Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

САУДАНЫҢ СҮННЕТКЕ САЙ ӘДЕБІ

0 1  735

Базарлар ерте заманнан келе жатқан әлеуметтік қажетті орын. Сауда-саттықтың адам өмірінде ерекше, маңызды орынға ие екенін айтпаса да түсінікті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде бұл туралы: «Шын мәнінде ырыстың оннан тоғызы саудада, қалған біреуі мал шаруашылығында», – деп айтқан.

Ислам дінінің негізгі мақсаттарының бірі – адам өмірінің ретті, екі дүниеде де бақытты болуы. Сол себепті, сауда-саттық үшін де, дініміз белгілі ережелер мен қағидалар қалыптастырған. Бұл қағидаларды ұстанса адамдар табысқа кенеліп, ұстанбаса кедейліктің кебін киюі мүмкін.

Бұл саладағы ең маңызды қағида – сауданың адал болуы. Мұсылман адам, Алла тыйым салған өнімдерді саудаламайды және сатып алмайды. Сол себепті, саудамен айналысатын және айналысқысы келетін адам, дінде рұқсат етілген және тыйым салынған қағидаларын біліп алу керек. Рұқсат етілмеген заттарды сатумен жиналған мүлк адал болып саналмайды. Ондай жолмен жиналған мүліктің қайыры болмайды. Әділетсіз пайда, қара нарық, салықтан жалтару секілді күдікті әрі күмәнді істерден бойын аулақ ұстағаны абзал.

Сауда әдебінің екінші қағидасы – ізгілік пен шынайылық. Тауарын өткізу үшін мың бір өтірікті айтып тұтынушыға жалған ақпарат беріп сату адалынан табыс табу жолы болып есептелмейді. Саудадағы діни қағидаларды ұстанған кәсіпкер, ашық, шынайы және адалынан сауда жасап нәпақасын табады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Шыншыл, аманатқа қиянат жасамайтын саудагер, (жұмақта) пайғамбарлармен, шыншылдармен, шәһидтермен бірге болады», – деген.

Үшінші бір қағида – жеңілдіктің болуы. Саудагер тарапынан бұл сатылып жатқан тауар бағасын төмендету болса, сатып алушы тарапынан тауар ақшасын уақытылы төлеу және қарызға алынған тауардың ақшасын уақытылы қайтару болып табылады. Бұл жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сатқанда және сатып алғанда, қарызға бергенде және қарыз қайтарғанда жеңілдік танытқан адамға, Алла мейірімділік танытады» десе, екінші бір хадисінде: «Егер сатушы мен сатып алушы бір-бірінің айтқанына көніп, өзара келісімге келсе, Алла оларды жұмаққа кіргізеді» » , – делінген.

Таразбен өлшем жасаудағы әділдік. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме екен? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің Иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондайлар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ сиджинде тұрады», (Мутафифин сүресі, 7-8 аяттар) – деп айтылған.

Малик ибн Динар (Алла оған разы болсын) бірде өзінің көршісі жайлы оқиғаны баяндап береді. Көршісі саудагер болған екен. Бірде, оның өлім аузында жатқанын естіп, Малик ибн Динар оның халын сұрау үшін барады. Саудагер өлім аузында қатты қиналып:

– Оттан жасалған таулар, оттан жасалған таулар, – деп айғайлайды.

Малик одан:

– Бұл не дегенің, – деп сұрайды.

– Менің екі өлшейтін құралым болған: біреуімен – өзім үшін өлшеп, біреуімен – сатып алушылар үшін өлшейтін едім. Сол өлшеуіш құралдар оттан жасалған тауларға айналып, бір – біріне соғылып жатыр. Олар соғылған сайын, менің ауруым күшейіп барады – деп жауап беріпті саудагер.

Ақыр соңында, көршісі сол аурудың салдарынан, қайтыс болыпты.

Сауда жасағанда ант – су ішу. Сатылып жатқан тауарды сипаттауға болады, алайда, өтірік айтып, тауарға тиесілі емес сипаттарды қосып, мақтауға тыйым салынады. Бір хадисте бұл туралы: «Жалған ант-су ішу сауда үшін тиімді, бірақ сауданың берекесін жояды», – деп айтылған.

Мұсылманның еңбек терімен адал кәсіп жасауы – құлшылық. Демек, адал сауда да құлшылыққа жатады.

Сауда – саттықта шынайылық пен шыншылдыққа бас ұрайық. Алда келе жатқан қасиетті Рамазан айында бір-бірімізге қарайласып, жеңілдік жасайық. Алла бір жақсылықты он еселеп, жүз еселеп қайтаратынын ұмытпайық.

Алла баршамызды тақуалы әрі шынайы құлдарынан етсін. Әмин.

Дулат Қадырұлы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.