Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жастардың рухани келбеті

0 9  845

Еліміздің көк байрағы желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа бет түздеді.Сонымен қатар ата-бабамыздан бері келе жатқан дәстүрлі ислам діні де кеңінен насихатталып келеді.

Бүгінгі таңда ұлтжанды әрі иманды ұрпақ қалыптастыру, рухани тірегі мықты, намыс-жігері мол жастарды тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыр. Жастардың рухани әлемінің байлығы олардың өзі үшін ғана емес, бүкіл қоғам өмірі үшін де маңызды.

Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор екені баршаға мәлім. Себебі, ғаламтор желісіндегі сансыз ақпараттар жастардың өмір сүру салтына, жүріс-тұрысына, тіпті киім-киісіне де тікелей әсер етіп отыр.

Олай болса, жастар тәрбиесі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Жақсы тәрбие беру – ата-ананың және ортаның жауапкершілігі. Бұл орайда Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі бәріңде өз отарларыңа жауапкерсіңдер» – дейді.

Атам қазақ тәрбие тал бесіктен басталады дейді. Бұл жерде айтпақ болғаны жастардың тәрбиесіне мән беру, олардың келешегіне алаңдау; Себебі жастар біздің келешегіміз, болашақта ел тізгінін ұстайтын жастар тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, елге, дінге қалтқысыз қызмет етсе, ел өркениеті мен мәдениеті қарқынды дамиды әрі бәсекеге қабілеттілігі артып, өркениет көшін өрге домалатып екі дүниеде жүзімізді жарық қылады. Бұл жайында Алла құранда былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастан болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар» (Тахрим 6-аят). Осы аяттағы құтқарудың мағанасын Әли ибн Әбутәліп (р.а) «Оларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар» – деп түсіндірген. Ал Хасан Басри: «Аллаға мойынұсынуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер» – деген.

Елбасымыздың кезекті жолдауында білімнің салтанат құруы жайлы былай дейді: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» – деп білімді болуға шақырады. Құран Кәрімде былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зүмар 9-аят) – дейді.

Адамдарды азғындықтан, сезімдік жадаулықтан құтқаратын бір күш бар. Оның аты – дін. Дін тек белгілі бір талап, тәртіп, дәстүр, заңдылықтарды орындаумен шектелмейді, дін жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, адамның ішкі жан дүниесін байытып, өнегелі көзқарас пен әрекет қалыптастырады. Дінде адамның жан дүниесіне ықпал ететін құдірет бар. Қазіргі кезеңде дін – қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құралы. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасағанмен, бүгінде кейбір жастарымыздың жат діннің жетегінде жүргеніне налисың. Ал сол теріс пиғылды ағымдарға қарсы күресудің ең ұтымды жолы – ұлттық болмысымыз бен табиғатымызға етене асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзіл­генімізді жалғап, жоғалт­қа­ны­мыз­ды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қал­пына келтіру. Себебі, жалпы адамзаттың рухани дамуының түп негізі мәдениет, әдебиет, дін, салт-сана, тіл деген ең негізгі құндылықтардың беріктігіне келіп тіреледі.

Адамның бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасып дамуындағы діннің әлеуеті мен тәрбиелік рөлі маңызды. Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы мұсылмандық танымның негізінде қалыптасты. Мысалы, ислам діні салт-дәстүрлердің рухани өзегіне айнала отырып, қазақ халқына ғылым, білім, діни-танымдық көзқарасты тарту етті. Дін адам баласын имандылыққа, кісілікке, адамгершілікке, қайырымдылыққа баулиды.

«Ел болам десең бесігіңді түзе» – дейді атам қазақ. Олай болса әдепті, тәрбиелі, дәстүрлі дінімізбен, салт дәстүрімізбен сусындаған өнегелі ұрпақ тәрбиелуді Алла нәсіп етсін. Әмин!

Серікбол Хаманұлы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.