Еруші имамға ұйыдым деп ниет етуі және екеуінің оқитын парыз намазы бір болуы керек.
1.Имам қайсы намазды оқып тұрса, жамағат та сол намазға әрі имамға ұюға ниет етеді. Яғни имам намаздыгер намазын оқу үшін имамға ұюы керек. Егер имам намаздыгер намазын оқып тұрса, оған біреу келіп бесін намазын оқуға ниет етіп артына ұйыса, ұюшының намазы дұрыс саналмайды. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Имам басқалар оған ұйысын деп тағайындалды. Ендеше оған қарсы шықпаңдар”, – деген. Нәпіл намаз оқушы парыз оқып тұрған имамға ұюына болады. Өйткені бұл жерде әлсіз-қуаттыға еріп тұр. Керісінше, қуатты (парыз) әлсізге (нәпілге) еруі дұрыс болмайды. Алайда тарауих намазы бұл қағидадан тыс қарастырылады.
2.Ұюшы имамның артында тұрады,алдына немесе қатарына тұрмайды. Өйткені Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жамағатқа намаз оқытқанда әрдайым алдына шығатын. Егер ұюшы имамның алдына шықса, намазы бұзылады. Бірақ имамның намазы бұзылмайды. Ұюшы имамның алдына өтіп кетпеу үшін өкшесін имамның өкшесінен асырып алмауы керек. Егер ұюшының өкшесі имамның өкшесінен асып кетсе, ұюшының намазы бұзылады. Ал егер аяғы ұзын болып, аяғының алдыңғы саусақтары имамның аяғының алдыңғы саусақтарынан асып кетсе, бірақ өкшесі артта тұрса, намаз бұзылмайды. Имам мен ұюшының арасындағы өлшем өкшемен өлшенеді.
3. Имам мен ұюшының арасы өте ұзақ болмауы керек яғни екеуінің намаз оқитын жері бір болу керек. Ұюшы мен имамның арасы: көпшілік (көлік) өтетін жол, үлкен бір (қайық өтетіндей) өзен, кең жерде имам мен ұюшының арасында екі немесе одан көп қатар бос қалса, мұндай жағдайларда ұюшының намазы дұрыс саналмайды. Ал мешіт іші бір мекен болғандықтан, имам мен ұюшының арасы қанша ашық болса да намаз дұрыс саналады. Мысалы, имам мешіттің ішінде, ал ұюшы мешіттің ауласында болса намазы дұрыс, өйткені мешіттің ауласы мешіт қарамағындағы жер болып саналады. Ал егер имам мешітте, ал ұюшы мешіт жанындағы дүкенде немесе үйінде намаз оқыған жағдайда, мешіттен созылған жамағаттың қатары сол үй мен дүкенге дейін жалғасып жатса, үй мен дүкенде имамға ұйып намаз оқуына болады. Ал егер жамағаттың қатары үзілсе, әлгі үй мен дүкенде тұрып мешіттегі имамға ұйып намаз оқуға болмайды, намазы жарамсыз саналады. Мешіттен шыққан жамағаттың қатары үзілмей ұзақ жерге созылса, ол жерлерде намаз оқуға болады. Мекке мен Мәдина қалалары секілді көпшілік жерлерде жамағаттың қатары созылып, жолдар мен көпірлерге жетсе, ол жерлерде тұрып имамға ұйып намаз оқуға болады. Имамға ұйыған адам мешіттің үстінде немесе мешітпен жалғаса созылып,араларында ашық жер болмаған ғимараттың үстінде тұрып имамға ұйыса, намазы зарамды. Өйткені Әбу Хұрайра (Алла оған разы болсын) бір үйдің үстінде тұрып имамға ұйыған. Сондықтан мешіттің үсті мешіттің іші болып саналады, мешіттің үстінде намаз оқыған адам мешіттің ішінде оқығанмен тең. Алайда имамды көре алмайтындай, даусын ести алмайтындай жерде тұрып имамға ұйып, имамның не істеп жатқандығынан күмәнданса, ол имамға ұюына болмайды. Имамды еститіндей болу керек.
4. Жамағат имамның іс-қимылын қайталап орындап тұруы керек. Жамағаттан біреу имамнан бұрын рукуға барса, сәжде жасаса, ұюшы бір гәкатын оқымаған болып саналады. Имам намаз соңында сәлем бергеннен кейін ұюшы осы рәкатының қазасын орындамаса, намазы жарамсыз болып саналады. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Имам басқалар оған ұйысын деп тағайындалды. Ол тәкбір алғанда, сендер де тәкбір алыңдар. Ол рукуғқа барғанда,сендер де рукуғ жасаңдар” – деген.
ТӨРТ ЖЕРДЕ ҰЮШЫ ИМАМНЫҢ ҚАТЕЛІГІНЕ ҰЙЫМАЙДЫ:
¤ Егер имам біле тұра намазда бір сәжде артық жасаса, ұюшы жасамайды.
¤ Имам айт намаздарында тәкбірлерді артық жасаса, ұюшы жасамайды.
¤ Имам жаназа намазында тәкбірді артық жасаса, ұюшы жасамайды.
¤ Имам намаздың ақырғы отырысынан кейін қателесіп бесінші немесе екі рәкаттық намазда үшінші рәкатқа тұрса жамағат тұрмайды.
Егер имам ақырғы отырыстан кейін қателесіп төрт рәкаттық намазда бесінші рәкатқа немесе үш рәкаттық намазда төртінші рәкатқа тұрып, жамағаттың ескертуімен қайта отырса, намаз соңында сәһу сәждесін жасайды, намаздары дұрыс болады. Ал егер имам бір рәкат артық оқып, сол рәкаттың сәждесіне барған болса, жамағат имамға қосыла тұрмай өздері сәлем беріп, намазды тамамдайды. Өйткені ақырғы отырыста отыру – парыз. Парызды тастау намазды бұзады.
материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды,
sunna.kz