Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шәкәрім қажы: Алла Тағаланың пайғамбарларына нанбақ

0 713

Уа, достар, Алла Тағала бенделеріне тура жолды көрсетпек үшін әр заманда пайғамбар жіберген. Әуелі Адам пайғамбар, ақыры біздің пайғамбарымыз Мухаммед Мұстапа салла Аллаһу ғаләйһи уә сәлләм. Бұл екеуінің ортасында көп пайғамбарлар болған. Оның санын білмек бізге міндет емес, қанша болса да Алла Тағаланың жіберген пайғамбарларының бәріне де нандым дейміз. Олардың ішінде Құранда аттары айтылған жиырма сегізінің атын білмек керек. Олар мынау: Адам, Нұх, Худ, Лұғ, Зүлкифіл, Салық, Ибраһим, Аюб, Исмағыл, Исхақ, Жүніс, Ыдырыс, Жақып, Жүсіп, Ілияс, Әлиасағ, Дәуіт, Сүлеймен, Мұса, Харун, Яхия, Ғайса, Шуғайб, Зікірия, Мухаммед салла Аллаху ғалайһим ажмаин, Ғұзайр, Лұқпан, Зұлқарнайын — бұл үшеуін кейбіреулер пайғамбар деп, кейбіреулер пайғамбар емес деген. Сол себепті анығын Алла білер дейміз де қоямыз.

Енді көбінесе иманның дұрыс болмағы пайғамбарға нансақ — Құранға нанасың. Құранды Құдай тағаланың сөзі деп пайғамбарымыз үмбетіне айтып білдірген, Құранға нанған соң бәріне нанғаның болады және Алла Тағаланың барлығына нансақ — пайғамбарға да нанасың. Себебі: барша адам баласын Алла Тағалаға құлшылық қылсын деп жаратып қойып, мынау жақсы – мұны қылсаң рахыметіме жолығасың, мынау жаман — мұны қылсаң қаһарыма жолығасың деп білдірмей, өздерің білсең біл, білмесең қой дегені лайық болмайды. Дүниеде не нәрсе бар болса, соның бәрі адам үшін жаратылған, не нәрсе болса да адамның не пайдасы, не залалы үшін. Сол себептен аятта айтқан: «уа саххара лақұм ма фис-самауати уа ма фил-арди». Мағынасы: аспандағы һәм жердегі нәрселердің бәрін сіздерге үйреттім, яғни сендер үшін жараттым деген. Енді солардың қайсысы сауап, қайсысы күнә, қайсысы пайда, қайсысы задал екенін Алла Тағала адамның өзіне пайғамбар хабаршы жіберіп, бенделеріне білдіргені анық ақылға дұрыс. Енді біздің пайғамбарымыздың пайғамбар екеніне ешбір күдік жоқ. Аятта айтқан: «уа из қала Иса биу Мариама иа бани-Исраила инни расулул-лаһи илаикум мусаддиқан лимма байна йадаийа мин ат-таурати уа мубашширан би расулин иағти мин бағдисмуху Ахмаду» . Мағынасы: қашан Ғайса ғаләйһис-сәләм айтты: Әй, бани Исраил қауымы, мен сіздерге Алла Тағаланың, жіберген пайғамбары мен менен бұрынғы Мүса «ғалайһис-саламға» келген Тәуратта айтылған һәм менен соңғы келетұғын бір пайғамбардың хабарын білдіремін сіздерге. Оның есімі, яғни аты Ахмад, яғни Мұхаммед «ғаләйһис-сәләм» деген.

Және біздің, пайғамбарымыз ешкімнен оқымай, үйренбей бұрынғы пайғамбарымыздың һәм қанша халықтардың не халімен өткенін білгендігі пайғамбар екеніне үлкен дәлел емес пе! Сол уақыттағы Тәурат, Інжіл оқып жүргендер сынамақ үшін неше түрлі сөздерді сұрағанда һәммасына жауап берген және дінінің хақ растығынан қайдағы білімді ақылдылар дініне кіріп, мұсылман болып, азғана заманның ішінде қаншалық жерге мұсылман діні жайылын кеткені де не малменен емес, не әскерменен емес, яки бұрыннан тұқымынан патшалықпен емес, жалғыз ғана мұсылман дінінің хақтығы һәм өзінің пайғамбар екенінің растығы емес не?

Және осынша істерді дүниелік үшін қылды деп те айтуға болмайды. Оның үшін өзі халықты біліп тұрғанда неше күндей аш жүріп, тамақты да жөндеп жемейді. Тамақтың жоқтығынан үйіне неше күнде от жағылмай, құр су менен құрманы қорек қылып жүре береді. Кәпірлерді жеңіп алғандағы олжа қазыналардың бес еседен бірі қазынаға алынады, оны ұстап ішіп-жесе, ешкім бөгет болмайды. Сонда да бір тиын алмай, ішкен асы арпа ұны болып, киген киімі жамаулы болып, өзі дүниеден өткенде түк малы қалған жоқ. Кебісін өзі жамап киюші еді. «Алфукару фахри», яғни мақтаным кедейшілігім деп көбінесе пақырлары мен жетімдерді құрметтеуші еді. Мұнан артық не дәлел керек.

Аятта біздің пайғамбарымыз туралы Алла Тағала айтқан: «уа ма арсалнақа илла рахматан ли-л-ала-мина».

Мағынасы: мен сені барша ғаламға рахыметім үшін пайғамбар қылдым деген. Және Құраннан артық не мұғжиза керек. Әрі дүниедегі адамшылыққа, әрі ақиреттегі аманшылыққа керек сөзден айтылмағаны жоқ болса да, ақыл-ғылымның жайын содан артық кім ұқтыра алады! Содан артық қандай низаммен дүние түзіліп тұра алады!

Шәкәрім Құдайбердіұлы

“Мұсылмандық шарты” кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.