Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти ұсынысымен ҚМДБ-ның өкіл имамдары Нұр-Мүбаракта бас қосты

0 1  969

Оқу жылының аяғы жақындап қалған соң Нұр-Мүбарак университетінің түлектері алдында 4 жылдық білімдеріне сай елге қызмет көрсету мәселесі көтеріледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл істі тұрақты жолға қойғандықтан, биыл Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың ұсынысымен еліміздегі бүкіл өкіл имамдар болашақ түлектермен бір мезгілде бас қосты. Наиб мүфти Алау Әділбаев:

«Түлектерді жұмыспен қамту ҚМДБ-ның стратегиялық басты бағыты әрі міндеті. Сондықтан түлектер жұмыссыз қалмау керек, бірақ олардың жоғары білімді де білікті болулары үшін сынақтар күшейтіледі», – деп жастарға міндеттің маңыздылығын салмақтады.

Университеттің Аппарат жетекшісі Рахымжан Әкімбеков биыл 182 түлек оқуды тәмамдап, әуелі оқуға түскен кездегі келісім бойынша олар 3 жылдай елге қызмет етулері тиіс. Сондықтан бұл кездесу тек түлектер, өкілдер үшін ғана емес бүкіл еліміздегі имандылықты артытруда маңызы зор екендігін атап өтті. Ал өкіл имамдар бірінен кейін бірі шығып, аймаққа қажетті  жұмыс орындары жайлы алға тартып, әрі түлектер арасында кездесетін кей мәселелерге байланысты ортақ келісімдерін ұсынды. Мысалы, Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шохаев Алматы қаласына қалуға ниет білдірушілердің баршылық екендігін алға тартып болашақ мамандарға:

«Өңірлерге барыңдар, Өңірде шынайы өмір бар, шынайы тіршіліктің тетігі жатыр. Сендер ауыл-аймаққа керексіңдер. Алла өмір берсе, Астанаға да, Алматыға да келесіздер», – деп өз тәжірибесімен бөлісті. Ал кеше ғана 19 студентпен келісімшарт жасаған қызылордалық өкіл Болатбек Абуов:
«Бас мүфти тапсырмасымен біз де аймаққа аттандық. Құрметті студенттер, осы университетте біраз өздеріңмен жұмыс жасағандықтан сендердің жағдайларың біршама таныс. Мемлекеттік грантта оқығаннан кейін оның ақысын өтеу керек. Сіздерге тек мемлекет қана емес, ауылдағы ағайынның да ақысы бар», –  деп жастардың жігерін қайрады. Ал қостанайлық өкіл Бахытбек Тәжімбет:
«Әлден жағдай жасауды, айлық, жалақы сұрап жатқан түлек керек емес, бізге нағыз Алла жолында, ел игілігі үшін қызмет ететін жастар керек», – деп жас түлектердің намысын қайрап өтті.

Кездесу соңында аймақтық өкіл имамдар мен болашақ түлектер өзара кездесіп, болашақ жоспарларымен бөлісті.

Айша КЕҢЕСБАЙ Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.