Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жұманазар Садырханов: ШҮКІРШІЛІК – МҰСЫЛМАННЫҢ СИПАТЫ

0 2  417

Алла Тағаланың адам баласына бұйырған құлшылықтың бірі – шүкіршілік. Ол жайлы Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُوا لِي وَلَا تَكْفُرُونِي[1]

«Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар»,-дейді.

Адам баласы – Алла құзырында дәрежесі өте жоғары жаратылыс. Құранда:

هُوَ الَّذِي جَعَلَكُمْ خَلَائِفَ فِي الْأَرْضِ فَمَنْ كَفَرَ فَعَلَيْهِ كُفْرُهُ[2]

«Ол сондай Алла сендерді жер жүзінде орынбасар қылды. Сонда кім қарсы келсе, қарсылығының обалы өзіне»,-делінеді. Тағы бір аятта:

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُمْ مِنْ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَى كَثِيرٍ مِمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا[3]

«Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ, оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Һәм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық». Енді бір аятта адамзат баласының шүкір етуге лайықты өте ардақты етіп жаратылғаны жайлы былай делінеді:

اللَّهُ الَّذِي خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ وَأَنزَلَ مِنْ السَّمَاءِ مَاءً فَأَخْرَجَ بِهِ مِنْ الثَّمَرَاتِ رِزْقًا لَكُمْ وَسَخَّرَ لَكُمْ الْفُلْكَ لِتَجْرِيَ فِي الْبَحْرِ بِأَمْرِهِ وَسَخَّرَ لَكُمْ الْأَنهَارَ. وَسَخَّرَ لَكُمُ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ دَائِبَيْنِ وَسَخَّرَلَكُمُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ

«Сондай Алла (Т.) көктер мен жерді жаратып, аспаннан жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендерге ризық үшін өнімдерді шығарды. Онымен қатар өз әмірімен теңізде жүргізу үшін кемелерді еріктеріңе берді. Әрі өзендерді де сендерге бағындырды. Ол Алла (Т.) сендердің пайдаларың үшін, тұрақты түрде күн мен айды іске қосып, түн мен күндізді де іске қосты. Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз» [4].

Шын мәнінде жоғарыдағы аятта айтылғанындай Алланың нығметін санасақ, санына жете алмасымыз – ақиқат. Міне, осындай жоғары мәртебеге ие жаратылыс ретінде жер жүзінде сан-санақсыз нығметтермен ризықтандырып, өмірдің сан алуан жақсылықтарын нәсіп еткені үшін Аллаға құлдарының шүкіршілік етуі заңды емес пе?! Осындай орасан нығметтердің төлеуі ретінде Аса қамқор, Ерекше Мейірімді Алла Тағала бізден болмашы ғана құлшылықты талап етеді. Ол – бүгінгі тақырыбымызға тұздық болып отырған шүкіршілік ету құлшылығы.

Бірақ, адам баласы барды да, жоқшылықты да көтере алмайтын әлсіздігінен Аллаға көп шүкір етпейді. Бұл туралы қасиетті Құран аяттарында:

أَلَمْ تَرَوْا أَنَّ اللَّهَ سَخَّرَ لَكُمْ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ وَأَسْبَغَ عَلَيْكُمْ نِعَمَهُ ظَاهِرَةً وَبَاطِنَةً وَمِنْ النَّاسِ مَنْ يُجَادِلُ فِي اللَّهِ بِغَيْرِ عِلْمٍ وَلَا هُدًى وَلَا كِتَابٍ مُنِيرٍ[5]

«Көрдіңдер ме? Рас Алла (Т.) сендерге көктердегі, жердегі нәрселерді бой ұсындырды. Және сендерге көрнеу, көмес нығметтерін толықтасырды. Сонда да ешбір білімі, тура жолы не нұрландырушы кітабы болмаған кейбір адамдар, Алла жайында таласады»,-делінеді. Келесі аятта, адам баласының тым аз шүкір ететіні турасында былай делінеді:

وَلَقَدْ مَكَّنَّاكُمْ فِي الْأَرْضِ وَجَعَلْنَا لَكُمْ فِيهَا مَعَايِشَ قَلِيلًا مَا تَشْكُرُونَ[6]

«Расында сендерді жер жүзіне орналастырып өздеріңе онда күн көрістер жасадық. Нендей аз шүкір етесіңдер».

Бүгінде жаратылыс мәнін түсінбестен шүкіршілікті ұмытып кететін бауырларымыз көп-ақ. Алайда, Алла Тағала шүкірсіздікті сүймейді. Алла сүймейтін істен аулақ болып, Алла сүйетін іске ынтық болу – мұсылмандықтың белгісі. Бұл істе де екі дүниеміздің жолбастаушысы болған Құран бізге бағыт-бағдар ұсынады. Құранның түсу мәнісінің бірі адам баласына тура жол көрсету және тәрбие беру болса өмірдің барлық жақтарын қамтыған қасиетті Кітап адам баласының бұл кемшілігін (шүкіршілік етпеу) де айланып кеткен жоқ. Құранның мына аятында Алла Тағала өзіне сүйкімді болған, құлдардың таңдаулыларына тән болған шүкір етуді әмір етіп былай дейді:

وَاللَّهُ أَخْرَجَكُمْ مِنْ بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْئًا وَجَعَلَ لَكُمْ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ[7]

«Алла (Т.) сендерді аналарыңның қарнынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер». Ендеше, шүкір ету – әрбір момынның білуі, атқаруы тиіс болған ғибадаттың бірі, мұсылманшылық әдептердің бір ұстыны.

Алла Тағаланың кеңшілігі мен мейір-рахметі сондай, Ислам дінінде дәріптеліп, талап етілетін бір құлшылықтың өзінің сан алуан түрі мен формасы болады. Күнделікті өмірде адам баласына шүкіршілік етудің өзін әртүрлі, сан алуан формада жүзеге асыруына болады. Мәселен; жүрекпен шүкір ету, тілмен шүкір ету және амалдармен шүкір ету.

Жүрекпен жасалатын шүкіршілік

Әрбір нығметтің Алладан берілетіндігіне және адамдардың әрекеті себепкер екеніне кәміл сену – жүрекпен жасалатын құлшылық. Адамды Алла Тағаланың жаратқаны баршамызға аян. Ендеше, адамға берілетін әрбір артықшылық пен түрлі нығметтер де Алла тарапынан беріледі деген сөз. Әлбетте, адам жаңғалақ. Кейде жаңғақатығынан ризықтың қайдан келіп жатқанын ұмытып, қандай да бір нығметке қол жеткізсе өзі жеткендей сезімде болады. Ал, мұсылман адам өмірдегі барлық нығметтерінің Алладан екенін мойындап, бойұсынады. Ол туралы аяттар былайша баяндайды:

فَإِنَّهُمْ عَدُوٌّ لِي إِلَّا رَبَّ الْعَالَمِينَ.الَّذِي خَلَقَنِي فَهُوَ يَهْدِينِي. وَالَّذِي هُوَ يُطْعِمُنِي وَيَسْقِينِي. وَإِذَا مَرِضْتُ فَهُوَ يَشْفِينِي. وَالَّذِي يُمِيتُنِي ثُمَّ يُحْيِينِ. وَالَّذِي أَطْمَعُ أَنْ يَغْفِرَ لِي خَطِيئَتِي يَوْمَ الدِّينِ[8]

«Әлемдердің Раббынан басқа, олар менің дұшпаным. Ол, мені жаратқан, маған тура жол көрсетеді. Ол, маған жегізеді де, ішкізеді. Ол, қашан ауырсам, маған шипа береді. Ол, мені өлтіреді де, сонсоң тірілтеді. Ол сондай Алла, киямет күні қателерімді жарылқауын үміт етемін».

Тағы бір аятта былай делінеді:

وَأَنَّهُ هُوَ أَضْحَكَ وَأَبْكَى. وَأَنَّهُ هُوَ أَمَاتَ وَأَحْيَا.وَأَنَّهُ خَلَقَ الزَّوْجَيْنِ الذَّكَرَ وَالْأُنْثَى. مِنْ نُطْفَةٍ إِذَا تُمْنَى. وَأَنَّ عَلَيْهِ النَّشْأَةَ الْأُخْرَى. وَأَنَّهُ هُوَ أَغْنَى وَأَقْنَى[9]

«Шын мәнінде күлдірген де, жылатқан да Ол. Өйткені, өлтірген де, тірілткен де Ол. Шүбәсыз Алла, ер, әйелді жұп жаратқан. Тамызылған бір тамшы “мәни” суынан. Шәксіз екінші жасау да Оған тән. Сөз жоқ, байытқан да, өркендеткен де Ол». Енді бір аятта Алла Тағала әрбір еңбекті зая жібермейтіні жайлы баяндап былай дейді:

وَأَنْ لَيْسَ لِلْإِنسَانِ إِلَّا مَا سَعَى[10]

«Адамзат; еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады». Демек, адам баласының шүкірі шынайы, көркем болған сайын Алла құзырындағы дәрежесі де биіктей түседі деген сөз.

Осыны ұққан әрбір мұсылман әр нығметтің Алладан екендігін білуі және ешқашан естен шығармауы тиіс. Міне, бұл жүрекпен шүкіршілік жасау болып табылады.

Тілмен болған шүкір

Тілмен шүкір ету дегеніміз «Аллаға шүкір (Әлхамдулилла)», «Шүкіршілік», «Осыны берген Аллаға мың шүкір» деген секілді сөздерді айту арқылы берілген нығыметтердің Алладан екенін мойындап, әрдайым шүкір етіп жүру.

Құран Кәрімнің анасы, бастауыш сүре – «Фатиха» сүресінің өзі «Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән» деп, Аллаға мадақ айтып, шүкіршілік етумен басталады. Бұл сүренің әрбір намаздың әр рәкағатында қайталанатынын ескерсек, тілмен шүкір етудің жарқын үлгісін көрсеткен аят күніге 40 мәрте қайталанады.

سَمعَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَدْعُو فِى صَلَاتِهِ لَمْ يُمَجِّدِ اللَّهَ تَعَلَى وَلَمْ يُصَلِّ عَلَى النَّبِىِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَجِلَ هَذَا. ثُمَّ دَعَاهُ فَقَالَ لَهُ أَوْ لِغَيْرِهِ إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ فَلْيَبْدَأْ بِتَحْمِيدِ رَبِّهِ عَزَّ وَ جَلَّ وَالثَّنَاءِ عَلَيْهِ ثُمَّ يُصَلِّى عَلَى النَّبِىِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثُمَّ يَدْعُو بُعْدُ بِمَا شَاءَ

Бір күні Пайғамбарымыз (ﷺ) бір адамның намаздан кейін Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айтпастан, «Уа, Алла Талаға! Мені кешіре гөр, жарылқай гөр» деп дұға жасап жатқанын естіп, содан: «Бұл адам асығыстық қылды» дейді де, ол адамды шақырып: «Сіздерден біреулеріңіз дұға жасамақшы болсаңыздар, алдымен Аллаға мадақ айтып, сосын Пайғамбарға () салауат жолдасын да, қалағанын сұрасын»,-деп бұйырады[11].

Бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) бүкіл адамзат баласына Алладан дұға жасаудың керемет үлгісін насихат етіп отыр. Әрине, бұл Құран Кәрімнің өзі Аллаға мадақпен басталады және көптеген сүрелерде қайталанады. Бұл Аллаға мадақ айтудың маңыздылығын білдірсе керек. Шындығында да, Аллаға деген әрбір мадақ айтуымыз – шүкір, әрбір шүкіріміздің өзі Алланың нығыметтері үшін айтылған мадақ болып саналады.

Ардақты Елші (ﷺ) тағы бір хадисінде:

الْحَمْدُ رَاْسَ الشًّكْرِ مَنْ لَمْ يَحْمَدَ اللَّهَ لَمْ يَشْكُرْهُ

«Аллаға мадақ айту – шүкірдің басы. Аллаға мадақ айтпаған Оған шүкіршілік жасамағаны[12]»,-деп айтқан екен.

Осылайша, үмметіне үн қатқан Алла Расулы (ﷺ) өзі дұға жасаған кезде әрдайым дұғасын Аллаға мадақ айтумен бастап, қажетін сұрап болғасын да «Әлхамдулилла» деумен дұғасын тамамдайды екен. Бұның өзі Алла Елшісінің (ﷺ) шынайы шүкіршілігінің бір көрінісі болса керек.

Алла Тағала әрбір ризыққа шүкіршілік етуіміз керек екенін ескертіп, қасиетті Құран Кәрімде былай дейді:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُوا لِلَّهِ إِنْ كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ

«Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар»[13]. Демек, шүкір ету – біздің шынайы құл екеніміздің көрінісі, мұсылманшылығымыздың асыл сипаты, Алла Тағаланың әмірі.

Пайғамбарымыз (ﷺ) да:

مَنْ اَكَلَ طَعَامًا فَقَالَ اَلْحَمْدُ لَلَّهِ الَّذِى اَطْعَمَنِى هّذَا الطَّعَامَ وَرَزَقَنِيهِ مِنْ غَيْرِ حَوْلٍ مِنِّى وَلَا قُوَّهٍ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ.

«Кімде-кім тамақтанарда «Менің күш-қуатымсыз мені ризықтандырып, тамақтандырған Аллаға мадақ» десе, кішкентай күнәлары кешіріледі»,-деп, шынайы құлдың әрбір тамақтанар сәтінде де Аллаға шүкір етуінің қажеттілігін баса дәріптейді.

Міне, осылардың барлығы тілдің қатысумен, құлдың ауызбен айтуы арқылы болатын шүкіршілік көріністері. Алланың ныметіне деген шүкірді тек жүрекпен сезініп қана қоймай, тілімізбен айтудың өзі дініміздегі маңызды бір құлшылық екенін ұмытпағанымыз абзал.

Денемен жасалатын шүкір

Шүкіршілік жайлы айтқан кезде, басқа құлшылық түрлері секілді бұл ғибадаттың да дене мүшелердің қатысуымен жасалатынын ескерген жөн. Яғни, дене мүшелеріміздің Аллаға ғибадат етуі, Алла ризалығы жолында қызмет жасауы, құлшылықтар атқарып, үкімдерге бағынуы дененің шүкірі болып табылмақ.

Риуаяттарға қарағанда, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) түні бойы аяқтары ісігенше намаз оқып шығатын болған. Сонда Хазіреті Айша (р.а) анамыз тұрып;

– Уа, Алланың Расулы ()! Алла Сіздің бұрынды-соңды күнәларыңыздың барлығын жарылқаған ғой. Ғибадат үшін мұншама қиналғаныңыз не?,-деп сұрағанда Алла Елшісі (ﷺ):

اَفَلَا اَكُونَ عَبْدًا شُكُورًا

– Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?,-деп жауап береді.[14]

Бұл хадистен Алла Елшісінің (ﷺ), өзі айтып тұрғанындай, түнгі намаздарды Алланың шексіз мейіріміне, жарылқауы мен кешіріміне шүкір ету үшін жасап жатқанын көреміз. Біздің бұл хадистен алар өнегіміз де орасан. Алла Елшісі (ﷺ) Раббымыздың өзіне берген айырықша нығметін еске алып, денемен шүкіршілік етіп, құлшылығын бекемдеген болса, біздер де солай әдеттенуге құлшынуымыз керек. Яғни, бұл өмірде біліп-білмей істеп жүрген күнәларды тоқтатуға, ары қарай Алланың мейір-рахметіне лайық құл болуға құлшынып, құлшылықтарымызды толық орындап, Алла әміріне толық бойұсынуға құлшынудың өзі дененің шүкіріне жататынын білдіреді.

Алла Расулының (ﷺ) мүбәрак дұғаларының бірінде:

اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ، أَنْتُ قَيِّمُ السَّمَوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَنْ فِيهِنَّ، وَلَكَ الْحَمْدُ، أَنْتَ نُورُ السَّمَوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَنْ فِيهِنَّ، وَلَكَ الْحَمْدُ، أَنْتَ مَلِكُ السَّمَأوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَنْ فِيهِنَّ، وَلَكَ الْحَمْدُ، أَنْتَ الْحَقُّ، وَوَعْدُكَ الْحَقٌّ، وَلِقَاؤُكَ الْحَقٌّ، وَقَوْلُكَ حَقَّ، وَالْجَنَّةُ حَقٌّ، وَالنَّارُ حَقٌّ، وَالنَّبِيُّونَ حَقٌّ، وَمُحَمَّدٌ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَقٌّ، وَالسَّاعَةُ حَقَّ، اللَّهُمَّ لَكَ أَسْلَمْتُ، بِكَ آمَنْتُ وَعَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ، وَإِلَيْكَ أَنَبْتُ، وَبِكَ خَاصَمْتُ، وَإِلَيْكَ حَاكَمْتُ، فَاغْفِرْ لِي مَا قَدَّمْتُ وَمَا أَخَّرْتُ، وَمَا أَسْرَرْتُ وَمَا أَعْلَنْتُ، أَنْتَ الْمُقَدِّمُ وَأَنْتَ الْمُؤَخِّرُ، لاَ إِلَهَ إِلاَّ أَنْتَ، وَلاَ إِلَهَ غَيْرُكَ

«Иә, Алла! Мадақ саған тән. Сен көктер мен жердің және олардың арасындағы барлық нәрсенің Реттеушісісің. Мақтау саған лайық. Сен көктер мен жердің және олардың арасындағы барлық нәрсенің Нұрысың. Мақтаулардың барлығы саған хас-дүр. Сен көктер мен жердің және олардың арасындағы барлық нәрсенің Иесісің. Мақтау саған лайық. Сен Хақсың, уәдең-хақ, Сені (ақыретте) көру-хақ, сөзің-хақ, жәннатың де хақ, тозағың да- хақ. Пайғамбарларың да хақ. Мұхаммед () де хақ. Қиямет күні де хақ. Иә, Алла! Саған бойсұндым, саған иман келтірдім және тәуекел еттім, саған сендім. Жалғыз саған сеніп (дұшпандармен) арпалыстым. Сенің ғана үкім беруші Ұлы зат екеніңді қабылдадым. Иә, Алла! Істеген және істемек болған, ашық және жасырып күнәларымның барлығын кешіргін. Ақырет күнінде мені бірінші тірілтетін, дүние тіршілігінде пайғамбарлығымды қияметке дейін қалдыратын да Сенсің. Сенен басқа ғибадатқа лайық тәңір жоқ, Сен ғана барсың[15]-дейді. Міне, нағыз бойұсынған құлдың дұғасы. Нағыз Пайғамбарлық дұғасы. Адамзаттың ішіндегі ең жоғары мәртебеге ие бола тұра, соған сай шүкір етудің көрінісі. Бұл дұға Алланың ақырғы Елшісінің (ﷺ) әрбір үмметінде әрдайым шүкіршілікте болу өнегесін үйретіп тұрғандай.

Адам баласы дүние тіршілігінде денсаулық пен байлық жағынан бірдей болмайтыны анық. Біреу ауру, біреу сау, біреу кедей, біреу бай, біреу бақытты, біреу бақытсыз. Бұл Алланың бір сынағы екені даусыз. Бірақ, шүкір ету үшін адам баласы қандай жағдайда да өзінен төмен адамдарға қарап, өзіне берілген нығметтерге қанағат тұтуы керек. Пайғамбарымыз бір хадисінде:

مِنْ نَظَرَ فِى دِينِهِ إِلَى مَنْ هُوَ فَوْقَهُ فَاقْتَدَا بِهِ وَنَظَرَ فِى إِلَى مَنْ هُوَ دُونَهُ فَحَمِدَ اللَّهَ عَلَى فَضَّلَهُ بِهِ عَلَيْهِ كَتَبَهُ اللَّهُ شَاكِرًا صَابِرًا وَ مَنْ نَظَرَ فِى دِينِهِ إِلَى مَنْ هُوَ دُونَهُ وَنَظّرَ فِى دُنْيَاهُ إِلَى مَنْ هُوَ فَوْقَهُ فَأَسِفَ عَلَى مَا فَاتَهُ مِنْهُ لَمْ يَكْتُبْهُ اللَّهُ شَاكِرًا وَلَا صَابَرًا

«Дүние істерінде өзінен төменге қарау, дінде (діни үкімдерді орындауда) өзінен жоғарыларға қараған адамды Алла Тағала әрі сабырлылардың, әрі шүкір етушілердің қатарында қылады. Ал, дүние тіршілігінде өзінен жоғарыларға қарап, дінде өзінен төмен болғандарды місе тұтқан адамды Алла Тағала сабырсыздар мен шүкірсіздердің қатарында қылады»,-дейді[16].

Расында, шүкіршілік ету нығымет пен жақсылықты бағалауға жетелейді. Біз өзімізге мардымсыз болса да сауға сыйлап, жақсылық жасаған кісіге бір ауыз рахмет айта алмасақ, бұнымыз дөрекілік пен білімсіздік болар еді. Ал, бізді жаратқан, өмір сүргізіп, алуан түрлі нығметтер берген Аллаға шүкір етпеуіміз барып тұрған қанағатсыздық болмай ма? Қанағатсыздарды адам да, Алла да сүймейтіні ақиқат.

Сондықтан, шүкіршілік Пайғамбарлардың, періштелердің және таңдаулы құлдардың ерекшеліктерінен. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَ قَلِيلٌ مِنْ عِبَادِىَ الشَّكُورُ

«Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз»[17] деп, шүкір етушілердің аз болатынын меңзесе керек.

Бірде Хазіреті Омар (р.а) бір адамның «Иә, Алла! Мені сол аздардың қатарында қылғын!» деп дұға жасағанын естиді де;

–  Бұл қандай дұға?-деп сұрайды. Дұға жасаушы болса:

– Алла Тағала; «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» демеді ме? Мен сол аз ғана шүкір етушілердің қатарында болғым келеді,-деп жауап береді. Сонда Хазіреті Омар:

–  Омардан басқаның бәрі хабардар (білгір),-дейді[18].

Шайтанның бүтін күш-қуаты, адамдарды Аллаға шүкір етуден және Алланы мадақтаудан тосуға бағытталған. Шайтан Адамға (ғ.с) сәжде жасамағаны үшін лағнетке ұшырағанда, Алладан қиямет күніне дейін мұрсат сұрағанын бәріміз білеміз. Шайтанның ондағы мақсаты да адамды тура жолдан, Алла сүйетін құлшылықтарды толық жасаудан тыйюға үндеу еді. Ол жайлы Құранда:

قَالَ فَبِمَا أَغْوَيْتَنِي لَأَقْعُدَنَّ لَهُمْ صِرَاطَكَ الْمُسْتَقِيمَ. ثُمَّ لَآتِيَنَّهُمْ مِنْ بَيْنِ أَيْدِيهِمْ وَمِنْ خَلْفِهِمْ وَعَنْ أَيْمَانِهِمْ وَعَنْ شَمَائِلِهِمْ وَلَا تَجِدُ أَكْثَرَهُمْ شَاكِرِينَ

«(Ібіліс): «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын» деді. «Сонан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың» деді»,-делінеді[19]. Сондықтан, шүкіршілік ету барысында да Шайтанның тұзақтарынан, азғыруынан барынша сақтанғанымыз жөн.

Шүршілік нығметті арттырады

Құран аяттарына сүйенетін болсақ, күнделікті өмірде Алланың берген нығметтерін еске алып, шүкіршілік етіп отыратын болсақ, бұл ісіміз нығметтің баяндылығы мен одан ары көбеюіне себеп болады екен. Ал, шүкірсіздік жасайтын болсақ, ол Алланың азабына ұшырауымызға себеп болатындығы аятта баяндалған. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде:

لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ

«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатал»[20],-делінеді. Демек, Алла Тағаланың берген нығметтеріне шүкіршілік жасауы құлдың білімділігі мен парасаттылығы, бойұсынушылығы болып саналмақ. Ал, бұны атқармауы Аллаға деген қарсылық екені аяттан белгілі болып тұр. Егерде кімде-кім надандықпен Алланың нығметтеріне шүкірсіздік танытып, қарсы келсе, қатты азаппен азапталатындығын көреміз.

Сондай-ақ, шүкіршіл құлдардың сыйлығы жайында да Құранда сүйінші аяттар бар. Мәселен, мына бір аятта:

مَا يَفْعَلُ اللَّهُ بِعَذَابِكُمْ إِنْ شَكَرْتُمْ وَآمَنْتُمْ وَكَانَ اللَّهُ شَاكِرًا عَلِيمًا

«Егер шүкірлік етіп, иман келтірсеңдер, Алла сендерді неге азап қылсын? Өйткені, Алла (Т.) шүкірлікті бағалаушы, толық білуші»[21],-делінеді. Демек, шүкіршіл болудың дүние-ақыреттік пайдасы орасан болмақ.

Әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың берген нығметі мен жақсылықтарын әрдайым жадынан шығармай, тілімен де, денемен де шүкір етіп жүруді әдетке айналдыруы мұсылманшылықтың үлкен сипаттарының біріне ие болуы деген сөз. Шүкіршілік – мұсылманның ізгі амалдарының бірі. Ендеше, уағызымыздың соңын осындай ізгі амалдардың есесіне қандай сый жасалатыны жайлы Құран аятымен тамамдасақ:

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ يَهْدِيهِمْ رَبُّهُمْ بِإِيمَانِهِمْ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهِمْ الْأَنْهَارُ فِي جَنَّاتِ النَّعِيمِ. دَعْوَاهُمْ فِيهَا سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَتَحِيَّتُهُمْ فِيهَا سَلَامٌوَآخِرُ دَعْوَاهُمْ أَنْ الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ

«Расында сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің имандары себепті Раббылары, оларды астарынан өзендер ағатын Нағым жәннәтінің жолына салады. Олардың ондағы дұғалары: «Әй Алла! Пәксің» әрі олардың ондағы амандасулары: «Сәлем» және олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!»,- деу болады»[22].

 

Жұманазар Садырханов,

Астана қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы

 


[1]« Бақара» сүресі 2/152

[2] «Фатыр» сүресі, 35/39

[3] «Ира» сүресі, 17/70

[4] «Ибраһим» сүресі, 14/32-34

[5] «Лұхман» сүресі, 31/20

[6] «Ағраф» сүресі, 7/10

[7] «Нахл» сүресі, 16/78

[8] «Шұғара» сүресі, 26/77-82

[9] «Нәжм» сүресі, 53/43-48

[10] «Нажм» сүресі, 53/39

[11] Әбу Дәуіт, «Намаз», 358; Тирмизи, «Дағуат», 65.

[12] Суйути, Фейзу’л-Қадир, ІІІ, 418.

[13] «Бақара» сүресі, 2/172.

[14] Бұхари, «Тәһажжут», 6; Муслим, «Сифату’л-Мунәфикина уә Ахкәмиһим», 18.

[15] Бұхари, «Тәһажжут», 1; Муслим, «Салату’л-Мунәфикина уә Кәсриһим», 26.

[16] Тирмизи, «Сифату’л-Кияма», 58.

[17] «Сәбә» сүресі, 34/13.

[18] Суюти, әт-Дүрру’л-Мансур фит-Тәфсир

[19] «Ағраф» сүресі, 7/16-17.

[20] «Ибраһим» сүресі, 14/7.

[21] «Ниса» сүресі, 4/147.

[22] «Юнус» сүресі, 10/9-10.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.