Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дінімізде карантин жайлы не айтылған?

0 1  005

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Бүгінгі таңда әлемді алаңдатқан коронавирус жайлы естімеген адам жоқ болар. Беталысы жаман бұл ауырудан карантин жариялаған елдімекендер, кең таралған елдерге байланысты визалық шектеулер қойлып, қатысты органдар ондай мемлекеттерге бармауға қайта-қайта кеңес беруде. Анығында бұл жағдай қаны бір бауырларымыз үшін аса сақтықпен қарауға тиісті мәселенің бірі деуге болады.

Дінімізде тағдыр талқыға түсетін  мұндай мәселелерді «тағдырдың ісі» ретінде қарастырып, қолдан келетін алғашқы адымдағы сақтық шараларына салғырт қарайтын ағайындар да кездесіп жатыр. Бірде Алланың ақырғы Елшісі Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) құлайын деп тұрған үйдің қасынан өтіп бара жатып, жүрісін жылдамдатады. Сонда қасындағы сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Алланың қазасынан қашып барасыз ба?» – деп сұрағанда, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың қазасынан Алланың тағдырына (қадарына) сыйынамын», – деп жауап береді. «Тағдырдың ісі», «Құдайдың басқа салғанын көреміз» деп соқыр тәуекел жасаса Пайғамбар (с.ғ.с.) білмей ме? Алайда Алла Елшісі (с.ғ.с.) бар істі тағдырға жауып қойып, қолдан келетін себепті жасамаудың дұрыс емес екенін біледі.

Ал, көтеріп отырған тақырыбымыз жайында хадисте былай делініпті: «Бір жерден оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер сендердің тұрып жатқан жерлеріңде оба ауруы шықса, онда ол жерден шықпаңдар» (Бухари риуаяты). Бұл хадистің тағы бір айтылымында «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар. Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнәға батады. Ал сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей ажал тапқан адамға шейіт сауабы жазылады». Пайғамбарлар Сұлтаны (с.ғ.с.) бұл хадисінде жұқпалы аурудан сақтанбаудың салдары қандай болатынын ескерте отырып, ауру ошағын оңашалау арқылы, инфекцияның сыртқа жайылмау жолын қарастыратын карантин жүйесін ұсынып отыр.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) тағы бір хадисінде: «Алапеске шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар (яғни қорғаныңдар). Алапес адам бір жерге баратын болса, сендер басқа жаққа кетіңдер. Алапеске шалдыққан науқасқа көп қарай бермеңдер. Олармен сөйлескен кезде де араларыңда бір немесе екі найза бойы қашықтықты ұстаңдар», – делінеді. Байқап отырғанымыздай хадисте Адамзаттың ұстазы (с.ғ.с.) жұқпалы індет тараған кезде сау адамдардың алдын алу шараларын қарастыруын бұйырады.

Аталған хадистерді бірлестіре қарайтын болсақ, адамдар жұқпалы аурулардан сақтауға, сол аурулардың жан-жаққа таралмауы үшін алдын ала әкімшілік, медициналық-санитариялық кешенді шараларды қолға алуды дініміз барынша қуаттайды.Хазіреті Омар (р.а.) айтізбенің (һижри жыл санауының) 18-жылы Шам өлкесіне жолға шығады. Алайда, Шамға жетпей ол жақта оба ауруы тарап жатқаны естіп кері қайтады. Мұны көрген Шам қолбасшысы Хазіреті Әбу Убайда ибн әл-Жәррах: «Уа, Мүміндердің әміршісі! Алланың тағдырынан қашпақсыз ба?» – дейді. Сонда Хазіреті Омар: «Ей, Әбу Убайда! Әттең, бұл сөзді сенен басқа жан айтқанда ғой! Иә, Алланың тағдырынан қайтып, Алланың тағдырына қашып барамыз. Тағдырға не жазылғанын бір Алла біледі. Мәселен, сенің жайылымға шыққан түйелерің, бір беткейі тақыр, шөбі селдір,  келесі беткейінің шөбі шүйгін бір сайға түсті делік. Сен түйелеріңді шалғынды, шұрайлы беткейге жайып тойдырсаң да, тақыр бетке жайып түлкі құрсақ қалдырсаң да Алланың тағдырына сәйкес әрекет еткен болмайсың ба!?», – деп қисынды жауап береді. Алайда, тағдырда жазғанын көрермін деген ниетпен Хазіреті Әбу Убайда ибн әл-Жәррах кері қайтпай Шамға кетеді де, сол жақтағы өзге де беделді сахабалардың  қатарында оба ауруынан  қайтыс болады. Тарихи деректерге сәйкес Шам өлкесінде шыққан «Амуас обасы» 25 мың адамның өліміне себеп болыпты.

Дініміз осылайша, сау адамдардың ауру ошағы болған жерлерге бармауды қуаттай отырып, эпидемия ошағындағы адамдарға сыртқа қашпауды, бейуаз адамдарға жұқтырмауды талап етеді. Себебі, дінімізде адам өмірі – Алланың аманаты ретінде қатастырылатын өте қастерлі құндылық. Ал, оған қауіп төндіру, қастық жасау – ауыр күнәлі істерден саналады. Айталық, әртүрлі жолдармен бейуаз адамның өліміне себеп болуды барлық адамды өлтіргенмен бірдей қарастырады. Құрандағы «Мәида» сүресі 32-аяты: «Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық», – деген.

Қортындылай айтқанда, «тағдырды» сылтау етіп («Құдайдың басқа салғанын көреміз» деген сияқты) сақтық шараларын тәрк ету дұрыс болмайтынын аңғарамыз.

Оразбек САПАРХАН

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі, Халифа Алтай. Мадина.

2.Жолдасов А., Әділетті төрт халифа тарихы, Шымкент. 1998.

3.Сейтбеков С., Иман негіздері. – Алматы; Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры, 2011. -376 бет.

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.