Алладан – мейір,
Адамнан – пейіл
(Қазақ мақалы)
Қазақ халқы ежелден келе жатқан игi дәстүрлерiнiң бiрi – қонақжайлық. Кезкелген жағдайда да «құдайы қонақпың» деп келген адамды кеудесiнен итермей, жылы ықылыаспен күтіп алып, «қолдағы барымен» дегендей шамасы келгенше сый-құрметiн көрсетiп аттандыру әркiмнiң борышы сияқты болатын.
Келген қонақ оның танысы болуы шарт емес. Әрбiр жолаушы қазақ үйiнде қонақ асы «бөлiнбеген еншiм» бар деп білген.
Қонағасыны «бөлiнбеген еншi» деудiң өзi қазақ арасына кең тарап, дәстүрге шығу тегiн халық аңызы Алаша ханның атымен байланыстырады.
Қартайған шағында Алаша хан бар мал-мүлкiн теңдей төрт бөлiкке бөлiп, үш бөлiктi үш баласы – Ұлы, Орта және Кiшi жүзге берiп,төртiншi бөлiктi қонақ сыбағасы болсын деп, үшеуiнiң ортақ меншiгiнiне қалдырыпты.
«Қонақ келді құт келді» өз несібесімен бірге ала келді деген сенімде болған халқымыздың ұстанымдары иләһи құндылықтармен ұштасып жатқанын байқаймыз. Мүбарак мәтінді хадистердің бірінде: «Қонақ өзінің ризығымен келеді және кеткенде, отбасының күнәсі кешріліп, береке келеді», «Алла Тағала жұртқа ас берген жомарт құлымен періштелеріне мақтанады» ,«Қонақ дастархан басынан тұрып кеткенше періштелер үй иесіне дұға етеді» деген.
Алланың бергенінен сараңдық ету біреудің несібесін қағу деп түсінгеніміз дұрыс. Оның артында өзіңіздің де несібіңізге кесірі тиюі әбден мүмкін. Қазақта шақырылған қонақтың жөні бір бөлек, арнайы қонағымыз – алыстан арнайы келген жақын туыс, нағашы, жиен, құда, қайын, жекжатың немесе шынайы достарың, жасқы жолдас-жораң. Міне бұл – нағыз сыйлы қонағың.
Құдайы қонағымыз — өзің танымайтын, білмейтін шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп ат басын бұрған, жолшыбай келіп түскен қонақ. Міне, бұл – нағыз сауап, ерекше сыйлық. «Құдайдың өзі жіберіп, бізге сауабын алуды нәсіп еткен қонақ» құдайы қонағымыз.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейді дана халқымыз. Яғни, қонақты әспеттеу, ғизат-құрмет тұтудың бір өнегелі танымы. Сондықтан қай қонақ болмасын «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал» деп қонақтың дұғасының қабыл болуынан үміт еткен халқымыз, астан соң бата сұрау үрдісін баяғыдан әдетке айналдырған. Жолаушының дұғасы қабыл болатыны хадистерден де белгілі. Яғни, қонақтың үй иесіне бата беруі Пайғамбарымыздан (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) қалған сүннет.
Алланың ақырғы Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!)ас берген үйдің қожайынына дұға қылатын еді.Саъд бин Муаздың үйінде Пайғамбарымыз(Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) ауыз ашты да: «Дастарханыңыздан ораза ұстағандар дәм татсын. Астарыңызды ізгі кісілер жеп, періштелер сіздерге дұға етсін», – деп бата берген. Ал, қазекем «Баталы құл арымас батасыз құл жарымас» сол қонағының асты-үстіне түсіп, күтіп батасын алуды әдетке айналдырған ғой.
Міне, бір дәстүрме бір дәстүріміз қабысып, ұлттық мәдениетіміз қалыптасқан халықпыз ғой. Алла осы бірегейлігімізден айырмасын.
Рахматулла Оразұлы
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің найб имамы