Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ХАҚ ДІН – ТҰРАН ӨЛКЕСІНДЕ

0 4  820
Біз келешек туралы ой-толғағанда әрдайым өткен өмір өнегелеріне көз жүгіртіп отыруымыз керек. Тарих тағылымы – адами тұрпаттың барометрі іспетті. Саясат, экономика, мәдениет, тіпті әлеуемттік мәселелердің де шешімді жолының түп-бастауы тарих парақтарында бедерленген. Әсіресе, биік өре, ұлы мұрат жолында өзіндік қолтаңба қалдырған жайсаңдардың ізгі жолы, тәлімге толы ғұмыры сөз жоқ мұқым жұрттың әжетіне жарайтыны айпарадай анық жайт.

Өзінің жауынгерлік өр рухымен төрткүл дүниені тітіреткен түркілердің Хақ дінмен бетпе-бет келуі, танысуы, табысуы, қабылдауы айға ай жалғап жырлайтын толғауы тоқсан тарихи дастан екені көзі қарақты жанға белгілі. Орта ғасыр жазбаларында табиғаты қатігез, темірдей қатал, жауын аяусыз жаныштайды деп суреттелген түркілерді Хақ діннің жалыны балқытып, қойны-қонышына енген иман нұры жауынгер халықтың беталысын жаңа арнаға бұрды. Десе де, түркілер бір күннің ішінде Хақ дінді қабылдай салған жоқ.  

Кемеңгер халифтар (хз. Әбубәкір, хз. Омар, хз. Осман, хз. Әли) билік құрған (632-661 жж) дәуірде Хақ дін жаһанға фатх жорықтары арқылы таратылды. Алайда, кемеңгер халифтар тұсында мұсылман қосыны түркілермен бірнеше рет бетпе-бет келсе де, оларға қарсы қару көтеріп, жортуыл жасаған жоқ. Себебі, Алла Елшісі (с.а.у): «Түріктер сізге тисіпейінше байқаңыз сіздерде түріктерге тиіспеңіз…» деп қатаң ескерткен болатын. Мысалы, Омар халиф құрған кезеңде (634-644 жж) мұсылман қосыны Ирандағы Сасани патшалығының әскерін тықсыра қуып, 642 жылы Жейхун өзеніне дейін жетіп, Мәуреннахр шекарасына тұмсық тіреген еді. Осы тұста Омар ибн Хаттаб мұсылман қолбасшысы Ахнаф ибн Қайсқа хат жазып, Жейхун өзенінен ары өтіп, түркілермен қақтығысуға тиым салды (Табари, IV том, 168 б).

Әйтсе де, кемеңгер халфитардан кейінгі Омая билігі (661-750 жж) тұсында араб-түрік қатынастары шиелінісе түсті. Мәуреннахрға қоңсы Хорасан өлкесі Омар ибн Хаттаб билік құрған кезеңде ислам халифатына қараған еді. Омаядтар билігі тұсында осы Хорасан өлкесінің әміршілері Мәуреннахр қалаларына шабуыл жасай бастады. Мысалы, Хорасанның 673-680 жылдары әміршісі болған Үбайдулла ибн Зияд бірнеше рет Бұхараға, 680-683 жылдары Хорасан әміршісі Сағид ибн Осман Самархандқа, Сәлим ибн Зияд 683 жылы Бұхараға, Хажжаж ибн Юсуб 689 жылы Термезге узурпациялық (басып алып, отар ету) мақсатта шабуыл жасады. Хорасан әміршілерінің бұл әскери жорықтары түркілердің тегеурінді қарсылығына тап болып, көбіне нәтижесіз аяқталып отырды. Тек Хорасанға Құтайба ибн Муслим (705-715 жж) әмірші болып тағайындалғаннан кейін Мәуреннахрдың едәуір бөлігін біржолата жаулап алу жорықтары жасалды. Атап айтар болсақ, Құтайба ибн Муслим 706 жылы Пайкентті, 708 жылы Бұхараны, 711 жылы Самархандты, 715 жылы Ферғананы бағындырды.

Құтайба ибн Муслимнен кейін Хорасанға Язид ибн Муһаллаб (717 ж), Сағид ибн Харис (720 ж), Асад ибн Абдуллаһ әл-Қусри (726 ж), Ашрас ибн Абдуллаһ ал-Сулами (728 ж), Жунайт ибн Абдрухман (729 ж), Наср ибн Сайиар әл-Кинани (738 ж) әмірші болды. Олардың кезінде де Мәуреннахрға оқтын-оқтын жорықтар жасалды. Бірақ, Түркі билеушілері Омая узурпациясына қарсы ұдайы бас көтерді. Бір сөзбен айтқанда түркі қауымы күштеп таңғысы келген дінді қабылдай алмады.

Десе де, 751 жылы Қытайдың Тан династиясы Орталық Азияға басып кіргенде мұсылман әскері түркілерге көмекке келіп, бұл біріккен қосын «Талас ғазауатында» зор жеңіске жетті. Ғасырға жуық уақытқа созылған араб-түркі соғысы «Талас ғазауатынан» кейін біршама саябырсыды. Әлбетте, түркі халықтарының арабтарға қарсылығы үзілді-кесілді тоқтады деп кесіп айту қиын. «Насабнамада» Ысқақ ат-Түрік бастаған мұсылман қолының 768-780 жылдар аралығында жергілікті түркілермен соғысқандығы айтылады. Дегенмен, «Талас ғазауатынан» кейін исламның таралуына кедергі азайып, Хақ дін кеңінен қанат жая бастады (Қараңыз: «Талас ғауазатының» тарихи рөлі аса маңызды. http://e-islam.kz/interview/item/10791-m-khan-isakhan-talas-azauatyny-tarikhi-roli-asa-ma-yzdy). 

Жалпы, алғашқыда түркілерге исламды тарату үшін фатх жорықтары жасалды дедік. Омая билеушілері түркілердің саяси билігін құлату арқылы исламды Мәуреннахрға жерсіндірмек болды. Ислам дінін фатх жорықтары насихаттау Иран жерінде өз жемісін бергенмен, бұл әдіс түркілер үшін өтімсіз болып шықты. Себебі, түркілер бұрын-соңды ешбір елдің отарына түспеген, рухы азат, жауынгер халық болатын. Ал, жүрек қалауымен ғана бойға сіңетін дін деген нәзік дүниені күшпен таңу түркілердің табиғатына қайшы-тын.

Омая билігінің фатх жорықтары көздеген нәтижесіне қол жеткізбегенмен, түркілер осы кезеңде Хақ дінмен танысу үдерісін басынан кешірді. Түркілер қан майдандағы соғыста иілікпегенмен, жаңа дінмен танысу барысында исламның құшаққа тартып алып кететін илаһи күш-құдіретіне қарсы тұра алмады. Осының негізінде түркілерде исламдану процесі басталды. Бұл жаңа бет-бұрыс әлбетте түркі руханиятындағы ілкімді ілгерлеудің бастауы еді.       

Жұманазар қари Садырханов,

Сәдуақас Ғылмани мешітінің бас имамы

 # # # # # # # # # # # # #

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтта тіркелуіңізді немесе құпиясөзді қолданып, кіруіңізді ұсынамыз.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.