Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жұма уағызын бас мүфти жүргізді (фото)

0 797

12 қараша. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде жұма уағызын жүргізді, деп хабарлайды Sunna.kz тілшісі.

Күндердің сұлтаны жұмада «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне арнайы келген Бас мүфти алдымен «Дінге беріктік (истиқама)» тақырыбында уағыз айтты. Әрбір мұсылманның өмірінде маңызды болған дінге беріктік мәселесіне тоқтала келіп:

«Пенденің Жаратушысын танып, ақиқатты мойындап, тура жолға түсуі – Алла Тағаланың ол үшін берген ең үлкен нығметі. Алайда, адам баласының табиғатында әлсіреу, өзгеру сынды сипаттар бар. Осы себепті кей адамдар өзіндік ұстанымынан ауытқып, орындап жүрген құлшылықтарына енжарлық танытып, тастап қойып жатады. Бұлай істеу – қанша уақыт қиналып үй тұрғызып, кейін оны бұзып тастаудың мысалына ұқсас» деді Бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы момын-мұсылмандардың дінге берік болуына, тура жолдан айнымай жүруіне себеп болатын амалдар жайында арнайы тоқталып өтті.

Одан кейін жамағатқа имам болып жұма намазын оқыған ҚМДБ төрағасы ел мен жердің амандығы, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы үшін арнайы дұға жасады.

Бас мүфти уағызын тыңдаған мешіт ақсақалдары намаз соңында ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.