Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти Рамазанға байланысты баспасөз мәслихатын өткізді (ФОТО)

0 1  238

21 сәуір. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Карантин жағдайындағы Рамазан» тақырыбында арнайы баспасөз конференциясына қатысты, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.

Тікелей эфирде өткен баспасөз конференциясына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров та қатысты.

Бас мүфти барша қауымды исі мұсылманның ұлық айы – Рамазанның келуімен құттықтап, әр отбасына бақыт пен береке, бірлік пен татулық тіледі. «Алла Тағала ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти онлайн режимде насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болатынын тілге тиек етті.

«Осы ретте барша отандастарымды көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге, еліміздегі мешіттер арқылы аузы берік отандастарымызға ауызашар тағамдар таратуға шақырамын! Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше, көмекке зәру шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Баспасөз конференциясында наиб мүфти Ершат Оңғаров ҚМДБ Төралқа мәжілісінде пітір садақасы мөлшері 370 теңге болып бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар зекет пен пітір садақасын онлайн режимде беруге болатынын жеткізді.

Тікелей көрсетілім «24 Хабар» телеарнасында, Орталық коммуникациялар қызметінің YouTube, Facebook желісіндегі парақшаларында өткізілді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.