Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ЕЛІМІЗДІҢ БАС МЕШІТІНДЕ МӘУЛІТ ОҚЫЛДЫ (ФОТО)+

0 3  609
Бүгін, қасиетті жұма күні Астана қаласындағы  республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Мәуліт жыры оқылып, екі дүние сардарына (с.ғ.с.) сансыз салауаттар жолданды. Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) туылған Мәуліт айының құрметіне орай жұма намазына жиылған қалың жамағатқа құрма жемісі таратылып, Әз пайғамбар (с.ғ.с) жайлы ақпарат парақшасы үлестірілді. Пайғамбар (с.ғ.с.) ғұмырынан сыр шертетін мәуліт жырын ҚМДБ-ның төрағасының бірінші наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, «Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар Өсерханұлы және «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Ерлан Базарбайұлы оқып жеткізді.

Мешіт жамағатына мерекелік көңіл-күй қалыптастырып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннетімен сыйлық үлестірген Мәуліт мерекесі республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде тұрақты осылай өткізіліп келеді. Адамзаттың асыл тәжі болған ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры жайлы жамағаттың мағлұматы мол болса, жүректерде бүрленген имандылық пен ізгіліктің көбея түсері сөзсіз емес пе?! Осы орайда, жамағатқа таратылған ақпарат парақшасындағы мақаланың маңызы ерекше болғаны даусыз.

Мыңдаған жамағатпен бірге Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, дұға жасалғаннан кейін мешіт мінберіне «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, ҚМДБ-ның төрағасының бірінші наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы көтеріліп, саңлақ сахабалар турасында уағыз айтты. Әз пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі мен айналасындағы адал достары жайлы сыр шерткен ғибратты уағыздың бүгінгі күннің маңызын арттыра түскені анық.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.