Жиналыс күн тәртібі аясында, алда келе жатқан қасиетті Шағбан, Рамазан айларына дайындық мәселесі талқыланды. Бас имамдар Рамазан айындағы өкілдіктің бастамасымен атқарылар бір айлық жұмыс барысын ақылдасты.
Мешіттер үшін Рамазан айы – әр жылдың ең қарбалас сәті, қауырт іс-шаралардың, қызу жұмыстың кезі. ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы Рамазан айындағы іс-шаралардың мәні мен маңызына тоқталып, Елорда имамдарының атқарар жұмыстары мен арқалайтын жүгінің салмақты екенін еске салды.
Өкіл имам Рамазан айында Елорда мешіттеріндегі ауызашар ұйымдастыру, тарауих намазын жүйелі өткізу, ай бойы Құран Хатымға өтетін қариларды дайындау, іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу, мешіт іші-сыртындағы тәртіп пен тазалықты қадағалау, т.б. дайындық жұмыстарына кірісу жөнінде бас имамдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Осылайша, Арқаның төсінде, айбынды астанамызда қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстары басталды.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі