Сейсенбі, 15 қыркүйек 2026 ж. 4 рабиғул ахир 1448 һ.ж. Астана қаласы
Намаз уақыты Намаз
Таң 04:15
Күн 05:44
Бесін 12:15
Екінті 16:34
Құптан 20:03
Мақалалар

Пайғамбардың (с.ғ.с) сөзіне өлең араластырып сөйлеуі

11 рет оқылды
Пайғамбардың (с.ғ.с) сөзіне өлең араластырып сөйлеуі

Айша анамыздан (р.а) адамдар: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өлең шумақтарынан қосып сөйлейтін ба еді?», деп сұрады. Сонда Айша анамыз ибн Рауаханың өлеңдерін мысал етіп айтатын. Оның бірі «Кейде сен дайындалмаған адамнан хабар аласың» деп сөзіне қосатын.


Бұл ибн Руаһа толық есімі – Абдулла ибн Руаһа Ансарлық Хазражи тайпасының ақыны болған. Ол Ақаба келісімінде болған. Сонымен қатар Бәдр, Ухуд, Хандақ соғыстарына қатысқан. Тек Меккені азат етуге қатыса алмаған. Хижраның сегізінші жылы Му’та соғысы кезінде шейіт болған.

Алла елшісі ойынан өлең шығармаған. Себебі оған «ақын» деп те жала жапқандар болды. Бірақ олардың айтқандары жала екендігі айдан анық. Алла елшісі (с.ғ.с) ақындық өнерімен танылмаған еді. Алла тағала Қасиетті Құранда:

«Біз оған (Мұхаммедке) өлең үйретпедік, бұл оған тіпті жараспайды да. (Оның сендерге жеткізгені) тұнып тұрған насихат пен иләһи нұсқау және (Хақтан келгендігімен бастан-аяқ ақиқат екендігі) айдан анық Құран, басқа түк те емес», (Ясин сүресі, 69).

Егер Алла елшісінің (с.ғ.с) табиғатында өлең шығару қабілеті болған болса «ол Құранды ойынан шығарып алды» деп жала жабар еді.

Алла елшісі (с.ғ.с) «Расында ақындардың ішінде ең шынайы сөз айтқан ол – Ләбид. Алладан басқаның барлығы жалған (деген өлеңі болатын)» деп айтқан.

Ләбид ибн Рабиға әл-Амири арабтардың арасында өте танымал ақындардың бірі болған. Исламды қабылдағаннан кейін ақындық өнерін тастаған екен. Неге деп сұрағанда, «маған Құран жеткілікті» деп айтатын.

Соғыстардың бірінде Алла елшісі (с.ғ.с) саусағын жаралап алады. Сол кезде: «Сен бар болғаны Алланың жолында қанап жатқан саусақ қанаcың» деген өлеңді оқыған. Бұл ибн Руаһаның Му’та соғысында шығарған өлеңі. Алла елшісі (с.ғ.с) тек ақиқатқа қарсы келмейтін, Алланы ұлықтайтын өлеңдерді ғана айтқан.

Мұсылмандар Худайбия келісімінде Ұмра өтей алмай қайтқан болатын. Келесі жылы «умратул қодо» қаза умра өтеуге Меккеге кіріп келе жатқан кезде ибн Руаһа деген ақын мына бір өлеңін оқиды:

«Кәпірлердің балаларын жолына қоя беріңдер, Бүгін (Пайғамбарымызды (с.ғ.с) төмендеткендері үшін оларға соққы береміз. Соққымыз бастарын мойындарына түсіреді, Досты досынан ұмыттырады» деген өлеңді оқып келе жатқан еді.

Сол уақытта Омар айтты «Әй, ибн Руаһа сен Алла елшісінің және харам аймағында өлең оқып келе жатырсың ба?» дегенде, Алла елшісі (с.ғ.с): «Әй Омар оны жайына қой, оның оқып келе жатқан өлеңі кәпірлерге садақтың оғынан да қатты тиеді» деп айтқан.

Алла елшісі (с.ғ.с) сахабаларымен бірге отырған кезде сахабалар өлең оқитын, және қараңғылық кезіндегі оқиғаларды еске алатын болған. Оларды тыныш тыңдап арасында олармен бірге жымиятын.

Айша анамыз (р.а) айтады: Алла елшісі (с.ғ.с) Хассан ибн Сабитке мешіттен мінбер жасап берді. Ол шайыр сахаба болатын. Ол мінберде тұрып Пайғамбарымызды (с.ғ.с) мадақтайтын. Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с): «Хассан Алла елшісін қорғап тұрса, Алла тағала Хассанды Қасиетті рухпен (Жебірейіл а.с.) қолдайды» деп дұға жасайтын болған.

Жалпы ақындық өнерді жақсы жаққа пайдалануға да және бұзықтыққа да пайдалануға болады. Егер Алланы мадақтайтын, Пайғамбарын жақсы көруге шақыратын, елін сүюге итермелейтін өлеңдер болса шариғатымызда рұқсат. Егер адамды азғындыққа итермелейтін Алланың харам еткен дүниелеріне қызығушылық оятатын өлеңдер болса, ол шариғатымызда харам етілген.

материал  «Алла елшісін көргім келеді» кітабынан алынды,

sunna.kz