Бүгін Елордада Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен Діни білім және кадр дайындау орталығы ашылды. Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице министрі Берік Арын, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дін қызметкерлері қатысты.
Орталық демеуші азаматтардың көмегімен салынған. Екі қабатты ғимараттың дәрісханасы, асханасы, жатақханасы бар. Білім алам деген имамдар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Бүгінде кәсіби білім алып жатқан 60 имам Құран, хадис ілімдерінен бөлек шешендік өнер, бухгалтерлік есеп жүргізу, дін қызметкерінің этикасы, халал стандарт, психология, діндер тарихы, діни талас-тартыс мәселелері сынды пәндерден дәріс тыңдауда.
Айта кетейік, ҚМДБ ауыл мен аудандағы имамдардың білім деңгейін, кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында өткен жылы облыс орталықтарында 204 рет көшпелі семинар ұйымдастырды. Оған 2968 дін қызметкері қатысқан. Ал Алматыдағы имамдардың білім жетілдіру Ислам институтындағы 2 айлық курста 270 имам білімі мен тәжірибесін шыңдады.
ҚМДБ баспасөз қызметі