Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

0 2  134

Бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде «Астанадан нұрлы сапарға ақ жол» қажылық  сапарға Астана қаласынан жол жүретін қажыларды шығарып салу шарасы өтті. Шараға бес парыздың бірі –  қажылықты өтеуді ниет еткен мұсылмандармен қатар ҚМДБ-ның Жастар және жалпы бөлім меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, ҚМДБ-ның мешіт істері бөлімінің меңгерушісі, «Тауаф» фирмасының директоры Жанділда Бекжігітов және «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазанов, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Әділ Агитаев  қатысты.

Игі шарада биыл Астана қаласынан  қажылыққа баруға ниет еткен 410  қажыға қажылық сапардың Исламдағы орны, оның әдептері мен қағидалары мамандар тарапынан жіті түсіндірілді. ҚМДБ-ның Жастар және жалпы бөлім меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы қажылықтың мол сауабы мен кейбір қиындықтарын айта келе:

«Бүгінде діни басқарма тарапынан қасиетті қажылық сапарына үлкен маңыз беріліп, қызмет сапасын арттыруға ден қойылды. Бас мүфтиіміз осы мақсатта арнаулы Қажылық миссиясын құрып, оның құрамына сіздердің қызметтеріңізге білікті де білімді дін мамандарын қосты. Сіздер Алла Тағаланың шақыртуымен қажылық сапарға барғалы тұрсыздар. Аллаға сансыз шүкіршілік, біз өте бақытты елміз. Қаншама дамыған Ислам мемлекеттерінде жыл сайын қажылық сапарға бару біздікіндей оңайға соқпайды. Мәселен, Түркия мемлекетінде жыл сайын жетпіс мың адамға дейін қажылар аттанғанымен олардың өзі сол мүмкіндікке үлкен қиыншылықпен қол жеткізеді. Өтінім берген адамдардың тек аты-жөні аталғандары ғана қажылыққа бара алады. Және қажылыққа бір барған адам екінші мәрте тек арада бес жыл уақыт өткен соң ғана бара алады. Қанша ақшасы бар болса да, бұл сапарға тек Алланың назары түскен жандар ғана бара алады. Және қажылықты бара жатқанда сіздердедемалуға бара жатырмын деген ой мүлде болмауы керек. «Мына жер таза емес екен ғой, мына жер демалатын жер емес екен ғой. Мен бұл жерге құлшылық жасау үшін емес, ата-бабама құран бағыштауға келіп едім» деген сияқты қате пікірлерді айтып қалатын адамдарды да кездестірген едік. Сіздер сапарға аттанар алдында ниеттеріңізді түзеп алуларыңыз қажет. Алла Тағала ниеттеріңізді, құлшылықтарыңызды қабыл еткей!», – деп қажыларға сәттілік тіледі.

hadj jinalis (6)

Тұңғыш рет қажылардың барып-келу міндетін өз мойына алған «Тауаф» компаниясының басшылығы да қажылық туралы ойларымен бөлісті.

«Асыл дінімізді дәріптеп, имандылықты насихаттауға осындай кеңшілік берген әуелі Алла Тағалаға мақтау-мадақтар болсын. Бес парыздың бірі саналатын қажылық сапарына мемлекетіміз де дәстүрлі дінімізге үлкен қамқорлық танытып келеді. Жыл сайын қажылыққа баруға ниетті жандар қатары артуда. Бүгінде ел тарихында тұңғыш рет Сауд Арабиясына елімізден тікелей әуе рейстері іске қосылып отыр. Осы мақсатта діни  басқарма көп жылдан бері ниет еткен туристік компания биыл құрылды. Мақсатымыз бизнеске, туристік сапарға айналған ұлы құлшылық сапарын өз деңгейінде халыққа паш ету. Жалпы, қажылыққа ниет еткен азаматтардың құлшылығын өз деңгейінде атқаруға көмектесу. Сіздерге қасиетті қажылық сапарына аман барып, Отанымызға есен оралуларыңызға тілектестік білдіреміз және компания атынан барынша атсалысамыз», – деді «Тауаф» қажылық компаниясының директоры Жәнділла Бекжігітов.

hadj jinalis (13)

Бірнеше мәрте қажылық сапарға барып, парызын өтеген тәжірибелі маман, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Әділ Агитаев та өз тәжірибесімен бөлісе келіп, жиналған жамағатқа төмендегідей пайдалы, керек кеңестерімен бөлісе кетті:

«Қажылық біздің ата-бабаларымыз армандап, жете алмай кеткен қасиетті мекені. Аллаға сансыз шүкіршілік, бізге осындай ұлы мүмкіндік беріліп отыр. Пайғамбарымыздың аяғы тиген жерлерге барғалы отырсыздар. Қажылық аса үлкен сабырлықты қажетететін құлшылық. Ол жақта тамақ кешігіп қалуы мүмкін, автобус кешігіп келуі мүмкін, сондай жағдайда бір-бірімізге тілімізбен, ісімізбен зиян тигізбес үшін сабырлы болуымыз керек. Алла бұйыртса, дұғалар кері қайтарылмайтын Арафат тауына барасыздар, Ибрахим пайғамбар құрбандық шалған жерде құрбандық шаласыздар. Бұл қажылықтың өзіне тән қиындықтары да кездеседі. Сіздер демалуға емес, құлшылық жасауға бара жатырсыздар. Құлшылық бұл – қиыншылық. Кейбір адамдар айтуы мүмкін, мен ақшамды көп төледім, неге маған соған лайықты мүмкіншілік жасамайды деп. Жоқ, ол жерде әр адам өзіне жағдай жасайды. Және бірінші рет барған қажылықтың әсері өте ерекше болады. Сіз мейлі, он рет, жиырма рет бара беріңіз, бәрібір бірінші рет барғандағы әсеріңіз есіңізде қалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қабыл болған қажылықтың сыйы – Жәннат екенін айтып, сүйіншілеп кеткен еді. Сіздердің қажылықтарыңыздың қабыл болғанының бір белгісі  – сіз қасиетті мекеннен жақсы жағына қарай өзгеріп келесіз, иманыңыз көтеріліп келеді. Әрине, Алла ғана Білуші. Әрбіріңіздің қажылықтарыңыз қабыл болғай! Алла Тағала сапарларыңызды сәтті еткей!», – деп ақ жол тіледі.

hadj jinalis (10)

Қажылыққа аттанғалы жатқан отандастарымыздың жүзінен қобалжумен қатар қуаныш байқалады.

«Алла қаласа, бұл менің  – үшінші қажылығым. Алланың разылығы үшін, ата-анамның разылығы үшін үшінші қажылығыма «Тауаф» қажылық компаниясымен алғаш рет барғалы тұрмын. Осы қажылық компаниясының ҚМДБ жанынан ашылып, халыққа қалтқысыз қызмет етуге ниет білдіргені үшін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына алғысымды білдіремін. Алла қаласа, қасиетті Қағбаға жеткенде ең бірінші елімнің амандығын тілеймін. Барша қазақстандықтар үшін, Елбасымыз үшін, отбасым үшін дұғада боламын», – деп ағынан жарылды Атырау қаласынан келген Жұмагүл Нәсиқызы.

hadj jinalis (1)

Шара соңында «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Нұрлан Рамазанов жиналған жамағаттың сапарларына сәттілік тіледі. Айта кетейік, бүгін кешке Астана халықаралық әуежайынан ұлық ғибадат – қажылыққа Астана қаласынан 400-ден аса Қазақстан азаматы сапарға шығады.

«Нұр Астана» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

hadj jinalis (3)

hadj jinalis (5)

hadj jinalis (4)

hadj jinalis (7)

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.