Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Домбыра тартуға дініміз тыйым салмайды

0 2  421

Соңғы кездері әсіре діншілдер жастарға «Домбыра тартып, ән айтуға болмайды» деп, ақылға қонбайтын  пәтуа шығарып жүр. Менің ойымша қазақтардың өмірінде маңызды орын алатын, аспаптық шығарма – күй жанрына ықпал еткен  қасиетті домбыраны солай айтуға бола ма?!

Өткен тарихымызға үңілсек, халқымыздың маңдайына  біткен күй атасы Құрманғазыдан бастап Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбеттей тума таланттар қасиетті домбырамен елді аузына қаратқан. Сол кездері небір шығармаларды орындап, ұлттық өнерімізді дамытуға, еркін қанат жаюына ықпал етті. Бүгінде бабалар жолын жалғап келе жатқан дарынды жастарымыз домбырамен ән салып, қазақ өнерін, оның ішінде күй өнерін жаңғыртуда.  Ендеше, домбыра тартып, ән айтуды «ширк» дей салу, ұлттық өнеріміз бен сонау ертеден келе жатқан дәстүрімізге қарсы шығу. Уақыт сынынан сүрінбей келе жатқан өнерімізді құрметтемеу деп білемін. Әйтпесе, екі қолға домбыра алып, қазақтың жыр-термелерін, толғауларын шырқап, тыңдаушының айызын қандырғанның несі айып, несі «ширк»?

Ән демекші, әннің де естісі бар. Ұлы Абай атамыз айтқандай, тыңдаушының құлағына түрпідей тиетін, жақпайтын есер әндер де бар. Соған қарамастан асыл дінімізде «ән айтуға болмайды» деп үзілді-кесілді айтылмағанын ескеруіміз керек. Тіпті, Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) мерекелік шаралар мен тойларда дұмбақ, барабан, т.б араб дәстүрлі музыка аспаптарының шалынуына қарсы болмаған.

Анығында адамзат баласын ізгілікке бастайтын, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа үндейтін ислам дінінде өлең мен әннің үкімі бірдей. Егер ән мен өлең адам баласының нәпсіқұмарлығын қоздырып, шариғатқа қайшы нәрселерге үндейтін болса, немесе бір залымды немесе бір әйелді мадақтайтын болса және келекелі сөздерден тұрса, оларды айту да, тыңдау да рұқсат емес. Ал, қазақ халқының дәстүрлі музыка аспабы саналатын домбырамен орындалатын дәстүрлі әндері мен күйлерінде мұндай мазмұндардың мүлдем болмайтынын білген жөн. Сондықтан, дәл осыны іліп алып, «домбыра тартып, ән айтуға болмайды екен» деген түсінікті ел санасына тықпалау қате болып табылады.

Жалпы, қазақ халқының өзіне ғана тән, ел-жұртқа үлгі болатын тамаша салт-дәстүрлері бар. Мұндай саф өнер ғасырдан-ғасырларға жалғасып қана қоймай, құндылығын да жойған емес. Небір алмағайып замандарды бастан кешірсе де, мәдениет деген ұғымды биік сақтап қалған. Ел мен жердің қайғы-қасыретін, қуаныш-сүйінішін, керек болса, халықтың тарихымыздың бір парасын осы домбра арқылы ұрпақтан-ұрпаққа нәсихаттап отырған. Ендеше, барымызбен мақтанатын асыл дүниелеріміз ешқандай да «ширкке» жатпайды.

Қазір жастардың өресі биік, талғамы да жоғары. Бір қуанарлығы  діни әндер орындайтын әншілердің  қатары көбейіп келеді. Ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келген, өмірінің, тіршілігінің, бүкіл салт-санасы мен дәстүрінің, мәдениетінің негізіне айналған исламның адамзат қоғамына пайдасы тимесе, зияны жоқ. Илаһи әндер айтатындар  ізгі дінді, ізгілікті насихаттау­шылар Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде уәде етілгендей үлкен сауапқа кенеледі. Жақсылықтың жаршысына айналғанға қоғам да қашаннан құрметпен қарайды. Өйткені, хақ дініміз – Ислам тақырыбында ән айту қай уақытта да артықтық етпейді.

Қорыта айтқанда, өлеңді харам дейтіндер жаңсақ, ойсыз айтылған  пікірлердің жетегінде жүргендер. Ән-жыр дегеніміз, ол – халықты тәрбиелеудің бірден-бір құралы. Домбыра шертіп, ән айту арқылы да талай жүректерді дұрыс жолға салуға болады.

Бүгінде діннің асылынан хабары жоқ, дін мен дәстүрдің сабақтастығын түсінбейтін, өз халқының мәдени уызына жарымай өскен кейбір жастарымыздың халықтық домбыра өнерін «харам» деп үкім беріп, ел ішінде пікір алауыздығын тудыруы дұрыс емес.

ӘДІЛ АГИТАЕВ

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің найб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.