بِسۡمِ ٱللهِ ٱلرَّحۡمَـٰنِ ٱلرَّحِيمِ
Жұманазар Садырханов,
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
«Рамазан» – араб тілінде «рамза» сөзінен келіп шығады. «Рамза» – сөзі тілдік тұрғыда «аптап ыстық» немесе «күн сәулесі түсіп, ысыған тас» деген мағынаға саяды. Терминологиялық тұрғыда «рамазан» – «аптап ыстық түскен мезгілдегі ай» деген ұғымды білдіреді. Әсілі, қазақ тіліндегі «ораза» сөзі парсы тілінен енген. Парсышада «руза» сөзі «әрбір күн» деген мағынаны білдіреді. Ал, «ораза» сөзі араб тілінде «саум» деп айтылады. «Саум» – бір нәрседен алшақ тұру, адамның өз-өзін қатаң бақылауда ұстауы дегенге саяды.
«Саум» сөзінің шариғи тұрғыдан алғанда, мынадай бірнеше мағыналары бар:
Біріншіден, «саум» деп шариғат міндеттері мойнына жүктелген мүкәлләфтың (кәмілет жасына толған, ақыл-есі сау мұсылман) таң сәрісінен (ақ пен қара жіптің түсі айырылатын мезгіл) күн ұясына батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тиылуын айтамыз.
Екіншіден, «саум» таң атқаннан кеш батқанға дейінгі аралықта ауыз бекітіп, тиым салынған нәрселерден тиылу, яғни, харам етілген дүниенің бәрінен аулақ болуды айтамыз. Себебі, Пайғамабармыз (с.ғ.с): «Кімде-кім ораза қарсаңында күнәлі сөз бен күнәлі істен өзін тия алмаса, оның жеп-ішуден тиылғанының еш пайдасы жоқ»,– деп ескерткен болатын.
Ораза тұтудың тарихын тарқатар болсақ, бұл құлшылық Хақ Тағала тарапынан Мәдина кезеңінде хижраның екінші жылының шағбан айында Бәдір соғысынан кейін парыз етілді. Мекке кезеңінде мұсылмандар әрбір айдың толған шағында (14-15-16) үш күн ораза ұстайтын. Муаз ибн Жәбал, Ибн Мәсғұд пен Ибн Аббас секілді мәшһүр сахабалардың айтуына қарағанда әрбір айда үш күн ауыз бекіту салты Нұһ (с.ғ.с.) пайғамбар заманынан басталған. Осы діни жора Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дәуіріне дейін жалғасып келді. Алайда, Мәдина кезеңіне аяқ басқан хижраның екінші жылы мұсылмандарға бұл ғибадат басқа өлшемдермен парыз болып бекіді. Бұл жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, иман еткендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етiлдi» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп бұйырған еді.
Имам Ахмад ибн Ханбалдың айтуына қарағанда, көш реформасынан кейiн мұсылмандардың өміріндегі намаз оқу мен ораза тұтуда үш өзгерiс орын алған. Оларға тоқталар болсақ, намаздағы бiрiншi өзгерiс – Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намазды Құдысқа қарап оқитын. Ал, Мәдинаға көшiп келгеннен кейiнгi алғашқы жылы құбыла Меккедегi қасиеттi Қағба болып өзгертiлдi. Намаздағы екiншi өзгерiс – Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намаз оқуға бiр-бiрiн дауыстап шақырып жататын. Мәдина дәуiрiнде Абдулла ибн Зейд (р.а.) деген сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келiп, намаздан бұрын азан шақыру мен қамад келтiрудi түсiнде жасыл киiмдi адамның келiп үйреткенiн баяндайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түстi қош көрiп, әрбiр намаздың алдында дауыстап азан шақыру мен қамад айтуды қабыл алды. Намаздағы үшiншi өзгерiс – Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намаздың тек парызын ғана орындайтын. Ал, Мәдина дәуiрiнде мұсылмандар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) артық бас намаз оқитынын аңғарып, Оған (с.ғ.с) еріп, сүннет намазын да оқуды дәстүрге айналдырды.
Ораза тұтудағы үш өзгерiске келетiн болсақ, бiрiншiден, мұсылмандар ораза тұту туралы жоғарыдағы аят түскенге дейiн де әрбiр айдың үш күнiнде және ашура күндерi ораза ұстайтын. Ал, Мәдина дәуiрiнде тұтас Рамазан айында ауыз бекiту парыз болып бекiдi. Екiншiден, науқас және сапарда жүргендер мен қарттар, сондай-ақ, сәбиiн емізетін аналар, өзге ауыз бекiткен мұсылманның ас-ауқатын берген болса, ораза тұтудың орнын толтырған болып есептелдi. Үшiншiден, мұсылмандарға ауыз ашып болғаннан кейiн жұбайларымен жақындасуға рұқсат берiлдi (Ибн Кәсир, Тәфсир. I т. 142-143 б).
Рамазан – құлшылық һәм мейрім мен рахым айы. Бұл туралы Хақ Елшісінің (с.ғ.с) мүбарак хадистері:
«Ең үлкен жиһад – ыстық күнде ұсталынған ораза».
«Адам оразаның артықшылығын білсе, жыл бойы ауыз бекітер еді».
«Жұмақ, әрбір рамазан келген сайын жаңа әшекейлермен безендіріледі».
«Рамазан сондай бір ай – басы рахмет, ортасы мағрипат, соңы тозақ отынан құртылу».
«Ораза – сабырдың жартысы».
«Кімде-кім рамазан айында ораза тұтып, харам нәрселерден және біреуге жала жабудан сақтанса, Алла оған разы болып, жұмақты оған парыз қылады».
«Ораза – құл мен Алла арасындағы құлшылық. Оны Алладан басқа ешкім біле алмайды».
«Жұмақтың Райиан атты қақпасы бар. Ол қақпадан тек ораза тұтқан адам кіреді».
«Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ораза тұтқан адамға біреу тиіскен уақытта, ол: «Алланың сәлемі болғай, менің бүгін аузым берік» десе, Алла Тағала былай деп бұйырады: «Ораза тұтқан құлым маған табынды, оны тозақ отынан сақтап, жұмаққа кіргізіңдер».
«Кімде кім Рамазан айында ораза тұтып, харам нәрселерден сақтанар болса, Алла оның жасаған күнәларын түгел кешіретін болады».
Түйін: Көріп байқағанымыздай Рамазан айында шын ықыласымен ауыз бекіткен мұсылман Хақ-Тағаланың мейрім-рахымына бөленіп, біліп-білмей істеген күнәлары кешіріліп, жасаған бұл ғибадаты оны жұмаққа жетелейді. Рамазан мұсылманды сабырлыққа баулиды. Сабырлық сауапқа кенелтеді. Ал, мол сауапқа кенелген мұсылман екі дүниеде де Хақтың разылығына ие болады. Олай болса, ораза тұтып, құлшылыққа ден қояйық ағайын!