Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ораза айт намазы оқылды

0 574

Бүгін қазақ мұсылманшылығы үшін де аса мәртебелі болған Ораза айт күндері басталды.

Қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай, ел мешіттерімен бірге «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде де Ораза айт намазы оқылды.

Таң білінер-білінбестен мешітке ағылған халықтың қарасы биыл тіптен көп болды. Ораза айт намазын оқу үшін мешітке келген елордалықтардың көптігі соншалық, құлшылық ордасының атшаптырым ауласында иін тірескен жұрттың арасынан ине шаншар орын табылмады.

Жиналған жамағатқа мешітіміздің бас имамы Руслан Байзақов Ораза айттың қадір-қасиеті мен осы күні атқарылатын салихалы амалдар жайлы танымдық уағыз-насихат айтып, жиналған жамағатты қасиетті мейраммен құттықтады.

Екі бас айт намазы оқылғаннан кейін, арнаулы Ораза айт құтпасы оқылып, құтпа соңынан елімізге амандық, халқымызға бақ-береке, Отанымызға тыныштық, азаматтарымызға екі дүниенің жақсылығын тілеп дұға жасады.

Осылайша, қасиетті Рамазан айына орай ұсталатын бір айлық парыз ораза аяқталып, халқымыз үшін қасиетті Ораза айт мейрамы басталды.

Дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау мақсатында мешіт ауласында мерекелік іс-шаралармен қатар, ұлттық спорттық ойындардан сайыс өткізілмек.

Айттарыңыз қабыл болсын, ағайын!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.