Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Имам Матуриди кім?

0 332

Матуридилік мектептің негізін қалаушы Әбу Мансур Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди (шамамен һ. 238/ м. 862 жылы) Самарқандтың Матурид деген ауылында дүниеге келген. Имамның өмірі жайында мағлұмат өте аз.

Имам Матуридидің еңбектеріне қарай отырып, оның калам, мәзхабтар тарихы, фиқһ әдістемесі мен тәпсір саласында өзіндік орны бар ірі ғалым екендігін пайымдауға болады. Еңбектеріндегі тұжырымдарын жоғарыда айтылған әһли сүннеттің басты қағидаларын әрі нақилге (Құран аяттары мен хадистерге) сүйеніп, әрі ақли дәлелдер арқылы жүйелеген. Әсіресе, ол кісі муғтазила мен шииттік түсініктегі мұсылмандарды қатты сынға алған (Сайм Клавуз, ж.к.е., 301-бет).

Әбу Мансур әл-Матуриди Ханафи мәзхабын ұстанатын ортада өскендіктен әрі фиқһта, әрі ақидада (сенімде) Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүрген.

Әбу Ханифа фақиһ болуымен қатар, ақида саласындағы ғалымдардың да алғашқыларының бірі екендігі мәлім.

Сондықтан Имам Матуриди Ханафи мәзхабын ұстанып, ақидада Әбу Ханифаның пікірлерін одан ары дамыта отырғаны түсінікті. Бір жағы соны ескергендіктен болар, калам ғалымдары «Матуридилік» деп аталатын мектептің негізін қалаушы ретінде Әбу Ханифаны атайды.

Ал Имам Матуриди болса, Әбу Ханифаның айтып кеткен негіздерін ақли және нақли (аят пен хадис) дәлелдермен қуаттап, талдап, жүйелеп бір ізге түсіруші ретінде танылған (Әл-Баяди, Кәмәладдин Ахмәд бин Хасан бин Синанеддин, Ишар-тул мәрам, Мысыр, 1368/1949, 23 бет).

Ислам әлемінде хижри жыл санауының ІІ ғасырынан бастап пайда болған адасқан мәзхабтарға, соның ішінде әсіресе ақылды көбірек қолданатын Муғтазила мәзхабына классикалық әдіспен төтеп беру біршама қиын болды.

Мұндай әдіспен Әһли сүннет сенімін қорғау жеткіліксіз еді. Неге десеңіз, классикалық, яки дәстүрлі әдісте ақыл ақида мәселесінде негізгі рөл ойнамайды. Осыдан келіп, әһли сүннет сенімін қорғау жолында жаңа бір әдіске мұқтаждық туды.

Яғни, иман негіздерін түсіндіруде аят пен хадиске қоса, ақылға да орын беру керек болды. Өйткені логикалық талдаулар жасалып, мәселенің мазмұнын ашу, мақсатын түсіндіре білу қажеттілігі туды. Осы бағытта Матуриди және Әшғари мектептері қалыптасады.

Имам Матуриди ақида саласында аят пен хадиске қоса, дінді түсіндіруде ақылды да қажетті қағида ретінде пайдаланды. Матуридилер бірқатар мәселелерде алғашқы ғұламалардың тәсілін ұстанғанымен, Әшғарилерге қарағанда ақылды көбірек қолданды.

Дегенмен, имам Матуридидің тәсілі бойынша ақылды өз орнымен қолданып, оған шектен тыс басымдық беруге жол бермеу қажет (Сайм Клавуз, Акиф Көтен, Осман Четин, Хүсейн Алгүл, ж.к.е., 81-бет).

Имам Матуриди ақылға біршама мән бергенімен, муташабих (ұғымын Аллаһ пен Оның елшісі білетін) аяттардың тәпсіріне келгенде (Әбу Ханифа ұстанымынан ауытқымай) жорамал (тәуил) жасамайды. Мысалы: «Ол Рахман, аршыға үстемдік етті»(20.Таһа-5) аятындағы «истауа» сөзі муташабих аят болғандықтан, бұл сөзді түсіндірген кезде алдымен аят жайында түрлі теңеулер жасаған кісілердің көзқарасын айта келіп, олардың пікірлерін теріске шығарып, мынадай тұжырым жасайды:

«Бұл мәселедегі біздің ойымыз Аллаһ Тағала «Еш нәрсе Оған ұқсамайды» (42.Шура-11) деп, айтқан сөзі арқылы Аллаһтың жаратылғандарға ұқсамайтындығын білдіруде. Аллаһ жаратылғандарға ұқсаудан пәк. Біз де жоғарыда Аллаһтың фиилінде және сипатында ұқсастықтан пәк екендігін айтып өттік. Олай болса, біз Рахманның Аршға истиуасы (үстемдігі) жайында Құранда айтылған күйінде қабыл етуіміз керек.

Бұл аятты мынадай мағынаға келеді деп айта алмаймыз. Өйткені жоғарыда келтірілген тәуилдердің (жорамалдардың) қандай да біреуі сәйкес келіп қалуы мүмкін болса, дәл солай адамның санасы жете бермейтін басқа да бір мағынаға сай келу ықтималдығы да бар.

Сондықтан, Аллаһ аятта қалай келтірсе, біз де дәл сол күйіне иман етеміз». Имам Матуриди муташабих аяттарға түсініктеме беруді дұрыс көрмегенімен, беріректегі бірқатар әһли сүннет ғалымдары ол аяттарға түсініктеме берген. Дегенмен, бұл қарапайым халықтың аяттағы ұғымды басқаша мағынаға жорамалдауының алдын алудан туындаған қажеттілік болатын.

Алайда, аталмыш ғалымдар муташабих аяттарды араб тілінің шеңберіненшықпайтын астарлы (мәжәзи) мағыналары бойынша ғана түсіндіруге болатындығын айтады. Солай болғанның өзінде ғалымдар айтқан жорамалдарының соңында оның нақты мағына емес, аяттың баламалы ұғымы ғана деп ескерту жазып отырады ) Әл-Баяди, Кәмәладдин Ахмәд бин Хасан бин Синанеддин, Ишартул мәрам, 186-189 бет).

Имам Матуридидің өмір сүрген кезеңі ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақыты еді. Ислам халифаты күн өткен сайын ұлғайып, көптеген халықтар ислам дініне кіріп жатты. Бір жағынан халифа Мәмун (813-833) дәуірінен бастап, ежелгі грек және үнді философиясы араб тіліне көптеп аударылды.

Мұсылмандардың өзара мәзхабқа бөлінгендері аздай, сырттан келген яхуди, христиан пәлсафашылары мен дін басылары сенімге байланысты түрлі пікірлер айтып, халықтың санасына көптеген күмәнді мәселелерді ұялатып, дел-сал қылып қойды. Осындай сәтте исламның иман негіздерін қорғау мақсатында ақыл мен қисындық қағидаларды пайдалану қажет болды.

Нәтижеде иман негіздерін әрі нақылмен (аят-хадис), әрі ақылмен бекітетін «Калам» атты жаңа әдіс пайда болды. Мұның латыншадағы ұғымы – «теология». Имам Матуриди осы дәуірде шыққан әйгілі мутакаллим, яғни теолог еді. Имам Матуридидің шыққан жері Мауарауннахр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы Ханафилардың ақида мектебінің имамы атанды (Хамди Дөндүрен, Ислам илмихали, Истанбул, 1998, 47-бет).

Имам Матуриди 333/944 жылы Самарқандта дүниеден өткен. Имам фиқһта Ханафи мәзхабын ұстанушылардың сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналады.

Әһли сүннет фиқһта Ханафи, Шафи, Ханбали, Малики болып бөлінсе, сенім мәселесін Сәләфи, Матуриди және Әшғари мектептері қарастырғаны белгілі. Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі (шамамен 53%) Ханафи мәзхабын ұстанады. Ал Ханафилердің басым көпшілігі Имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады.

Матуридилік мектептің ғұламалары бір жүйеге келтірген иман негіздері – негізінен, Орта Азия, Түркия, Балқан түбегіндегі, Қытай, Үндістан, Пәкістан аймағындағы мұсылмандар арасында кеңінен жайылған (Сайм Клавуз, ж.к.е., 303-бет).

Әсіресе түркі халықтары арасында көбірек жайылған.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.