Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Діни басқарма Астанада ауызашар берді

0 143

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдеріне, мұсылман мемлекеттерінің елшілеріне, мүфтият жанындағы Ақсақалдар, Сарапшылар мен Жастар кеңесінің мүшелеріне ауызашар берілді.

«Рамазан – бірлік пен береке айы» атауымен өткен рухани кеште ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашар дастарқанының қадірлі қонақтарын қасиетті аймен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

«Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Раббымыз Рамазанда бізді арам нәрсені былай қойғанда адал болған амалдың өзінен тыйып отыр. Күндіз адал болған ас-суды ішуден тыйыламыз. Мұның хикметі не? Ораза құлшылығының түпкі мәні – Алланы жақсы көруге, Оның разылығына жетелейтін амалдарды жақсы көруге ұмтылу» деді ҚМДБ Төрағасы.

Өз кезегінде рухани кештің құрметті қонақтары Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына алғыс айтып, Діни басқарманың руханият саласындағы ауқымды істеріне тілектестігін білдірді. Кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти арнайы дұға жасады. Сондай-ақ ауызашар қонақтарына Рамазан сыйлығы табыс етілді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.