Take a fresh look at your lifestyle.

Отанын тәрк еткен қазақ не үшін Сирияға кетті?

0 10  033
Ата діннен безудің соңы Сирия ма? 2015 жылы «жихадшылардың» кәмілетке толмаған ұл-қыздарының тағдырына алаңдап, «Шетелдегі бұл қазақ балалары» жайлы жазған едік. Ол уақытта бұл тақырып көпшіліктің назарына ілікпеген еді. Бұл жайында тиісті органдар да жақ ашпайтын. 2017 жылдың соңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Азаттық агенттігіне берген ресми жауабындағы дерек бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 8OO -ге жуық Қазақстан азаматы кеткен. Олардың көбі  жасөспірімдер екен. ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Сирия мен Ирактағы жанжал аймағында қазақстандық 214 ұл мен 176 қыз бала бар деп мәлімдеген. Соңғы жылдары елімізге 63 бала қайтарылған. 50-ге тарта жасөспірімнің елге оралуы мүмкін екенін де айтқан. ҰҚК дерегінше, Сириядағы әскери қақтығыс басталғалы 112 қазақстандық (61 ер және 51 әйел) елге қайтарылыпты. Өзегі тесіліп, өзгенің артынан ергендердің  сәлафизм ағымында болғаны белгілі.   Алайда  сәлафизмді әлі күнге дейін «деструктивті ағым» ретінде тани алмай келеміз. Не себепті? ҚМДБ филиалы Түркістаннан ашылуының астарында не жатыр? Осындай бірнеше күрделі сұрақтарға жауап алу үшін Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетаймен сұхбаттасқан едік. 

Дін мен дәстүрді бөлу кімге тиімді?

— Соңғы кездері дін мен дәстүрді бөліп қарау теңденциясы жүріп жатыр. Дін мен дәстүрді бөле жара қарау кімге тиімді? Ата дін деп келдік, ал қазір дәстүрлі дін ұғымы пайда болды. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды бұл діни мейрам, я діни атрибут деп танудың астарында не жатыр?

 Кез келген ұғымдардың плафтормасын дайындайтын кеңістік бар, біз оны мәдениет деп атаймыз. Қазақтың мұсылмандық түсінігі — қазақ бол-мысының көрсеткіші, анықтауышы. Қазақтың мұсылмандығы, өзбектің, тәжіктің, татардың, арабтың, парсының мұсылмандығынан бірде-бір кем емес, қайта өзіндік ерекшелігі бар. Демек, қазақ мәдениетінің он сегіз қабатындағы дәстүр — бұл да норма қоятын қабат. Енді, бізде екі норма қоятын қабат бар: дін және дәстүр. Осы екеуінің арасындағы үндестік пен үйлесімділік арқылы ғана болмысымыз тіршілігін жалғастырады. Қазақтың бүгінге дейін мәдениеті, дүниетанымындағы әдет-ғұрыптардың барлығы сол шариғатпен үндесіп, дін- исламға қайшы келмегендіктен өмір сүріп келген.
Бізге дейін мәдениетімізді, дінімізді зерттегендер ориенталистер, түркітанушылар, шығыстанушылар болды. «Әһли сунна уал-жамағатты» дәстүрлі ислам деп атайды. «Әһли сунна уал-жамағатқа» кірмейтіндерді дәстүрлі емес ислам ағымдарына жатқызады. Өзіңіз айтып отырған ата дін — қазақтың дәстүрлі діні деген сөз. Қазақтың мәдениеті болғандықтан, мәдениетті ұйытып отыратын діни таным бар.

Дін діңгегі діни таныммен анықталады. Діни терминмен айтсақ, ол ақида. Ақида — діннің орталық ұғымдарының бірі. Имам Ағзам Әбу-Ханифаның құқықтық негізінде, Имам Матуридидің танымы негізінде қалыптасқан дініміз, мұсылмандығымыз бар. Біз оны дәстүрлі дін деп атаймыз. Дін мен дәстүр неге алға шықты деген сұрағыңыз өте орынды. Себебі барлық мәселе осы жерде туындап жатыр. Бұны да орыс ориенталистері зерттеп тастаған. Олар дін мен дәстүр деп емес, «Адат уа Шарият» деп бөліп зерттеген. Біз мұны әдет-ғұрып, салт-дәстүр дейміз ғой, ориенталистер «Адат уа ал Шария», шарият тең дін деп есептеген. Ал біздің ақидамызда (Матуриди) дін бөлек, шариғат бөлек.

Орыс ориенталистері не үшін «Адат уа Шариятты» негізге алды десеңіз, олар сонау Ш.Уәлихановтан бастайды. Қазақтар синкретті дінге сенеді деп тапты. Бұлар шаманға да сенеді, бақсыға да сенеді. Даласында мешіт-медресе жоқ, діни білім беру жүйесі жоқ, өзін «әлхамдулилла мұсылманмын» деп атайды. Не болмаса «Яссауи силсаласынанмын» деп айтады. Демек, бұлар дуалистер деп тауып, синкретті дінге сенеді деп есептейді. Әлемге осылай танытты. Негіздемесінде исламның шариғаты бөлек, бұлардың ғұрпы бөлек, параллель өмір сүре береді. Кейбір әдет ғұрыптары шариғатқа қайшы келеді деді. Барлығымыз осылай қабылдап, осылай ұқтық. Қазақтың тең жартысы 17,18,19 ғасырларда патшалық Ресей тарапынан медреселер салынып, сол жерде білім алып, исламға келді. Мұның барлығын осылай комментарии жасап отырған орыс ориентализмі. Кейін Кеңес үкіметі орнап, 70 жыл атеизм мен өмір сүрдім. Өзімізді өзіміз зерттей алмадық. Содан кейін Садумға (Ташкенттегі Орта Азиялық Дін істер Басқармасы) қарадық. 50 жыл Бабахановтар әулеті басқарды.

Кеңес үкіметі құлап, тәуелсіздік алдық. Жаңағы ғылыми атеизмнің орнын уахабизм басты. Сәлафиттердің айтқандары уәжді болды. Оқығандары қазақ ұлтынан болды. Қазақ деген қандай ұлт дегенде, Ш. Уәлихановты оқиды, орыстың ориенталистерін, ғылыми атезмнің методологиясын оқиды. Қазақ туралы жазылған этнографиялық деректерді оқиды дағы, қазақтар сөзде ғана мұсылман екен, бұларда таухид болмаған екен, дінді дін деп, шариғатты шариғат деп білмеген екен, бұларға таза дінді алып келу керек деп шешім қабылдайды. Қазақ туралы ориентализм деректері керемет платформа болады да, Қазақстанға қайтадан «ислам дінін таратуға» себеп болады. Дәстүрді жоққа шығарады. Қазақтың барлық дәстүрі исламға қайшы деп танылады. Беташарын, молаға зиярат жасау, жеті шелпек пісіру секілді сенің дәстүрің шариғатқа қайшы деп танылады. Мысалы, беташар ұлттық болмысымыздағы ең басты құндылықтардың бірі. Бір отбасының екінші бір отбасымен немесе келіннің басқа бір отбасына сіңісуі сәлем беру арқылы жүзеге асатын дәстүр. Дәстүр діни ритуал емес. Бұл жерде беташар — дәстүрлі құндылық. Ал диструктивті діни топтағылар сәлем салуды, оған бір табыну сияқты немесе иілуді «ғибадат» құлшылық етумен қасақана идентификациялап, бұны да ширк ретінде көрсеткісі келеді.

Қазақ мәдениетінің он сегіз қабатының барлығында ислам ізі бар

— ҚМДБ осыдан төрт жыл бұрын «Дін мен дәстүр» жылын жариялаған болатын. Басқарма бастамасы қаншалық нәтиже берді? Орыс ориенталистерінен оқып, тәуелсіз қазақ даласына жаңалық алып келген уахабизм өкілдерінің идеологиясына төтеп бере алды ма?

— Жаһандық деңгейде дін құбылысы саясиланып тұр. Мұны ажыратудың платформасы болмысқа қатысты шешіледі. Біз салафилер, уахабилер айтпақшы кеше ғана мұсылман болған, кеше ғана таухидті түсінген ұлт емеспіз. Ислам біздің топырағымызға ҮІІ ғасырдың соңында, ҮІІІ ғасырдың басында келген. Әйгілі Атлах, Талас соғысынан кейінгі жерде біз ислам өркениетімен танысып, еркін сұхбат құра бастадық. Диалогтың аяғы бірегейленуге айналды. Нәтижеде ислам халқымыздың өркениеттік мәдени болмысына айналды. ҚМДБ-ның ниеті дұрыс. Уахабизмге қарсы дін мен дәстүр егіз ұғымды алға тартып, идеология жүргізді. Әлі жалғасын тауып келеді. Діни басқарма орыс ориенталистерінің «діні бөлек», «шариғаты бөлек», «әдет ғұрпы бөлек» деген шаблондарына қарсы, осыны негізге алып, әдет-ғұрпын жоққа шығарып жатқан сәлафиттерге қарсы қазақтың «дін мен дәстүрі бір» деген идеология жүргізді. Шын мәнінде эпистемологиясы дұрыс емес дер едім. Себебі қазақ халқының мәдениеті, діни танымы, діни санасы, діни тәжірибесі бар. Ғасырлар бойы өзінің мәдениетін қалыптастырған халық. Бұл мәдениеттің мазмұнында ислам діні бар. Кез келген мәдениет (араб, парсы, орыс, қытай) 18 қабаттан тұрады. Оның ішінде қазақ мәдениеті де 18 қабаттан тұрады.

Қазақ мәдениеті — жеке-дара болмыс. Бұл мәдениеттің он сегіз қабатында исламның ізі жатыр. Ал енді, радикалды, экстремистік топтардың өлшемдері, нормалары мен шаблондарының кереғар екенін анықтау үшін осы болмыстық тұғырымызбен салыстыра қараймыз. Бірінші қабаты — тіл. Он сегізінші қабаты сана болып есептеледі. Екінші қабаты — ойлау жүйесі делік. Біздің тілімізде ислам дінінің ықпалымен мұсылман болғанымыздың нәтижесінде араб ұғымдары тілімізге сіңген. Тілшілер бұрын оны арабизм, иранизм деп бөліп тастайтын. Тіл ғылымы, тіл философиясы солай анықтаған. Біздің тіліміздегі араб ұғымдарын қарайтын болсаңыз, барлығы аксиологиялық сипатта. Барлығы құндылықтық мәнге ие. Мейірім (рахим) — моральдық құндылықтық мәнге ие сөз. Немесе әділет (адалет) деген сөзді алып тастайтын болсаңыз, оның орнына не қоясыз? Бұл да аксиологиялық құндылық. Құқық деген сөздің аржағында фиқх, шариғат, дін бар. Араб тілінен енген сөз болғанмен, ана тілімнің бір бөлшегі ретінде сіңіп кеткен. Демек қазақ мәдениетінің бірінші тіл қабатында-ақ ислам дінінің бүкіл платформасы тұр.

Екіншісі — ойлау жүйесі. Батыста триада деген ұғым бар: тезис, антитезис, синтез. Үштіктен бірлік туады дейді. Христиан дінінің киелі рух, қасиетті әке, қасиетті бала түсінігі бар. Хазіреті Исаның үш қыры деп есептейді. Үштік ойлау жүйесі — триада олардың философиялық ойлау жүйесіне, дүниетанымына әсер еткен. Сол сияқты қазақ дүниетанымында да универсализм бар. Жақсылықты тану үшін жамандықпен салыстырылу керек. Ақты тану үшін қарамен тұтас қаралу керек. Мынау бірінші, мынау екінші сияқты иерархиялық ойлау жүйесі бізде жоқ. Себебі біздің тілімізде тек (мужской, женский, средний род) жоқ. Парсы, иран, латын тілдерінің барлығында тек, триада бар. Мынау еркек, мынау әйел, мынау бірінші, мынау екінші деп бөлу жалпы түркі тілдерінде жоқ. Біздің ойлау жүйеміз исламменен біте қайнасып, универсализм деңгейіне жеткен. Алланың Бір және Бар екендігінің трансцедентті әрі иманенті (мән+құбылыс) болмысы толық сақталған.

Қазақ деген ұғымның өзі мұсылман дегенді білдіреді

— Өзін «бірінші мұсылманмын, сосын қазақпын», немесе керісінше «қазақпын, сосын мұсылман» деп жүргендер бар. Мәселені енді түсініп отырған секілдімін.

— Дәл осындай «бірінші мұсылман-мын, сосын қазақпын» деген секілді біріншімін, екіншімін деген категорияны білдірпей кіргізіп жатыр. Бұл сәлафизмнің тікелей методы, соның негізінде қалыптасқан. Қазақтың универсалды ойлау жүйесінде бірінші, екінші деген болмаған. Қазақ деген ұғымның өзі мұсылман дегенді білдіреді. Қазақтың тарих сахнасына шығуына әсер еткен негізгі фактор ислам. Алтай, Тува жерінде болсын, Моңғолия жерінде болсын қазақ деген саяси бірліктің ішіне кірмей қалған небір рулар бар. Олардың «қазақ» деген категорияға кірмеуінің себебі исламды қабылдамағаны, христиан дінінде, шамандықтарында қалып қойғандығы-нан дейміз. Исламды қабылдаған көп рулар қазақ болмысының ішіне кірді. Бұл — дала мұсылмандығының ерекшелігі.

«Конституция мен шариғат негізінде не бар?»

— Қазақ мәдениетінің он сегіз қабатының барлығында ислам ізі бар дедік. Өнеріңде, поэзияңда, музыкаңда, сәулетіңде, құқығыңда, әдет-ғұрпыңда, моралыңда, ойлау жүйеңде ислам ізі сайрап жатыр.  Сол себепті исламды қазақ мәдениетінің мазмұны деп атаймыз. Жоғарыда айтып отырған эпистемологияның дұрыс емес деп отыр-ғанымыз осы. Ниет дұрыс болғанмен, танымдық теориясы дұрыс болмады. Бұл да уақыт өте келе түзелер. Қазір біз дәстүр мен дін қатынасы тұрғысынан емес, болмысты дін мен мәдениет қа-тынасынан қарауымыз керек. Себебі кез келген құбылысқа ғылыми танымның терезесінен қарауымыз шарт. Біз зайырлы елміз. Зайырлы елде дінге қатысты нақты ұғымдар, нақты категориялар анықталу керек. Діннің құқықтық негізі — шариғат. Мемлекеттің құқықтық негізі — конституция. Дін мен мемлекеттің қатынасы конституция мен шариғат негізінде ажырайды. Діннің біздің мәдениетіміздегі 18 қабатындағы орны әдет-ғұрып деген жерде ортақтасады, болмысқа, тұтастыққа ұмтылады. Әдет ғұрып та, шариғат та норма қояды, конституция да норма қояды. Норма қою деген сөз —  шаблон ұсыну. Ол адамның құқықтық шеңберін анықтайды. Сондықтан зайырлылық ұстанымы «құқықтық ұстаным» деп айтамыз. Мемлекет пен діннің ажырайтын жері құқықтық негізде ғана,  шариғат пен конституция деп  бөлек қараймыз. Мемлекет пен дінді біртұтас деп атаймыз. Ол тілде, ойлауда, тарихта, әдет-ғұрыпта, музыкада, поэзияда, санада, моральда т.т.  Себебі Қазақстан республикасын құрушы мәдениет — қазақ мәдениеті. Дін мен мәдениет бөлек бола алмайды, себебі дін мәдениетіміздің 18 қабатын көктеп өткен. Ал мәдениетсіз мемлекет болмайды. Тек құқықтық норма тұрғысынан бөлек деп түсіндіріп жатырмыз.

Сәлафизм бүкіл болмысымызды, тарихымызды жоққа шығарғысы келді

— Өзіңіз айтып отырған сәлафизмді деструктивті ағым ретінде әлі тани алмай келеміз. Тәкпіршілдікті де сәлафизмнен ажыратып алдық, онымен қоймай ақтап алдық. Осы салаға жауапты өкілетті органдар «идеология» деп амал жоқтықтың күйін кешіп отырған секілді. Қолдағы бар ресурспен «сәлафизм идеологиясымен» күрес дейді. Идеологиямен күресу, оны жеңу мүмкін бе? Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл уақыт болды, комсомолдың 100 жылдығын тойлап жүрміз.

— Ислам — антропоцентристік дін. Ал, экстремизм деген жалпы, адамды жоққа шығаратын, оның еркін таптайтын, еркіндігін шектейтін, кез келген мәселені адамсыз шешуге тырысатын таным. Адам мәселесі болмаған жерде дін де болмайды. Яғни, ол жерде дін жоқ деген сөз.

Бүгінгі қоғамдағы экстремистік-радикалдық бағыттағы топтар сырттан көшіп келген жоқ, олар біздің отбасымыздан, осы топырақтан, бауырымыздан шыққан азаматтар. Олардың көбі ақида мәселесінен, бұрынғы мен жаңаның арасында немесе дәстүрлі түсінігіміз бен бүгінгі түсініктердің арасындағы діни танымдық жіктен туындап жатыр. Бұл жерде дәстүрлі діни білім берудің тарихи сабақтастығының үзілуі де көп жайды аңғартады. Себебі кеңестік дәуірде діни білім беруге тыйым салынғандықтан дәстүрлі сабақтастық үзілді. Енді егемен ел болып, сабақтастықты қайта жалғайтын кезде осы дін мәселесінде «әке көрген оқ жона алмай» қалды. Себебі, әкелеріміз, аға буын діни танымды, діни тәжірибені, діни білімді баласына беруге қауқарсыз болды. Себебі, ол өзі дінді білмейді. Міне, осындай кезде ұрпақтар арасындағы сабақтастықта үлкен бір дилемма пайда болды. Соның зардабын көріп жатырмыз. Қазіргі күрестің мәні осында жатыр. Бұл табиғи құбылыс, қорқатын мәселе емес. Бұл жерде қай құндылықтық өлшемдер алға шығады деген жарыс болып жатыр. Ұрпақтар арасындағы сұхбатта құндылықтарды таңдау, қабылдау әрі сақтау күресі жүріп жатыр. Жастардың бұрынғы ұрпақты мойындамайтындығы олардың діни танымынан көрініс беруде.

Сәлафизм бағытын ұстанатындар сенің бүкіл болмысыңды, тарихыңды жоққа шығарып, ревизия жасағысы келеді. Жалпы тарихты жоққа шығару — уақытты жоққа шығару деген сөз. Ал, уақытты жоққа шығару — философиялық таным бойынша кеңістікті де жоққа шығару, одан безуді білдіреді. Міне, отанын тәрк етудің тегі осында жатыр. Қазақ не үшін Сирияға кетті? Оны сәлафизм бағытын ұстанатын жастардың танымынан көруге болады: мына топырақ киесіз, құны жоқ, себебі «кәпірлердің топырағы» (дар ал куфр). Бұл жер менің мәңгілік құтқарылуыма, рухани жаңғыруыма әсер етпейді дейді. Өз отанын, туған жерін «дар ул куфр» сонымен қатар «дар ал харб» деп таниды. Бұл екі тіркес те саяси-құқықтық танымдық өлшемдерді анықтайтын категориялар. Сөйтіп, жастардың кейбіреулері халифат идеясымен кетіп, өз отанын тәрк етіп жатыр. Міне, салафизмнің диструктивті ағым екенін, оның экстремистік шаблондарына қарап ажыратамыз.

Біз бүгінгі жастарға, өзінің мұсыл-мандық негізінің басқа мұсылмандардан ешқандай кем емес екендігін түсіндіре беруіміз керек. Өзіміздің тарихымызды ғылыми негіздеп, оның құндылықтарын, танымдық қабаттарын, діни тәжірибесін, Фарабиден бастап Мәшһүр Жүсіпке дейінгі аралықтағы тұлғаларменен, олардың шығармаларыменен, діни білім беруде болсын, зайырлы білім беруде болсын кешенді жүйелі түрде беруіміз керек. Сонда жастарымыз өзінің бүкіл тарихына күмәнмен қарауды тоқтатады деп сенуге болады.

Діннің төрт саласы ─ діни сенім, діни тәжірибе, діни таным және діни сананы тұтас қарастырамыз. Мұның ішінде Құран, сүннет, дәстүр, тарихымыз бар. Қазақтың діни санасы тірі, сонымен есептесуге мәжбүр. Қазақты түп-тамырымен жойып жібермейінше, діни сана жойылмайды. Ол бір субстанция, жауһар, дән. Кез келген топырақта өне бермейді. Сәлафизм топырағында ол ешқашан көгермейді. Егемендік жарияланған кезде, оның көктемі болды, жайлап бүршік ата бастады. Табиғи тұрғыда қалыптасқан болмысын аңсап, орала бастағанда сәлафизмді ығыстырып шығарды. Халық болып сәлафизммен күресу соның бір көрсеткіші іспетті. Сәлафизм мың медресе, я коммунизмнің мың бөлімшесін ашқанмен, діни сана онымен диалектикалық сұхбатқа түседі, күреседі, жоюға дейін барады. Өз ареалын тазалап алады. Мұның аты діни сана, мәдениет деген сөз.

Ал комсомолдың юбилейін тойлап жүргендерді, бүгінгі егемен елдің мұраты мен мемлекеттілігінің мәнін ұғынбаған жартыкеш белсенділер, қазақ мәдениетінің киесін түсінбегендер, ұлт қасіретін сезінбегендер дер едім…Негізі ұғыну, түсіну, сезіну деген интеллектуалдық акциялар ұлт болмысында жалпыға бірдей беріле бермейді..Оның үстіне саяси идеологиялық хаостағы қоғам үшін неге бұлай деудің өзі артықтау…

Түркістан —  киелі тарих,  киелі мекен, киелі кеңістік, киелі уақыт 

— Ағымдағы жылы ҚМДБ филиалы Түркістаннан ашылды. ҚМДБ-ның бұл қадамын қалай бағалар едіңіз?

— Өте орынды сұрақ. Қазақтың діни санасы тірі болғаннан кейін, көптеген дүниені мойындатады. Жаңадан сайланған муфтиді өте іскер азамат деп білеміз. Елбасына алдына барып «Қазақ мұсылмандық мектебін жаңғыртамын» деген азамат. Бұған дейін оны ешкім айтпады. Қаңтар айының соңына таман барлық имамдарды Түркістанға жинады. Тарихи зиярат жасады. Бұл — тарихтағы діни тәжірибені, дін саясатын меңгерген адамның ісі. Түркістан — киелі тарих, киелі мекен, киелі кеңістік, киелі уақыт. Онымен байланысу, онымен тұтас болу — үлкен ұстаным. Тарихи жаңғыру дейді мұны. Муфтидің бұл қадамына оң баға беремін.

— Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан Карипов

kazakhstanzaman.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.