Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жігіттер ғана оқитын жазба

0 322

Хазіреті Омар заманында бір жас жігіт бар еді. Бұл жігіт бейне бір мешіттің көгершіні тәрізді болған. Құлшылықтың парыздарына сақ қарап, онымен қоймай нәпіл ғибадаттар арқылы Хақ Тағалаға жақындығын көрген кісі бірден білетін.

Бірде Халифа Омар әлгі жігітті мешіттен көре алмады. Ол мешітке келген қарақұрым жамағаттың бәрін танып, келіпкелмегендерін бақылап отыратын. Ол әлгі жігітті ары-бері қарап таба алмаған соң жамағатына дауыстап: «Пәлен деген жігіт бар еді ғой. Қайда өзі? Бір-екі күн болды мешітте көре алмай жүрмін» деді. Алайда ел бірден жауап бере алмай бәрі бірдей үнсіз қалып, бастарын салбыратып, күмілжіп қалды. Омар бұлардың мына түсініксіз әрекеттеріне таң қалып қайтадан сұрағанда іштерінен біреу тұрып: «Уа, мұсылмандардың Әміршісі! Оны әдепсіз бір жерге апаратын жолда өлі күйінде тауып алдық. Сенің көңіл-күйіңді бұзбайық деп шұғыл жиналып жаназасын шығарып, жерлеп тастағанбыз» дейді.

Хазіреті Омар парасаттылығымен оның қалай өлгенін сезе қояды. Бұл былай болған еді: Әлгі жас жігіттің үйінен мешітке баратын жол жиегінде зинақор әйел тұратын. Ол ылғи да бұл жігіттің жолын торуылдап, алдынан шығып өзіне тартатын. Әлгі жігіт бойдақ еді. Әйел оны жолдан тайдыру үшін шайтанның барлық айласын қолданып бақты. Бірақ әр уақытта жас жігіт әйелдің ұсыныстарына қарсы тұрып, бетін қайтарып, күнәға батудан аулақ жүретін.

Алайда әрбір адамның қанша дегенмен бір осал тұсы болады. Міне, сол күні жас жігіт әлсіздік танытты. Әйел тағы да алдынан көбелектей көлбеңдеп шығып, өзіне тартқанда жігіт төзе алмай әлгі әйелдің соңынан еріп үйіне қарай жүреді. Есігінің алдына келіп, кіре берген кезде жігіттің бірден еріндері еріксіз қимылдап бір аятты оқи бастайды. Яғни жігіт еріксіз түрде осы аятты қайталап тұрған орнында қатып қалады.

Ол алдында өзіне не болғанын білмей, артынша есін жинаған кезде бір аятты қайталап тұрғанын сезеді. Сезгені сол-ақ жүрегі бірден тоқтап, жерге гүрс етіп құлайды. Оған көктен жаңа түскендей қатты әсер еткен аят мынау еді:

«Хақ Тағаладан қорыққандар әрқашан тақуалық қорғанында ғұмыр кешеді. Оларды шайтан азғыра қалса, дереу Аллаһты еске алып, естерін жияды» («Ағраф» сүресінің 201-аяты).

Бейне бір жігіт осы аятты көктен жаңа түскендей сезінеді. Ол өзінің қандай іске қадам басқанын аңғарып, Құдай Тағаладан қатты ұялады. Раббысының оған деген осыншама жақсылығын ұмытып, бір сәт болсын күнәға пейіл көрсеткені үшін тұла бойын қатты үрей билейді. Әсіресе осындай сәтте Раббысының оны өз нәпсісінің құрбаны етпей, тіліне әлгі аятты салып, Өзіне қаратқаны оған қатты әсер етіп, шыдай алмай өліп кетеді.

Хазіреті Омар дереу адамдармен бірге әлгі жігіттің қабірінің басына барады. Ол сол жерде тұрып оның бұл тақуалығын өзгелерге ғибрат етіп Құрандағы: «Раббысынан қорыққандарға екі Жәннат бар» «(Рахман» сүресінің 56-аяты) деп дауыстайды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.