Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сүннет той

0 1  501

Атқа мінер жасқа толған, яғни үш жасқа толған ұл балаға тән тағы бір той – сүндет тойы. Баланы сүндетке отырғызу қазақ халқы Ислам дінін қабылдағаннан кейін салтымызға кірсе де, кейін бірте-бірте салтымызға сіңісіп кеткен дәстүрдің бірі.

Халық түсінігінде баланы сүндетке тақ жасында отырғызады. Яғни үш жаста, бес, жеті, тоғыз, одан тым кешіккенде он үш жаста. Бұл жастан кешіктіруге болмайды. Өйткені шариғат бойынша ұл бала 13 жаста, қыз бала 10-11 жаста балиғатқа толады.

Қазақ халқы сүндетке отырғызылған баланың қамшы ұстар азамат болғанын білдіріп, ұлан-асыр той жасайтын болған. Бар жақсысын баласына, ұрпағына арнаған қазақ халқы құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін осы сүндет тойды жасаған. Сүндет той жасау бала қарақұлақтанып қатарға қосылған күннен бастап ат жалын тартып мініп, азамат атанғандығының алғашқы белгісі саналады. Мұндайда бай-қуатты адамдар ат шаптырып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасаған. Сүндеттелген бала ата-анасының сұрауы, өзінің қалауы бойынша жиналған қаржыны өзі жұмсайды.

Баланың сүндетке отыруы – оның азаматтық өмірге қадам басуымен тең. Сүндетке отырғызу – тазалықтың, пәктіктің, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ салтында, сүндетке отырған баланың нағашылары «нағыз азамат, мұсылман болдың» деп тай мінгізсе, ата-әжелері түрлі базарлығын сыйға тартқан.

Жоғарыда айтылғандай ер балаларды үш, бес, жеті не тоғыз жасында сүндетке отырғызу дәстүрге айналған. Сүндетке отырғызбас бұрын әрбір ата-ана баласын алдын-ала психологиялық тұрғыдан дайындаған.

«Бір, екі, үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!» деп тақпақ үйретіп, «сүндетке отырғаннан кейін сен нағыз жігіт боласың» деп күнделікті құлағына құятын болған.

Осындай әңгімелерге әбден еті үйренген бала осы бір күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүреді. Қазақ халқы:

«Ашамайлы атқа міндің,

Мұсылмандық таққа міндің.

Сүндетке отырғаның – иманды болғаның,

Тойын тойлап, думанды болғаның», – деп баласын сүндетке отырғызған.

Бұрынғы кезде сүндеттелген балаға арнап кең әрі ұзын «сүндетжейде», «сүндеткөрпе» тігетін болған. Оны бала жарасы толығымен жазылғанша киген.

Сүндет тойын өткізетін сәтті күн алдын-ала белгіленеді. Кез келген ұл баланың арманы – жігіт болу, азамат болу, сол себепті ол да іштей осы күнді асыға күтеді. Бұл тойға қонақтарды баланың өзі шақырады.

Сүндет тойға қонақты баланың өзі шақыруы – есейгендігінің белгісі. Айшықты тарланбозға мінген, сәнді киінген бозбала мен құйрығын шарт түйіп, тайға мінген сүндет бала көпшілікті тойға шақырады. Оның бауырсақ пен тәттілер толтырылған қоржынынан тойға шақырылған үй иесі дәм татады.

Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашқан. Сыйлығын беріп, қоржынына тәтті салған. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы да сарқыт алған. Тойға келген туған-туыс, жекжат-жұрағат балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті, кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген.

Тойға келген адамдар «сүндетің қабыл болсын!» деп баланың айналасына жеміс-жидек пен тәтті дәмін толтырып, жастығының астына ақша салатын болған.

Қазіргі таңда сүндет той дәстүріне тоқталар болсақ, біршама өзгешеліктер бар. Айталық, көп жағдайда қазіргі заманға сай етіп жарасымды түрде өткізілуде.

Алайда кейінгі кездері «сүндет» деп аты айтылып отырған тойды ішімдікпен өткізу үрдіске айналып барады. Мұсылмандық той бұлай жасалмайды. Баланың ғұмырында ерекше орын алатын мұндай қуанышты ұлттық дәстүріміз бен діни танымымызға сай өткізген жөн.

Ал мұсылмандық шариғатқа келетін болсақ, баланы сүндетке отырғызу дінімізде үлкен мәнге ие әрі хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалын жасау болып табылады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі

болсын) былай деген:

«Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттерден). Олар: баланы сүндетке отырғызу, шаттың түгін қыру, мұртты басу, тырнақты алу және қолтықтың түгін кетіру»9.

Хадисте айтылғандай, сүндетке отыру – адамзат жаратылысымен астасып жатқан сипаттардың бірі.

Бұл дәстүр – Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) бері келе жатқан ханифи дінінің рәмізі. Деректерде басқа да пайғамбарлар сүндетке отырып, дәстүрге айналдырған.

Мысалы, өздерін Мұса пайғамбардың (а.с.) үмбеті санайтын яһуди дініндегілерде де сүндеттеу дәстүрі бар.

Тазалық әдеттерін сақтауды Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Алла Тағала бұйырған. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың хадистерінде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Алланың әмірімен сүндетке отырғаны айтылады.

Төрт мәзһаб бойынша сүндетке отырудың үкімі түрлі көзқараста. Яғни төрт мәзһаб имамдарының үшеуі: имам Мәлік, имам Шафиғи және имам Ахметтің пәтуалары бойынша сүндетке отыру – әрбір ер мұсылманға уәжіп, міндетті іс деп есептейді. Тіпті имам Мәлік сүндетке отырғызылмаған адамның имамдыққа шығуына да болмайды, әрі ондай адамның куәгерлігі де қабыл алынбайды деген қатал тұжырым жасаған.

Ал, имам Ағзам Әбу Ханифа сүндетке отыру – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті, діннің рәмізі деген үкімге тоқталған.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.