Санаулы күндерден соң мұсылманның бес парызының бірі үлкен қажылық басталады. Биыл да бұл қасиетті сапарға ниет еткен қазақстандықтар саны орасан. Сәйкесінше қажылық сапарына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да, басқа туристік компаниялар да биыл жаңаша бастамалар көтеріп отыр. Мұның барлығы қажы атансам деген жамағаттың жағдайын жасап, сапарды барынша жеңіл етуге бағытталмақ. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Қазақстан мұсылмандарына арнап 2500 квота бөлген. Осы және басқа да биылғы қажылыққа қатысты игі жаңалықтар мен соны ақпараттарды есту үшін, қасиетті сапар қарсаңында ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі, Қажылық Миссиясының жетекшісі Бейбіт Мырзагелдиевпен пікірлескен едік.
Санаулы күндерден кейін еліміздің мұсылман қауымы үлкен қажылыққа аттанады. Биыл өзіңіз Қажылық миссиясына жетекшілік етеді екенсіз. Қажылыққа қатысты күрмеуге келмей жатқан күрделі мәселелер бар ма? Жалпы дайындықтарыңыз қалай?
- Аллаға шүкір, дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қажылыққа жауапты қызметкерлер уақытпен санаспай, өзіне берілген тапсырмаларды орындап жатыр. Алла қаласа, Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының шешімімен 13 адам Қажылық миссиясымен барады. Оның құрамында білікті, тәжірибелі дін ғалымдары, дәрігерлер, журналистер бар. Миссияда уағыз-насихат, дәрігерлік көмек, үйлестіру-ұйымдастыру, ақпараттық-насихат топтары жұмыс істейді. Олар өздеріне қатысты жұмыс жоспарларын бекітіп, қажетті шараларды жүзеге асыруда. Бұдан бөлек, халықаралық деңгейдегі келіссөздер мен келісімшарттар жүргізіліп, екі тарапқа тиісті мәселелер барынша пысықталуда. Қажылық миссиясы қабілетті деп таныған 16 турфирма мен мүфтият арасында келісімшарт жасалды. Оларға қойылар міндеттемелер мен талаптар нақты көрсетілді.
Жақында Сауд Арабиясының Қазақстанға 2500 қажылық жолдамасын сыйға тартқаны жария етілді. Бұрын-соңды жолдама дегенді естімейтін едік, бұл қандай бастама және бұл келісімге қалай қол жеткізілді?
- Сауд Арабия Корольдігі (САК) Қажылық министрлігі әлемнің мұсылман елдеріне халық санының көрсеткішіне сай, арнайы квота, яғни орын бөледі. ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының Сауд Арабиясына жасаған сапарында Қажылық министрлігі біздің елге 2500 орын бөлді. Демек, осы көрсеткіштен артық адам бара алмайды деген сөз. Мұны қандай да сыйлықпен немесе жолдамамен шатастыруға болмайды. Мәселен, Түркияда 80 млн. мұсылман бар. Оларға жыл сайын 80 мың төңірегінде орын бөлінеді. САК Қажылық министрлігі тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ғана ресми келіссөздер жүргізеді. Осы келісімнің негізінде квота беріледі. Квота дегеніміз, жаңа айтқанымдай, тек қажылыққа баратын адам немесе орын саны. Бұл сыйлық немесе жолдама емес. Квота – тегін жолдама емес. Діни басқарма осы квотаны қажылық саласында кемінде 5 жылдық тәжірибесі бар, мүфтият тарапынан ескерту алмаған, қажыларға қызмет көрсетуде жақсы көрсеткішке ие болған турфирмаларға үлестіреді.
Ал осы талаптарға жұмысы сай болмаған компанияларға қандай да тиісті шаралар қолданыла ма?
- Өткен жылы ҚМДБ турфирмалар арасында ашық конкурс жариялады. Конкурс талаптарына сай келген компаниялар іріктеліп алынды. Өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс орындай алмаған турфирмаларға тиісті ескертулер мен шаралар қабылданады. Одан нәтиже шықпаса, ҚМДБ ол фирмамен келесі жылы келісімшарт жасамау мәселесін қарастырады.
Жалпы қарапайым мұсылманға қажылыққа бару қаншаға түседі?
- Жоғарыда атап өткен 16 фирманың пакеттері әртүрлі. Мәселен, ҚМДБ жанынан ашылған «Tawaf travel» компаниясының «эконом» пакетінің бағасы 3800 АҚШ доллар. Ал «стандарт» пакеттің құны – 4200 доллар. Бұл бағаға Мекке мен Мәдинаға ұшақ билеттері, 2 мезгіл ыстық тамақ, 5 литр зәм-зәм суы, Мина мен Арафаттағы жайлы шатырлар, қасиетті және тарихи орындарға зиярат жасау, ерлер мен әйелдерге арналған қажылық киімі, жол және қол сөмкелері кіреді.
Көрші Өзбекстанда коммуналдық қарызы барлар қажылыққа аттана алмайды екен. Осыған ұқсас қандай да бір ереже-тыйымдар бізде де енгізілуі мүмкін бе?
- Біздің қазіргі қолданыстағы заңнамаға сай, қажылыққа тек шетелге шығуға рұқсаты жоқ азаматтар ғана бара алмайды. Жалпы, қажыдан алған барлық қарызын өтеп, отбасын азық-түлікпен, қажетті қаражатпен, ең бастысы оларға көркем насихат айтып кетуі талап етіледі. Қасиетті жерге қарызсыз, таза барған абзал. Алла таза болғандықтан, таза нәрсені жақсы көреді. Құранда осы мағынада келетін аяттар бар. Ал Сіз айтып отырған коммуналдық қарызы бар адамдарды қажылыққа жібермеу туралы заң талаптары біздің елімізде қолданыста жоқ. Ондай ережені енгізу болашақтың ісі деп білеміз. Қазірге бұған байланысты ешқандай қажеттілікті көріп отырғанымыз жоқ.
Жалпы, Діни басқарма елімізден қажылыққа барушыларды арнайы зерттеп, тексере ме? Кімдер талапқа сай келмеуі мүмкін, мәселен?
- Діни басқарма ешбір мұсылманға жасына, ұлтына, тіліне қарап, олардың қажылыққа баруына шектеу немесе талап қоймайды. Алла Тағала шамасы келген, яғни қаржылық мүмкіндігі жеткен мұсылманға қажылықты парыз еткен. Әрине, қажылыққа барам деушелір арасында жасы 80-нен асқан қарияларымыз көп кездеседі. Оларға арнайы өзінің күтушісімен, қамқор болатын жанашыр туысымен бірге баруға кеңес береміз. Өйткені, күннің қатты ыстығы мен адам нөпірі кез келген қарт адамның денсаулығына әсер етпей қоймайды. Екіншіден, денсаулығына байланысты шағымы бар азаматтарға дәрігердің кеңесінен кейін қажылыққа баруға шешім қабылдауын сұраймыз. Өйткені, қажылық тек қаржыны ғана емес, денсаулықты да талап етеді. Ол жақта қажылар бірнеше шақырымды жаяу жүруге тура келеді. Сондықтан, мешіттерімізде өтіп жатқан қажылық сауат ашу курстарында, Алматыдағы «Қажылық оқыту орталығында» осы айтылған кеңестер мен жағдайлар жерлестірімізге жиі ескертіліп келеді.
Қазақстандықтардың қажылық кезінде қауіпсіздігі үшін қандай шаралар атқарылады? Биыл дәрігерлер де бірге барады деп отырсыз. Жалпы миссия тағы басқа қандай жұмыстарды атқарады.
- Қазақстан Қажылық миссиясының Мекке мен Мәдина қалаларындағы орталық штабында стационарлық пункт ашылып, ол тәулік бойы қажыларға медициналық көмек көрсететін болады. Стационарлық пункт жұмысын дәрігер-травматолог Руслан Ізбасаров жүргізеді. Бұл азаматымыз өткен жылы да барған. Жұмысына тиянақты, тәжірибесі мол. Дәрігерлер тобы өзіміздің отандық дәрілерді бірге алып барады. Өйткені, оның әсері де жақсы болмақ. Бұдан бөлек әрбір турфирмамен бірге бір дәрігер барып, сол фирма қажыларына алғашқы медициналық көмек көрсетеді. 13 адамнан тұратын миссия мүшелері екі топқа бөлініп, қажылар орналасқан қонақүйлерді белгіленген жоспар бойынша аралап, ондағы тазалық, ыстық тамақтың уақытында берілуі, уағыз-насихат, түсіндірме жұмыстарының кестеге сай жүргізілуі, қажылардан түскен шағымдар мен өтініштер, олардың күнделікті медициналық тексеруден өтуі, т.б. мәселелер бойынша қадағалау, бақылау, тексеру шаралары жүзеге асады. Бұдан бөлек әр фирмаға бөлінген топбасшылар (гид) жерлестерімізге жол қауіпсіздігін жіті түсіндіріп отырады. Қажылық маусымында әр салаға жауапты 55 адамның ортақ байлыныс жүйесі болады. Уағыз-насихат тобын Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Бауыржан Әлиұлы бастап барады. Аталған топ қажылар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, уағыз-насихат айтып, тиісті сауалдарға жауап береді. Қажылықтың парыздары мен шарттарын, әдептері мен үкімдерін тәптіштеп түсіндіру осы уағыз-насихат тобының негізгі міндеті. Ал ақпараттық-насихат тобының міндеті – Қажылық миссиясының жұмыстарын жариялау, отандық ақпарат құралдарына дер кезінде мәліметтер мен ресми ақпарат жеткізу, ұлық сапардағы ғибратты оқиғаларды басылым беттеріне шығару. Миссияның жалпы үйлестіру-ұйымдастыру жұмыстарын ҚМДБ «Tawaf travel» компаниясының директоры Жәнділла Бекжігітов пен ҚМДБ Қажылық бөлімінің бас маманы Қанат Бекжанов жүргізеді. Жалпы биылғы қажылық маусымына біздің қызметкерлеріміз жан-жақты дайындықпен бармақшы. Алла бұйырса, бұл қажылық бұрыңғы қажылықтан өзгерек болайын деп тұр. Биылғы қажылықтың басты жаңалығы ретінде жерлестерімізді отандық әуекомпанияның тасымалдауын айтуға болады. Чартерлік рейс, Алланың қалауымен, Мекке мен Мәдинаға 4-5 сағатта жетеді. Бұл – үлкен жаңалық. Осыған дейін Қазақстан азаматтары Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері арқылы ұшып, ондағы әуежайларда 18-20 сағат аялдап, бір тәулікке жуық уақытын шығындап, әбден сарсаңға түсетін.
Көп ретте қажылыққа барып, онысын әлеуметтік желіде жария етушілер қоғам тарапынан сынға ұшырап жатады. Рия етті деп кінәлайды. Жалпы, рухани тұрғыдан қандай да бір қателікке ұрынбас үшін, сапар алдында оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме, әлде әр адам өз діни сауатымен барып қайта ма?
- Естеріңізде болса, біздің Бас мүфтиіміз Құрбан айт қарсаңында құрбандыққа шалынып жатқан малдың алдында селфиге түсіп, мұсылманға жат әрекетке бармауды айтады. Бұл сұрағыңыз да осыған ұқсас мәселе. Адам өзінің Алла арасындағы құлшылығын барынша құпия ұстаса оның сауабы да артады. Дұрыс, кейде кейбір нәрселерді өзгелер үшін ғибрат мақсатында жариялауға болады. Мәселен, садақа жария амалдарды. Садақа жария дегеніміз – көпшіліктің игілігі үшін атқарылған іс-шаралар. Мәселен, көпір, жол салу, мектеп тұрғызу, мешіт-медресе құрылысына көмектесу, ауылға су құбырын тарту, т.б. Ал жеке құлшылық амалдарды риясыз жасаған ұнамдырақ. Алла Елшісі өзінің бір хадісінде: «Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат», – деген. Ал қажылық риясыз құлшылықтың арқасында қабыл болады. ҚМДБ жанында Қажылық бөлімі бар. Барлық сұрақтарға осы бөлімнің қызметкерлері жауап береді. Одан бөлек облыстағы мешіттерімізде қажылардың сауатын ашу мақсатында арнайы сауат ашу курстары өз жұмысын бастап кетті. Бұдан бөлек, Алматыдағы «әл-Мәдина» мешіті жанынан ашылған арнайы қажылық орталығы тұрақты жұмыс істеуде. Орталықта болашақ қажыларға теориялық әрі тәжірибелік тұрғыда дәріс ұйымдастырылып, қажылық амалдары жан-жақты түсіндіріледі. Қағбаны қалай тауап жасау қажет, ихрамды (ақ матаны) қалай орану керек, т.б. сұрақтарға практика тұрғысынан жауап беріледі. Мүмкіндігі бар кісілерге осы орталықтан арнайы дәріс тыңдауға кеңес береміз.
baq.kz