Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ДІНДЕГІ БИДҒАТТЫҢ ТҮРЛЕРІ

0 1  563

قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: “وإياكم ومحدثات الأمور فإن كل محدثة بدعة وكل بدعة “.ضلالة رواه أبو داود عن العرباض بن سارية

Сахаба Ирбад ибн Сәрия (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Істердің жаңадан пайда болғандарынан сақтаныңдар, өйткені, әрбір жаңалық (дінге енгізілген) – бидғат[1]. Әрбір бидғат – адасу».[2]

Әйгілі ғалым, тарихшы Ибнул Әсир[3] (р.х.) өзінің «Ән-Ниһәя» атты еңбегінде айтқандай: «Бидғат екі түрлі болады:

  1. Тура жолдан болып саналатын;
  2. Адасудан болып саналатын».

Қай нәрсе Алла және Оның Елшісі (с.ғ.с.) әмір еткен іске қайшы болса, онда ол құпталмайтын және датталатын істің қатарына жатады. Ал, қай іс Алланың әмірінің жалпы ережесіне сай және Алла мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан сөздерінің жалпы ережесіне қосылса, онда ол – құпталатын іс. Қайбір жақсылық істің бұрын-соңды ұқсасы болмаса және шариғатқа қайшы келмесе, онда ол сауапты іс екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

قال رسول الله صلى الله عليه وسلم : ” من سن في الإسلام سنة حسنة فله أجرها وأجر من عمل بها بعده من غير أن ينقص من أجورهم شىء، ومن سن في الإسلام سنة سيئة كان عليه وزرها ووزر من عمل بها من بعده من غير أن ينقص من أوزارهم شىء “. رواه مسلم في صحيحه من حديث جرير بن عبد الله البجلي رضي الله عنه

«Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет (жол) бастаса, өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді. Ал, кім Исламда жаман әдет бастаса, сол өз күнәсінің және өзінен кейін сол істі істегендердің күнәларының ауыртпашылығын көтереді, ал бұл олардың күнәларының ауыртпалығын еш азайтпайды».[4] Бұған мысал: тарауих намазы туралы Омар (р.а.) айтады:

قال عمر رضى الله عنه نِعمت البدعة هذه

«Бұл қандай жақсы бидғат!».[5] Бұл іс жақсылық және құпталатын болғандықтан, оны бидғат десе де, оны мақтады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі бірнеше түннен басқа түндерде оны оқымаса да, сүннет қылып қалдырмаса да, адамдарды соған жинамаса да, сондай-ақ, Әбу Бәкірдің (р.а.) заманында істелмесе де, Омар (р.а.) адамдарды соған жинады және қызықтырды. Оны «бидғат» деп атағанымен, шындығында ол – сүннет. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: عليكم بسُنَّتي وسنَّة الخلفاء الراشِدين من بعْدي، وقال رسول الله صلى الله عليه وسلم: اقتدُوا باللذين من بعدي أبي بكر وعمر

«Менің және меннен кейінгі тура жолдағы халифалардың жолын ұстаныңдар»,[6] – деген. Тағы бір хадисте: «Менен кейінгі Әбу Бәкір және Омарға ілесіңдер!»[7] – деп өсиет еткен. Осыған орай «Әрбір жаңалық – бидғат» деген хадистің мағынасы шариғатқа қайшы келген іс екендігі ашық білінді».[8]

Имам Нәуәи[9] (р.х.) былай дейді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Әрбір бидғат – адасу» деген сөзі жалпы айтылғанымен, мағынасы бидғаттың көпшілігі.[10] Бұл айтқан сөзін қуаттап, сахих Муслимде келген «Кім исламда жақсы бір жол бастаса…» деген хадистің  түсініктемесінде: «Бұл хадисте жақсылықтарды бастауға қызықтыру және жаман істерді пайда қылудан сақтану айтылды және осы хадисте пайғамбармыздың (с.ғ.с.) «Әрбір жаңалық – бидғат және әрбір бидғат – адасу»[11] деген сөзінің мағынасы жалпы түрде емес, жекеше түрде екендігі және оның мағынасы құпталмайтын жаңалық істер жөнінде екендігі айтылған», – деп жазады.

Хафиз ибн Рожаб[12] (р.х.) «Істердің жаңалық болып енгізілгендерінен сақтаныңдар. Өйткені, әрбір бидғат – адасу» деген хадистің түсініктемесінде былай деген: «Бұл жердегі бидғаттың мағынасы – шариғатта оған нұсқау беретін ешбір негізі болмаған іс. Ал, қай істің шариғатта нұсқау беретін негізі бар болса, онда ол сөздік мағынасы тұрғысынан бидғат болғанымен, шариғат тұрғысынан бидғат болмайды».[13]

БИДҒАТТЫҢ ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ҮКІМІ

Имам Нәуәи (р.х.) «Ғұламалар айтты» дей келе, бидғатты беске бөліп көрсетеді:

  1. Уәжіп (міндетті);
  2. Мандуб (істелінуі жақсырақ болған);
  3. Мухаррам (тиым салынған);
  4. Мәкруһ (ұнамсыз);
  5. Мубах (рұқсат етілген);

Уәжіпке мысал: Ақида ғұламаларының құдайға сенбеушілерге және бидғатшыларға қарсы дәлелдерді тұрғызулары;

Мандубқа мысал: Ғылыми кітаптарды жазу, медреселер құру, т.б.

Мубахқа мысал: Әртүрлі халал тамақтарды жеу;

Мухаррам мен мәкруһтың мысалы ашық».[14]

Дәл осыған ұқсас сөзді Хафиз ибн Хажар Асқаләни[15] Ғиз ибн Абдусәләмнан (р.х.) риуаят етіп, «әл-Қоуағид» кітабының соңында айтып өткен.

Ибн Таймия «Мажмуғул фәтәуа»[16], «Қағида жалила фит тауассул уәл усила»[17] кітаптарында былай дейді:

يقول ابن تيمية في  مجموع الفتاوى وفي كتابه المسمى قاعدة جليلة في التوسل والوسيلة ما نصه:وكل بدعة ليست واجبة ولامستحبة فهي بدعة سيئة، وهي ضلالة باتفاق المسلمين. ومن قال في بعض البدع إنها بدعة حسنة فإنما ذلك إذا قام دليل شرعي على أنها مستحبة، فأما ما ليس بمستحب ولا واجب فلا يقول أحد من المسلمين إنها من الحسنات التى يتقرب بها إلى الله.اهـ

«Уәжіп және мустахаб болмаған бидғаттар «жаман бидғат» болып саналады. Барлық мұсылмандар оны «адасу» деп бірауыздан келіскен. Ал, кейбір жаңалық іске «жақсы бидғат» деп айтқан адамдар ол істің мұстахаб екендігіне шариғатта дәлел тұрғандығына сүйеніп айтқан. Ал, мұстахаб та, уәжіп те болмаған бидғаттың ешқайсысын «Аллаға жақындайтын жақсы іс» деп мұсылмандардан ешкім айтпаған».

Және бір сөзінде имам Шафиғидің (р.х.) төмендегідей сөзін келтірген:

وقال ابن تيمية في مجموع الفتاوى قال الشّافعيّ – رحمه اللّه -: البدعة بدعتان: بدعة خالفت كتابًا وسنّةً وإجماعًا وأثرًا عن بعض أصحاب رسول اللّه صلّى اللّه عليه وسلّم فهذه بدعة ضلالةٍ. وبدعة لم تخالف شيئًا من ذلك فهذه قد تكون حسنةً لقول عمر: نعمت البدعة هذه هذا الكلام أو نحوه رواه البيهقي بإسناده الصّحيح في المدخل.اهـ

«Имам Шафиғи (р.х.) айтты: «Бидғат екі түрлі болады: Құранға, сүннетке, ижмағқа (бірауыздан келісілген іс), кейбір сахабалардан жеткен хадиске қайшы келген бидғат – адасу. Екіншісі – жоғарыда айтылғандарға қайшы келмеген бидғат. Бұл – жақсы бидғат. Бұған дәлел – Омардың (р.а.) «Бұл қандай жақсы бидғат!» деп айтқан сөзі. Осы және осыған ұқсаған сөздерді имам Байһақи сахих санадпен «әл-мәдхал» кітабында риуаят еткен».[18]

Осыған ұқсаған сөздерді ибн Таймия өзінің «әл-Фурқон байна аулияи рохман уә аулияи шайтан» кітабында да айтқан.[19]

Ибн Таймия «Мажмуғул фәтәуа»[20]  кітабының тағы бір тұсында:

وقال في مجموع الفتاوى إذًا البدعة الحسنة – عند من يقسّم البدع إلى حسنةٍ وسيّئةٍ – لا بدّ أن يستحبّها أحد من أهل العلم الّذين يقتدى بـهم ويقوم دليل شرعيّ على استحبابـها

«Демек, бидғатты «жақсы және жаман» деп, бөліп айтқан ғұламалардың айтуынша: бидғат жақсы болуы үшін артынан адамдар ілескен, ғұламалардың біреуі оны ұнатуы керек және оның мустахаб екеніне шариғи дәлелдің болуы тиіс», – деген.

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (С.Ғ.С.) ЗАМАНЫНАН КЕЙІН САХАБАЛАРДЫҢ ҚҰПТАЛАТЫН ЖАҢА ІСТЕРДІ ПАЙДА ҚЫЛУЛАРЫ

  1. Омар (р.а.) адамдарды тарауихқа жинауы. Соған қатысты «Бұл қандай жақсы бидғат!» деп айтқан сөзі.

Хафиз ибн Хажар Асқаләни (р.х.) «Фатхул Бәри» кітабында Омардың (р.а.) сөзіне былай деп түсініктеме береді: «Негізінде, бидғат –  бұрын-соңды болмаған, жаңадан пайда болған іс. Ал, шариғаттағы ұғымы сүннетке қайшы келген іске айтылады. Сондықтан, ол – құпталмайды. Алайда, зерттей келе бидғат егер де шариғаттағы «жақсы» деп саналатын істің ішіне қосылса, онда ол – жақсы бидғат. Егер де шариғатта «жаман» деп саналатын істің ішіне кірсе, онда ол – жаман бидғат. Егер бұл екеуіне де қосылмаса, онда ол мубах (рұқсат етілген) түріне жатады. Бұл бес үкімге бөлінеді»;[21]

  1. Әбу Бәкір (р.а.) заманында Құран Кәрімді жинау, бұл оқиға баршаға мәлім.[22]
  2. Османның (р.а.) жұма күні екінші азанды қосуы. Бұхаридың риуаятында келген хадисте Әссәиб ибн Язид (р.ғ.) айтады: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), Әбу Бәкір және Омардың (р.а.) заманында жұма күні имам мінберге отырған кезде бірінші азан айтылатын еді. Қашан Осман (р.а.) халифа болып, адамдар көбейген кезде, Мәдина қаласының базарындағы Зәура жерінде үшінші азан айтылуын бұйырды».[23] Имам Бұхари бұл азанды үшінші деп атағаны қаматты да азанның қатарына қосып есептегендігінен.

Ибн Хажар Асқаләни (р.х.) былай дейді: «Расында, адамдар Османның (р.а.) қылған ісін барлық өлкелер мен қалаларда амалға асырды. Өйткені, ол халифа және адамдар оған бас иетін болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында болмаған кез келген іс бидғат. Бірақ оның кейбірі жақсы деп баға беріліп, құпталған. Ал, кейбірі керісінше құпталмаған. Бұл баяндалған сөзден расында Османның (р.а.) басқа намаздармен салыстыра отырып, жұманың уақыты кіргендігін адамдарға білдіру үшін бұл азанды енгіздігі анық байқалады. Ал, құтпа оқушы имамның дәл алдында азан айтылу ерекшелігін сол бойынша қалдырды. Негізгі ережеден қосымша бір мағынаны шығару қате емес екендігі осы жерде көрініс табады».[24]

Хадисте баяндалғандай, Пайғамбарымыз: «Сендердің араларыңда кім менен кейін өмір сүрсе, өте көп талас-тартысты көреді. Сендер менің сүннетімді және тура жолда болған халифалардың сүннетін ұстаныңдар»,[25] – деп ескертеді.

Дініміздегі жақсы бидғаттардың тағы бір түрлері: Рамазан айында әр түні Мекке, Мәдинада жамағатпен түнгі тәһәжжуд намазын оқу, тарауих намазында Құранды хатым ету, т.б. Егер де бидғаттың әрбірін адасу деп айтқан адамның сөзіне келіссек, онда Құран Кәрімді бір кітапқа жинап жазуды, тарауихтарға адамдардың жиналуын жоққа шығаруға, сондай-ақ, жұма күні екінші азанды айтпауға тура келеді. Онымен қоса сахабаларды «адасқан бидғатшылар» деп айтуға тура келеді. (Алла бізді сақтасын!).

 

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (с.ғ.с.) ІСТЕМЕГЕН АМАЛДЫ ІСТЕУ ХАРАМ БА?

Кейбір кісілер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір істі жасамаған болса, онда сол істің харам немесе мәкруһ екендігін дәлел етеді.

Осы орайда, Ибн Хазм[26] (р.х.) өзінің «әл-мухәллә» кітабында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рамазаннан бөлек ешбір айда толық ай бойы ораза ұстамаған. Алайда, бұл бір ай толық ораза ұстаудың мәкруһ екендігін білдірмейді»,[27] – дейді.

Бір істің харам болуы үшін ол туралы тыйым келуі немесе ол істі жамандау, оның артында азап бар екендігіне уәде беру немесе харамдығын білдіретін шариғаттағы жалпы ережелердің аясында болуы шарт. Құранда Алла Тағала: «Пайғамбар сендерге нені алып келсе, соны ұстаныңдар, ал неден қайтарса, содан тыйылыңдар»,[28] – деді. Бұл аятта Алла Тағала: «Нені істемесе, содан тыйылыңдар», – деген жоқ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Мен сендерге нені бұйырсам, шамаларың келгенше соны істеңдер. Ал, неден сендерді тыйсам, содан сақтаныңдар».[29] Бұл хадисте де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мен нені істемеген болсам, одан сақтаныңдар», – демеген.

Усул ғылымындағы (фиқһ негіздерінің) ғұламалардың ешқайсысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) істемеген істі харам екендігіне дәлел қылып қолданбаған. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінің анықтамасында да мұндай сөзбен келтірмеген. Сонымен қатар, бір істі тастау харам екендігінен бөлек, басқа да үкім болуына ықтималы бар. Ал, фиқһ негіздерінің ережесі бойынша «қай істе ықтимал болса, ол дәләлге жарамайды».

Мухаддис, фақиһ, муфассир, тіл маманы, шейх Абдулла ибн Мухаммад әл-Харари әш-Шәйби «Сорихул баян» кітабында былай дейді:

ومما يدلّ على أنه ليس كل ما أحدث بعد رسول الله أو في حياته مما لم ينصّ عليه بدعة ضلالة إحداث خبيب بن عدي ركعتين عندما قُدّم للقتل، كما جاء ذلك في صحيح البخاري…ومما يدلّ أيضًا على ذلك أن الصحابة الذين كتبوا الوحي الذي أملاه عليهم الرسول، كانوا يكتبون الباء والتاء ونحوهما بلا نقط، ثم عثمان بن عفّان لما كتب ستة مصاحف وأرسل ببعضها إلى الآفاق إلى البصرة ومكّة وغيرهما واستبقى عنده نسخة كانت غير منقوطة. وإنما أوّل مَن نقط المصاحف رجل من التابعين من أهل العلم والفضل والتقوى، يقال له يحيى بن يعمر

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасамаған істің барлығы, адасушы бидғат емес екендігіне тағы бір дәлел: сахих Бұхариде келген хадисте Хубайб ибн Ади (р.а.) өлер алдында екі рәкағат намаз оқығандығы. Сондай-ақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түскен уахиды жазған сахабалар «бә және тә,т.б.»  әріптерін нүктесіз жазған. Кейін хазіреті Осман (р.а.) Құранның 6 нұсқасын жазғызып, жан-жаққа таратқан кезде де олардың ішінде нүктелер жазылмаған еді. Құрандағы нүктелерді ең алғашқы қойған – ілім мен тақуалық иесі табиғин Яхья ибн Яғмур (р.а.) есімді адам. Бұл туралы риуаят Ибн Әбу Дәуід Сижистанидің «китабул масохиф»[30] кітабында былай келген: Харун ибн Муса айтты: «Құрандағы ең алғашқы нүктелерді қойған Яхья ибн Яғмур».

 Егер пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында болмаған кез келген іс бидғат деп білсек, Құрандағы нүктелерді де алып тастауға тура келер еді.

عن عائشة رضي الله عنها قالت: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: ” مَن أحدث في أمرنا هذا ما ليس منه فهو رد”

Айша анамыздан (р.а.) келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім біздің ісімізден болмаған жаңалықты пайда қылса, онда ол қайтарылған (яғни құпталмайды)».[31] Шейх Мухаммад Әли Ассабуни[32] (р.х.) бұл хадистің мағынасына қатысты былай деген: «Шариғатқа және оның негізгі ережелеріне қайшы келген істі жаңадан пайда қылса, онда ол құпталмайды және қайтарылады. Бұл жерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біз істемеген істі кім істесе деген жоқ. Құпталмаған бидғаттың шеңбері – исламның негізгі ережелеріне қайшы келеді».[33]

Осы орайда әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді түсінбей, адасушылыққа, түбі тозаққа жетелейтін бидғат санап жүргендер елімізде де кездеседі. Ұлы Дала төсіндегі озық салт-дәстүр мен Ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде жатыр. Ислам құндылықтары мен халқымыздың ғасырлар бойғы мәдениеті арасында әдемі сабақтастық пен үндестік көрініс тапқан. Исламнан бастау алған қазақ мәдениеті адамға жан-жақты тәрбие беріп,  инабатты ұл, қылықты ибалы қыз болуға, кәміл жетілуге тәрбиелейді.

Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен бітеқайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Біздердің барлық салт-дәстүріміз бен әдет ғұрыпымыз шариғатқа сай десек қателеспейміз.  Себебі, он екі ғасыр бойы бабаларымыз Ислам дінін ұстанғандықтан, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қазақ жеріндегі Ислам ғалымдарының көз алдында өрбіді. Демек, осы уақытқа дейін шариғатқа сәйкес келген салт-ғұрыптарымыз дінмен бітеқайнасып,  өзара үйлесімдік тауып, Исламмен бірге жасампаз болып жанданды. Ал, олардың тозықтары кезінде-ақ  ұмыт қалды.

Өкінішке орай, бүгінгі күні жат ағымның ықпалында жүріп, Исламды дұрыс түсінбей, соның салдарынан халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне  сескене қарайтындар бар. Біле білсек, сан ғасырлардан бері бабаларымыздың ұстанған Исламның жолы Әбу Ханифа мәзһабы – осы  салт-дәстүрімізді ардақтауға, тамырлы тарихымызды ұмытпауға, ел тыныштығының сақталуына бағытталған.

Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдет-ғұрыпқа мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді».

Хадис ғалымдары сахаба Абдулла ибн Масғұдтың (р.а.):

مَا رَءاهُ المُسْلِمونَ حَسَنًافَهُوَ عِنْدَ اللهِ حَسَنٌ، وَما رَءاهُ المُسْلِمونَ قَبِيحًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ قَبِيحٌ

«Мұсылмандардың жақсы деп қабылдағаны – Алланың құзырында жақсы, ал мұсылмандардың жаман деп қабылдағаны жаман болып есептеледі», – деп айтқанын жеткізеді.

ҒҰРЫПТЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ШАРТТАРЫ:

Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:

  1. Құран Кәрім мен сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
  2. Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.
  3. Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

ӘДЕТ-ҒҰРЫПТЫҢ ФИҚҺ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ РӨЛІ:

Фиқһта  الْعَادَةُ مُحْكَمَةٌ «Әдет-ғұрып – үкім шығару құралы» деген қағида бар. Имам Малик (р.х.) өзінің пәтуаларында Мадина халқының әдет-ғұрыптарына көп сүйенетін болған. Ал, имам Шафиғи Мысыр еліне көшіп барғанда, әуелгі Бағдат қаласында шығарған үкімдерін өзгертті. Өйткені, Бағдат халқының әдет-ғұрпына Мысыр жұртының әдет-ғұрпы сай келмейтін  еді. Міне, сондықтан имам Шафиғидің ескі және жаңа – екі мәзһабы болды.

Ислам дініндегі шоқтығы биік ғұлама Әбу Ханифа да мәселелердің шешімін табуда жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жіті ескеретін. Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді:

وَالْعُرْفُ فِي الشَّرْعِ لَهُ اعْتِبَارُ**** لِذَا عَلَيْهِ الْحُكْمُ قَدْ يُدَارُ

Ғұрыптың шариғатта орны бар,
Кейде үкім соған орай орнығар.

Бір сөзбен айтқанда, әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки пәтуа  беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады.

Автор: SUNNA.KZ порталы

[1] Дінге жаңалық енгізу.

[2]Хадисті Әбу риуаят еткен.

[3]Мухаддис және тарихшы Ибнул Асир әл-Жазари Әшшайбани 555-630 х. Жазған еңбектері: «әл-кәмилу фит тарих», «усудул ғоба фи мағрифатис сахаба» т.б.;

[4]«Сахих Муслим».

[5]«Муатта» Имам Мәлик.

[6]«Әбу Дауд» 4607-ші хадис.

[7]«Тирмизи» 6230-шы хадис.

[8]«Ән-Ниһәя фи ғорибил хадиси уәл әсәр» Ибнул Асир 1/106-107-ші бет.

[9]Әйгілі мухаддис, шафиғи мазхабының фиқһ ғалымы Әбу Зәкәрия Яхья ибн Шараф ән-Нәуәуй 631-679 х. Жазған еңбектері: «риядус солихин», «Арбағин Нәуәуйя», т.б.

[10]«Шарху Муслим» Нәуәуй 6/154-ші бет.

[11]«Әбу Дауд» 4/200-ші бет, 4607-ші хадис, «Нәсәи» 3/188-ші бет, 1578-ші хадис, «Ибн Мәжә» 1/17-ші бет, 45-ші хадис.

[12]Хадисші ибн Рожаб әл Ханбали 736-795 х. Ибнул Қойим әл-Жаузия, Ибн Нақиб әш-Шафиғи, имам Нәуәуйлардан дәріс алған. Жазған еңбектері: «Жамиғул ғулум фил хикам», «Шарху сахих Бұхари» т.б.

[13]«Шарху ибн Рожаб әләл арбағин Нәуәуйя».

[14] «Шарху Нәуәуй ғала Муслим» 6/154-ші бет.

[15] Әйгілі хадисші шейхул ислам Шихабуддин ибн Хажар әл Әсқаләни 773-852 х. Жазған еңбектері: «Фатхул Бәри», «Әл исоба фи тамизис сахаба», т.б.

[16] «Мажмуғул фәтәуа» 1/161-162-ші бет.

[17] «Қағида жалила фит тауассул уәл усила» 2/28-ші бет.

[18] «Мажмуғул фәтәуа» 20/163-ші бет.

[19] «әл-Фурқон байна аулияи рохман уә аулияи шайтан» 1/162-ші бет.

[20] «Мажмуғул фәтәуа» 27/152-ші бет.

[21] «Фатхул Бәри» 4/253.

[22]«Бұхари» 6/2629-шы бет, 6768-ші хадис.

[23]«Бұхари» 1/309-шы бет, 870-ші хадис.

[24]«Фатхул Бәри» 2/394-ші бет.

[25]«Әбу Дауд» 4/200-ші бет, 4607-ші хадис, «Тирмизи» 5/44-ші бет, 2676-шы хадис, «Ибн Мәжә» 1/15-ші бет, 42-ші хадис.

[26]Тарихшы Әли ибн Хазм 384-456 х. Жазған еңбектері: «әл-Ахлақ уас Сияр», «әл-ихкам фи усули ахкам» Шәкірттері: Ибн Таймия, имам Зәхәби, Ибнул Қойим, имам Шәукәни.

[27]«Әл-мухәллә» 2/279-шы бет.

[28]«Хашр» сүресі, 7-ші аят.

[29]«Бұхари» 6/2658-ші бет, 6858-ші хадис, «Муслим» 2/975-ші бет, 1337-ші хадис.

[30] «Китабул масохиф»158-ші бет.

[31] «Сахих Бұхари», «Сахих Муслим».

[32] Тәпсірші Мухаммад Әли Әссабуни жазған еңбектері: «Софуатут тафасир», т.б.

[33] «Риядус солихин» 88-ші бет.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.