Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қари емес жігітке қыз бермейтін ел

Қари емес жігітке қыз бермейтін ел

0 113

Сомали мемлекеті – қари емес жігітке қыз бермейтін ел. Ауылды жерлері сол дәстүрді әлі күнге ұстанады. Бүкіл ел бойынша қариға деген құрмет жоғары. Әр үйде қариы бар ел осы, Сомали. Сомали Демократиялық Республикасында Құран жаттау орындары «Дикси» деп аталады. Сомали тіліндегі «дикси» сөзі «жылы жер» деген мағынаны білдіреді. Мұндай орталықтар қарапайым құрылыс материалдарынан салынған болып келеді. Сомалиде Құран жаттау курстарында Құран жаттап алғандар үшін білімін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік бар. Мешіттерде күн сайын кешке жүйелі түрде өтетін тәпсір, ақида т.б сабақтарына қатысуына болады. Бұл орталықтар ауылды жерлерде орналасқандықтан «Құран ауылы» деген атау берілген. Жұрт балаларын кішкентай кезінен-ақ осында әкеледі. Егер бала дұрыс сөйлей алатын болса, бірден Құран ауылдарына жіберіледі. Қарилықты бастаған шәкірттер Құранды аяқтағанға дейін басқа сабақ оқымайды.

Басқа істер қарилықты бітіргенге дейін кейінге қалдырылады. Шәкрттердің Құран оқуды үйренуі мен Құран жаттауы курс басында қатар жүреді. Сомалиде жатып оқитын орталық жоқ. Таңнан бесінге дейін сабақ өткеннен кейін шәкірттер үйлеріне барып, үш сағат демалады. Сосын қайтадан медресеге келіп, құптан намазынан кейін сол күні жаттағандарын қайталайды. Құран жаттау орындарында, орташа есеппен, 3 жылда Құранды толық жаттап, қари атанады. Құранды жылдам жаттауы үшін кемі 3 рет хатым жасауға міндетті.

Шәкірттер, Судан мемлекетіндегідей, ұстаздың аузынан естігендерін қолдарындағы тақтайшаларға жазады. Бұл сатыдан өткендер әрі қарай Құранды кітаптан жаттауға көшеді. Сабағын өз уақытында орындай алмағандар ұстаздың қасында тұратын таяқтан жаза тартады. Ал жаттауын ерте бітірген оқушылар сабақтан ертерек босатылады. Сомалиде шәкірт алдымен Құранды толық жаттайды, сосын ғана қайталайды. Шәкірт қари атанғаннан кейін Құранды басынан аяғына дейін толық қайталап шығады. Емтихан тапсырғаннан кейін берілетін қарилық сертификат – елде имам болып қызмет ету үшін ауадай қажет дүние.

Сомали Демократиялық Республикасы әлеуметтік-экономикалық жағынан артта қалғанымен, Алланың кәләмін жаттау тұрғысынан алдыңғы орында деуге толық негіз бар. Жазу арқылы жаттау тәсілі шәкірт қабілетін жан-жақты ашуға себеп болады. Дегенмен, Сомали қариларының әлемдік Құран жаттау жарыстарында жыл сайын жүлделі орынға ие болып, мақамының әсемдігімен ерекшеленетінін байқамау мүмкін емес.

материал «Қари болғым келеді» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.