ішуден тыйыламыз. Мұның хикметі не? Ораза құлшылығының түпкі мәні – Алланы жақсы көруге, Оның разылығына жетелейтін амалдарды жақсы көруге ұмтылу» деді ҚМДБ Төрағасы.

Өз кезегінде рухани кештің құрметті қонақтары Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына алғыс айтып, Діни басқарманың руханият саласындағы ауқымды істеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздар дәстүрге сай Жарапазан жырын айтып, ауызашар қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти арнайы дұға жасады.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.