Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Тіл кеспаты – ғайбат

0 1  954

Тілден келер кесірлі күнәнің бірі – ғайбат. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде ғайбаттың қаншалықты жиіркенішті екені жайында дәлелдер жеткілікті. Алла Тағала ғайбат айтушы адамды Құранда өлексенің етін жеген адамның бейнесінде сипаттайды:

وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا ۚ أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۚ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

«Бір-біріңді аңдымаңдар және бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын, өлген бауырының етін жегенін ұната ма? Әнеки бірден жиіркендіңдер. Ендеше Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла Тәууаб (құлдарының шынайы тәубесін қабыл етуші), Рахим (тәубеге келіп, Өзіне бет алған құлдарына ерекше мейірімді)»,[1] – деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак хадисінде:

كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ

«Бір мұсылманның екінші мұсылман үшін қаны, малы, ары харам болды»[2], – десе, екінші бір хадисінде:.

                                إيَّاكُمْ وَالْغَيْبَةُ فَإِنَّ الْغَيْبَةَ أَشَدُّ مِنْ الزِّنا، فَإِنَّ الرَّجُلَ يَزْنِي وَيَتُوبُ فَيَتُوبُ اللهُ سُبْحَانَهُ عَلَيْهِ وَإِنَّ صاحِبَ الْغَيْبَةِ لَا يَغْفِرُ لَهُ حَتَّى يَغْفِرَ لَهُ صَاحِبُهُ

«Ғайбаттан аулақ болыңдар, шынында ғайбат зинадан ауырырақ, егер зина жасаған адам шынайы тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді, ал ғайбат болса, ғайбат қылған адам кешірмейінше Алла оны кешірмейді»[3], – деді.

Енді бір хадисте:

            لَمَّا عُرِجَ بِي مَرَرْتُ بِقَوْمٍ لَهُمْ أَظْفَارٌ مِنْ نُحَاسٍ يَخْمِشُونَ وُجُوهَهُمْ وَصُدُورَهُمْ , فَقُلْتُ : مَنْ هَؤُلاءِ يَا جِبْرِيلُ ؟ قَالَ : هَؤُلاءِ الَّذِينَ يَأْكُلُونَ لُحُومَ النَّاسِ وَيَقَعُونَ فِي أَعْرَاضِهِمْ

«Исра түні жезден болған тырнақтарымен беттерін, кеуделерін тілгілеп жатқан қауымды көрдім. Жебрейілден бұлар кімдер деп сұрағанымда: Олар адамдардың арасында ғайбат айтып, ар-абыройларына қол сұққан адамдар»[4], – деді.

Осы орайда айта кететін жайт, адам баласы ғайбатты тек тілімен ғана емес, сонымен қатар ишарат, ым әрекетпен де жасайды. Айша анамыздан жеткен хадисте:

قَوْلَ عَائِشَةَ رَضِي اللهُ عَنْها: دَخَلَتْ عَلَيْنا اِمْرَأَةٌ فَمَا وَلَتْ أَوْمَأْتُ بِيَدِي أَنَّها قَصِيرٌ فَقَالَ عَلَيْهِ السّلامُ : “اِغْتَبْتِها”

«Бірде бізге бір әйел кірді, пайғамбарымызға қолымен оның қысқа екенін меңзедім, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл әрекетімнің ғайбат екенін айтты[5]».

Адамның сыртынан анығына жетпей, тон пішу – ол үшін жасаған қиянат болмақ. Мысалы, кешкі уақытта көршінің қызын бір ер адам үйіне жеткізіп тастаса, ол ер адамның кім екенін анықтамай жатып, көршінің қызы жайында жаман пікірлер айтса, ол нағыз зұлымдық, әрі ғайбат болады. Өйткені ол ер адам оның ағасы, нағашысы, т.б жақын туысы болуы мүмкін.

Ғайбатқа итермелейтін себептер:

1.Ғайбат айту арқылы жүрегінде ауруы бар адамдар ашуын сейілтеді.

2.Топты қолдау: Бір топтың арасында бір адамды әңгіме етіп, ғайбатталған кезде, ғайбатты тоқтатудың орнына, қосылып жамандау.

3.Серігінің қылмысына ортақ болмау: Бір қылмыс жасалған кезде ол қылмыстың ауылын өзінен алыс ету үшін аталған азаматтың артынан ғайбат айтуға мәжбүр болады.

4.Өзін жоғары көрсетіп бәсекелесінің қадірін өзгелердің алдында түсіру үшін артынан ғайбат айтады.

5.Бір адамның байығанын, білімі, атақ-абыройы артқанын көре алмай, іштарлықтан шығатын ғайбат.

6.Біреуді күлдіру үшін екінші бір адамның айыбын ашу.

Ғайбаттан емделу жолдары:

1.Жоғарыдағы Құран аяттары мен хадистерді зерделей отырып, Алланың ғайбат айтушыға әзірлеген ауыр азабын ескерген жөн.

2.Жасалып жатқан ізгі амалдардың ешбірі пайда бермейтінін түсіну.

Адамның сыртынан қай кезде сөз айтуға болады?

1.Егер зұлымдыққа ұшараған жағдайда қазыға шағымданса, болған жайтты айтуға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

لِصاحِبِ الْحَقِ مَقَالًا

«Хақ иесінің уәжі бар»[6], – деген.

2.Егер бір адаммен бірігіп жұмыс жасауды ниет еткен адам оны жақсы танып, екінші адамнан қандай жан екенін білу үшін сұрағанда сенімді немесе сенімсіз екенін айтса ғайбат болмайды.

Адамның күнәсімен әрекетін айтып пәтуа сұраса.

[1] «Хужурат» сүресі 12-аят.

[2] Муслим, Ахмад хадистер жинағы.

[3] Ибн Әби Дүния хадистер жинағы

[4] Әбу Дауід хадистер жинағы.

[5] Ибн Әби Дүниядан жеткен.

[6] Муслим хадистер жинағы.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.