Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

САПАР ЖАЙЛЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

0 2  099

Негізінде, сапар шегу – қашқан нәрсеңнен құтылудың және қызыққан нәрсеңе жетудің бірден бір жолы. Жолаушылықтың екі түрі болады. Бірі – тұрғылықты қонысыңнан сахара мен елсізге тәнің арқылы сапар шегуің. Екіншісі – төмендердің төменінен аспан әлеміне жүрегіңмен саяхат жасауың. Осы жүрекпен, руханиятыңмен жасалатын сапардың тәніңмен жасалатын сапардан гөрі қадірі жоғары. Себебі, жас күніндегі санасымен тежеліп тоқтаған, ата-бабасынан көрген ұстанымдарға қатып қалған адам нағыз төменгі дәрежеге жабысып, нұқсан мәртебеге қанағат етіп, ғарыштың кеңістігін (яғни, ені аспандар мен жердей болған жәннатты) зынданның қараңғылығы мен тар қапасқа айырбастаған адам болады. «Кемелдікке шамасы жете тұра, кем қалудан асқан айып көрмедім» деген адам еш күмәнсіз ақиқатты айтқан.

Алайда, бұл сапарға бел байлаған адам әртүрлі қатерлерге жолығатындықтан жолбастаушы мен сақшыға міндетті түрде мұқтаж болады. Жолдың шырғалаңдығы, жолбасшы мен сақшының болмауы, жолаушылардың қолына түскен аз пайдаға қанағат етіп, мол несібеден бас тартуының салдарынан бұл жолаушылық ұмыт қалды. Бұл сапарда жолдас болар жан қалмады. Афақ (сыртқы дүние және материалдық әлем) пен әнфустың (адамның ішкі дүниесі және рух әлемі) және мәләкут әлемінің (рухтар әлемі) саяхат орындары жолаушыларсыз бос қалды. Алла Тағала осыларға шақырып:

«Құранның нағыз шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?» (Фуссилат, 53),
«Жер жүзінде нақ сенушілерге дәлелдер бар. Сондай-ақ өздеріңде де бар. Көрмейсіңдер ме?» (Зарият, 20-21) деген.

Әрі аталмыш сапардан тартынып кейін қалғандарды айыптап:

«Әрине таңертең олардың жанынан өтіп жүресіңдер. Әрі түнде де. Сонда да түсінбейсіңдер ме?» (Саффат, 137-138),
«Көктерде және жерде қаншама дәлелдер бар. Адамдар оған көңіл бөлмей өтеді» (Юсуф, 105) деген.

Кімде-кімге осы сапар нәсіп болса, онда ол денесі бір орнында, өзі елінде тұрғылықты бола тұра, кеңдігі аспандар мен жердей болған жәннатты тамашалап серуендей береді. Бұл сапар – өткелдер мен жолдар тарлық етпейтін, сығылысу, кептелу деген нәрселер зиян бермейтін сапар. Керісінше, жолаушылардың көбеюімен олжалары арта түсетін, пайдалары мен жемістері есенеле беретін бір сапар. Олжалары бітпейтін, таусылмайтын, жемістері жұлған сайын көбейе түсетін сапар. Тек қана жолаушы өз сапарында босаңсып енжарлық етпеуі, әрекетін тоқтатып тежелмеуі керек. Олай болған жағдайда бір қауым өздеріндегі нәрсені өзгертпейінше, Алла Тағала оларға берген нығметін өзгертіп, алып қоймайтындығын естен шығармасын. Егер олар ақиқат пен тура жолдан тайқыса, Алла Тағала да олардың жүректерін туралықтан тайдырып қояды. Алла құлдарына әділетсіздік жасаушы емес. Бірақ, пенделер өз нәпсілеріне әділетсіздік жасайды.

Осы әнфус, афақ, мәләкут әлемінде жүрекпен рухани сапар шегуге қабілетті болмаған адам көп жағдайда денесімен сапар шегеді. Ол тән сапарында ұзақ уақыт өткізіп, біршама қашықтықты басып өтіп, дүниелік саудасына немесе ақыреттік сауабына қол жеткізеді. Егер мақсаты білім мен дін немесе діні үшін жеткілікті нәпақа табу болса, онда ол адам ақырет жолының жүргіншісі болып саналады. Бұл адамның сапарының өз әдептері мен шарттары бар. Егер осы әдептер мен шарттарды тәрк ететін болса, онда дүниені қуушы, шайтанның ізінен еруші болады. Ал, егер, сапардың әдептері мен шарттарын әрдайым сақтайтын болса, онда оның сапары ақырет үшін амал еткендердің қатарына қосатын пайдалардан ада болмайды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.