Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Радикалдармен жұмыс жасайтын теологтардың өздеріне қолдау қажет

0 1  922

Белгілі теолог Асқар Сабдин радикалдармен жұмыс істейтін дін мамандарының денсаулығы мен психологиялық жағдайларының қолдауға зәру екенін айтты. Теолог бұл туралы өзінің facebook парақшасында жазды.

«Практик теологтар арасында кәсіби саласына байланысты созылмалы ауруларға шалдыққандар бар. Теологтарда кәсібилік жағынан психологиялық ақау дәрігерлердікінен кем емес, себебі, үнемі негативпен, шамадан тыс негативті эмоциялармен, объекті тарапынан орын алатын жеккөрушілікпен жұмыс істеуге тура келеді. Сол себепті дерадикализаторға еңбек қорғау және техникалық қауіпсіздік жағынан қандай да бір қолдау қажет!»,-деді ол.

Сондай-ақ Асқар Қалымжанұлы әріптестерінің аталған мәселеге байланысты ұсыныстары мен айтар ойларын жазуларын өтінген.

«Әрбір практик өз қатесін келесі дерадикализатордың қайталамауы үшін тәжірбиесін сипаттауы қажет. Тиісті орындардан практик мамандарға деген ерекше жанашырлық байқалмайды.  Сол себепті осы тақырыпқа байланысты пікірлерімізді осында білдірейік! «Спасение утопающих — дело рук самих утопающих!». Егер қандай да бір мекеме немесе ұйым қолұшын созып,  мұндай көмекті ұйымдастырып, ақшасын төлесе алғысымыз шексіз!»,-деп жазды ол. Теологтың жазбасынан кейін Kazislam.kz тілшісі аталған мәселеге байланысты дінтанушылардың пікірін сұраған еді.

Асылбек Снадин, дінтанушы: «Біздің қоғамда қай салада болмасын интеллектуалды еңбектің бағалануы әлі де төмен. Білімді, кәсіби жетілген мамандарға кейбір жұмыстар өте жеңіл тиуі мүмкін, алайда бұл сол жұмыстың жеңіл екендігінің көрсеткіші емес. Сол секілді Асқар Қалымжанұлының айтып тұрған кей аргументтерімен  келісемін. Себебі радикалды діни ұстанымдарды тасымалдаушы азаматтармен жұмыс жасау, оларды сауықтыру — кішігірім соғыс. Яғни бір адамның тұтас танымдық конституциясын құлатып, жаңа конструкт қою  дегеніңіз соғыс. Ал соғыста жеңген жақ болмайды, екі тарапта күйзеліс пен тоқырауға кезігеді».

Жанбота Қарашолақов, саясаттанушы: «Біздің елімізде мұндай дерадикализатор мамандар өте аз. Оларды саусақпен санап алуға болады. Бірнеше жылдардан бері бұл мамандардың көмегімен қаншама адамдар адасқандарын біліп, қайта дәстүрлі дін жолына түсіп жатыр. Сондықтан мемлекеттік маңызы бар мұндай қызметтерді көрсетіп жүрген азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін арнайы қадамдарға баруға болады деп есептеймін».

Қалиева Айжан
 kazislam.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.