Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Иманды кемелдендіру үшін не істемек керек?

0 2  585
Алдымен иман ұғымын түсініп алсақ. Иман сөзінің тілдік мағынасы растау, сену, нану, илану дегенді білдіреді. Яғни, Аллаға иман келтіру, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне сену, илану, ақиақат екенін растау. Жалпы иман дегеніміз – иманның алты шартын тілмен айтып, жүрекпен бекіту болып табылады. Тек тілмен «мен иман келтірдім», «сендім» деген сөздер толық иман келтірген болып табылмайды. Себебі мұнафықтар (екіжүзділер) де біздер иман келтірдік деп айтатын. Тек тілмен айту иман келтіруге жеткілікті болғанда, онда екіжүзділер нағыз иманды болатын еді.

Алайда, Алланың бар екендігіне, оның «Мейірімді, Рақымды» деген сияқты барлық сипаттарына толықтай илануымыз парыз. Бірақ әркімнің Аллаға деген сенімінің дәрежесі әр түрлі болады. Мәселен, Алланың бұйырған әмірлерін орындап, тыйғандарынан тыйылу арқылы әркімнің иманы кемелденеді де, керісінше жағдайда әлсірейді. Сондай-ақ, қияметтегі жағдайы да сол иман байлығына байланысты болмақ. Сол себептен иманды жанға иманын кемелдендіріп, Ақыреті жарқын болуы үшін үнемі тақуалыққа барынша өзін жүгендеп тұруы қажет. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Өлгеннен кейін адамзаттың баршасы өкініш білдіреді»,-деп өлгеннен кейінгі өмірден хабар береді. Сахабалары: «Оның өкініші не себепті?», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Егер де жақсы адам болса, жағдайын одан әрі кемелдендірмегені үшін, егер де жаман адам болса, онда сол жамандығынан бас тарта алмағаны үшін өкініш білдіреді»,-деп осы фәнидегі иманның қаншалықты кемел болуының маңызды екендігін жеткізеді. Олай болса, иманымызды қалай кемелдендіруге болады? Не істемек керек? – деген сауалдарға жауапты әз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қалдырып кеткен екі асыл құндылығымыз Құран мен сүннеттен іздеп көрелік.

  1. «Сөзсіз мүміндер; Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, имандары кемелденіп, Раббыларына тәуекел қылады»[1]– дейді. Демек, иманның кемелденуінің бір тұсы, үнемі Алланы еске алып әрі біздер үшін ақ пен қараны яғни жақсылық пен жамандықты, туралық пен адасушылықты айқындап беретін аяттарды оқып, оған амалдар жасауымыз, иманның кемелденуіне апарады екен. Себебі, пенденің жүрегі Алланы еске алмаған кезде иманы әлсіреп, не нәрсе болса соған бағытталып, әлсіз әрі бейқам жүрекке айналып, қателік жасауға бейімделіп тұрады екен. Алла Тағала Құрани Кәрімде: «Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен ғана орнығады»[2] – дейді. Алланы еске алу – Оны көп зікір ету, Құран аяттарын мейлінше үзбей оқып тұру. Әрі оқығандарына амал жасау. Мұны Абай атамыз: «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» – деп түйіндейді.
  2. «Алла дұрыс жол тапқандардың дұрыстығын одан әрі арттырады»[3]. Яғни, сауапты істер көп істеу арқылы Алланың назарына ілігіп, иманы артып, Жұмаққа бару жолы жеңілдеп, адасуда болмайды. Сондықтан иманымызды кемелдендіруге тырысқан сайын, Алла Тағала да иманымызды арттыра түседі. Ол үшін, һидаят жолдан таймай, білім іздеуіміз керек. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім, білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы жұмаққа жету жолын жеңілдетеді»,-деген. Олай болса, білім алуымен иманымызды кемелдендіріп, алған білімімізге амал етсек, жұмақ жолы да жеңілдемек екен. Бұл жөнінде Бұқар жырау бір шумақ өленмен былай деген екен:

Алла деген ар болмас,
Хақтың жолы тар болмас,
Құдайға мойын бұрмасақ,
Қысылтаяң күн туса,
Жаратқан өзі жар болмас.
Бес уақыт намаз оқысаң,
Ақырет күні иншАлла,
Тозақта жаның қор болмас,
Бір құдайдан қорықта,
Жайнамазбен бол жолдас
.

  1. Алла елшісі (с.ғ.с): «Сіздердің біріңіз теріс істі көрсе, шамасы келсе оны қолымен өзгертсін. Оған шамасы келмесе, тілімен айтып өзгертсін. Оған да шамасы жетпесе, оны іштей жек көріп, қарсылық білдірсін. Бұл – иманның ең төменгі дәрежесі»[4]– деген. Қараңыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздерге иманның белгілерін көрсетіп беріп жатыр. Иманның ең төменгі дәрежесі қандай да бір жамандықты көріп, оны тоқтатудың басқа жолдарын таппай қалған жағдайда сол істі жүрекпен жек көріңдер дейді. Олай болса, иманның кемелі – жаман істерді көргенде оның тоқтауына үлес қосу. Көшеде келе жатсаңыз алдыңыздан кісі сүрінерлік тас не басқада заттар жатса, оны біреу сүрініп қалмасын деген ниетпен алып тастасаңыз, Алла сізді сондай пәлекеттерден сақтап қояды, иманыңызды арттырып сауаптар жазып қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде былай деген екен: «Иман жетпістен астам тармақтан тұрады, оның ең кемелі Лә иләһа илла Алла, ал төмені жолдағы кедергіні алып тастау».
  2. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мұсылмандардың кәміл имандысы ең көркем мінездісі…». Иә, көркем мінез иесін қашанда тек биіктерге жеткізеді. Дана халқымыздың «Ұлық болсаң – кішік бол»деген нақыл сөзі, көркем мінездінің қаншалықты дәрежеде өзгелерден биік тұратындығын аңғартады. Бұған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисі дәлел болмақ: «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлқы ең жақсы болғандарың». Қиямет күні Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) қарапайым адамдардың қасында ғана емес, өзге пайғамбарлар алдында да өте биік дәрежелі орында болады. Ал, Алла елшісімен (с.ғ.с) Жұмақ төрінде көрші болу барша мұсылмандардың баға жетпес арманы. Тек мінезімізді дұрыстап, иманымызды кемелдендірген жағдайда сол арманымыздың орындалуы ғажап емес.

Міне, иманның кемелдену жолын көрсету мақматында бірнеше аят-хадистерге тоқталып өттік. Жалпы имандылықты арттырудың міндеттілігі жөнінде Құрани Кәрімнің өзінде қаншама аяттар келген. Мақсат барлығын тізбектеу емес, білген бірер аят-хадистерімізге амал жасап, иманымызды кемелдендіру.

Расында иманы кемел жан тақуа, мінез-құлықы көркем, үлкенге құрмет көрсетіп, шариғи іліммен сусынданған, бір сөзбен айтқанда екі дүниенің бақытына жетелейтін амалдар жасап, Алланың разылығына бөленген жан. Алла иман байлығымызды кемелдендіргей! Әмин!

Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы

__________________________

[1] «Әнфал» сүресі, 2-аят.

[2] «Рағд» сүресі, 28-аят.

[3] «Мариям» сүресі, 76-аят.

[4] Әбу Дәуд

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.