Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мешітке тарихқа қалар құнды жәдігер қойылды (ФОТО)

0 1  026

11 наурыз. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің «Ислам мәдениеті және дәстүр» мұражайына Меккедегі қасиетті Қағбаның 2016 жылғы кисуасы  табыс етілді, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.

Салтанатты шара осы мешітте ашылған «Ислам мәдениеті және дәстүр» мұражайында өтті. Іс-шараға «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының директоры Аманкелді Еренғайыпұлы, ғұлама Халифа Алтайдың ұлы Абдурахим Алтай, қазақ күресінен бірнеше дүркін «Қазақстан барысы» және «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров сынды қайраткерлермен өңірдің қоғам қайраткерлерімен мешіт жамағаты, ақсақалдар және жастар қатысты.

Құрметті рәсімді ашып сөз сөйлеген ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы:

«Бүгін шығыс жұрты үшін аса қуанышты күн болып отыр. Мешітімізге барша мұсылманның киелі мекені Қағбаның жамылғысын күтіп алу рәсіміне қош келдіңіздер. Бұл кисуа – қасиетті Қағбаның бір бөлшегі, Меккенің бір бөлігі деген сөз. Осынау киелі жәдігер Абай мен Шәкәрім туған ғұламалар мекені шығыстың рухани мұрасы болып болашақ ұрпаққа сақталады. Осы игі іске Аманкелді Еренғайыпұлы бастаған қажылар бастамашы болды. Біз мұражаймызға осындай киелі жәдігерлерімізді жинаудамыз. Кисуа шығысқа берекет әкелсін» деп ізгі тілегін білдірді.

Бас имам сонымен қатар, осы істің ұйтқысы болған азаматтарға алғысын жеткізіп, мешіттің рухани орталыққа айналудағы маңызына тоқталды.

Жиында «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясынң директоры Аманкелді Еренғайыпұлы Қағбаның 2016 жылғы кисуасын салтанатты түрде бас имамға тарту етті.

«Біз Меккедегі қасиетті Қағбаның кілтін ұстау мұрагері Шайби ұрпақтарымен келіссөз жүргізе отырып, «Халифа Алтай» атамыздың мешітіне осы құнды жәдігерді тарту етіп отырмыз. Біз оларға Халифа Алтайдың ислам діні үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегін айтып, таныстырдық. Дін ғұламасы Халифа Алтай атындағы мешіт кисуаға ие болуға бірден бір лайық мешіт екендігін жеткіздік. Олар ұсынысымызды құрметпен қарсы алып, қолдарын қойып, мөр басып, куәландырып, осы жәдігерді Алтай баурайындағы Халифа Алтай атамыздың мешітіне тарту етті» деді А.Еренғайыпұлы.

Қасиетті Қағбаның жамылғысын мешіт жамағаты мен өңір халқы қошаметпен қарсы алып, мешіт ішінен Қағбаның жұпары аңқып бір сәт айнала ғажайып нұрға бөленді. Салтанатты шараға жиналғандар кисуаға құрмет көрсетіп, еліміздің тыныштығы мен дініміздің абыройы үшін дұға жасады.

Қағбаның кисуасы облыстық «Халифа Алтай» мешітінің «Ислам мәдениеті және дәстүр» мұражайына қойылды. Тамашалаушыларға әркез есік ашық.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.