Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қажылық миссиясының бір апталық жұмыс есебі тыңдалды

0 477

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мекке қаласында Қажылық миссиясының кезекті жиналысын өткізді.

Жиналыста Қажылық миссиясының төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар Бас мүфтиге соңғы бір апта көлемінде атқарылған жұмыстардың есебін баяндады. Ершат Ағыбайұлы бір аптада 904 қажының сұрағына қатысты пәтуа берілгенін, 132 рет уағыз-насихат айтылғанын, миссия жанынан ашылған медициналық орталық тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

«Қажыларға қызмет ету – сауапты әрі жауапты міндет. Әр азамат өзіне жүктелген міндеттерді ыждағатпен орындап, қажыларымыздың алғысын алуға тырысуы тиіс. Ең бастысы, отандастарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, қажылық рәсімдерін шариғат талаптарына сай орындауына мән беруіміз керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Қажылық миссиясы Мекке қаласында ашылған жұмыс кеңсесінде бес бағыт, яғни уағыз-насихат, алғашқы медициналық көмек, ұйымдастыру-үйлестіру, пәтуа беру, ақпарат тарату бойынша жұмыс жүргізуде. Отандастарымыз толық қасиетті Мекке қаласына жетті. Олар кіші қажылығын өтеп, үлкен қажылық рәсімдерін атқаруда. Биыл 4 мың азамат қажылық парызын өтейді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.