11 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толады kazislam.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жарияламастан бұрын 1990 жылы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған болатын.
Қазақстандағы дәстүрлі ислам елдің әр өңірлерінде филиалдары бар республикалық исламдық діни бірлестік мәртебесіне ие Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арқылы басқарылады.
Отыз жылдық тарихы бар діни басқарма осы аралықта исламның өркендеуіне, дәстүріміз бен діни құндылықтарымыздың қатар дәріптелуіне аянбай еңбек етіп, көптеген игі істердің ұйытқысы бола білді. Осы жылдар ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына төрт Мүфти төрағалық етті. Олар: Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
2017 жылғы 11 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының кезекті VIII құрылтайында Бас мүфти болып Серікбай Сатыбалдыұлы сайланды.
Төрт Мүфтидің төрағалығы кезінде де көптеген тың бастамалар қолға алынып, қазақ тілінде талай діни еңбектер жарық көріп, өзге тілдерден де аударылды. Мешіт-медреселердің, білікті имам-теологтардың саны артты.
Отыз жыл ішінде мешіттер мен тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, жөндеулерден өтті. Жаңа ғибадат ғимараттары мен медреселер тұрғызылды. Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты 2664 мешіттері жұмыс істейді.
ҚМДБ үлкен ағартушылық және тәрбиелік қызмет жүргізуде, газеттер мен журналдар шығаруда, интернетте діни басқарманың www.muftyat.kz веб-сайты жұмыс істейді.
Бүгінде ҚМДБ-да насихат және қоғаммен байланыс, шариғат және пәтуа, діни білім жəне кадр даярлау, дін істері және талдау, баспа және аударма, мешіт істері, қайырымдылық және уахып істері, халал өнімдерін стандарттау, кадр, қажылық бөлімдері жұмыс жасайды.