Сейсенбі, 8 қыркүйек 2026 ж. 26 рабиғул әууәл 1448 һ.ж. Астана қаласы
Намаз уақыты Намаз
Таң 04:01
Күн 05:33
Бесін 12:17
Ақшам 18:50
Құптан 20:21
Мақалалар

«Әрбір естігенін айту, кісіге күнә ретінде жеткілікті» (хадис)

337 рет оқылды
«Әрбір естігенін айту, кісіге күнә ретінде жеткілікті» (хадис)

Қауесет – халық арасында дәйексіз ақпаратты, негізсіз ойларды, анық-қанығына жетпеген хабарларды қоғам арасында тарату. Шариғатымызда қауесет таратуға тыйым салынады.


Өйткені қауесет тарату адамдар арасында түсінбеушілікке, қоғамда тұрақсыздық пен алауыздық туғызып, бүлікке алып барады. Алла Тағала Құранда: «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр іс» ("Бақара" сүресі, 191-аят), – десе, келесі аятта: «Оларға ел қауіпсіздігіне қатысты яки үрейлі хабар жетсе, оның анық-қанығына жетпестен (елді дүрліктіріп, шырқын бұзу ниетімен) жарияға жайып салады. Егер олар оны алдымен Алла Елшісіне немесе араларындағы билік тізгінін ұстаған басшыларға мәлімдесе, солардың арасындағы істің мән-жайын зерделеп, пайымдай алатындар хабардың нені меңзейтінін бірден аңғарар еді. Егер Алланың сендерге шексіз шарапаты мен мейірімі болмағанда, басым көпшілігің шайтанға еріп кетер едіңдер» ("Ниса" сүресі, 83-аят), – деп айтылған.

Сонымен қатар тағы бір аятта: «Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге әлдебір күнәһар адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық-қанығын анықтап, біліп алыңдар. Әйтпесе, білместікпен әлдебір қауымның обалына қалып, артынан істеген істеріңе өкініп жүресіңдер» ("Хужурат" сүресі, 6-аят), – делінген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұған қатысты былай деген: «Әрбір естігенін айтуы кісіге күнә ретінде жеткілікті» (Сүнән Әбу Дәуіт, №4992).

Имам ән-Науауи (Алла оны рақымына алсын): «Кісі шындық пен жалғанды естиді. Егер анығын білмей тұрып, естігенінің барлығын айта берсе, ол өтірік айтқан болады. Оны әдейі айтпағанымен өзін ақтай алмайды», – деген.

Қауесет тарату ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады. Алдын алмаса, салдары елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіріп, қоғамға залалын тигізеді. Сондықтан қауесет тарату – күнә.

Шешім:

Қауесет тарату – күнә.
Кез келген хабарды анық-қанығына жетпей тұрып таратуға тыйым салынады.

материал «Пәтуалар жинағы» кітабынан алынды, 

sunna.kz