Адам әлсіздігінің бірі – айналасындағы адамдардың айтқанымен өмір сүру. Кейбіреулердің жамандауынан қорқып, кемсітуінен сақтанып, дұрыс болмаса да олардың қалағанымен жүру.
Тіпті мәңгілік өміріне байланысты дінін қорғай алмай, кейбір надан адамдардың жамандауынан қорқып, «сөз болады, ұят-ақ, беделіме нұқсан келеді, өмір бойы жаман атты боламын» деп бұрыс дінді, жаман жолды ұстанып, хараммен ауызданып, парыз амалдарды орындағысы келмейтіндер жетерлік. Пенде адамнан емес Алладан қорқуы керек. Құранда:
«Егер шынайы мұсылман болсаңдар, олардан емес, Менен қорқыңдар» («Әли Имран», 175-аят) деп, мұсылманның тек бір Алладан қорқу керектігін айтқан. Тарихтан мысал келтірер болсақ, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) атасы Әбу Тәліптің Ислам дінін қабыл алмауының да басты себебі қауымының айыптауынан қорқу болатын. Расулаллаға қаншалықты қаны туыс жақын болса да, қауымының жамандауынан, абыройының түсуінен иман келтірмеді.
Әбу Тәліп қайтыс болар сәтінде Алла елшісі (с.а.с.) жанына барып: «Көке, менің саған ақыретте шапағат етуім үшін «лә илаһа иллалла» деп айтшы» деп өтінеді. Әбу Тәліп Пайғамбарымызға (с.а.с.): «Мен өлген соң жұрттың мені алжып, не айтқанын білмеді деп кінәламайтынына көзім жетсе, өтінішіңді ойланбастан орындаған болар едім. Құрайыш ажалдан қорқып иманын айтты деп артымнан сөз қылатынын білгендіктен айтпаймын» деген болатын.
Жанындай сүйетін көкесінің ақыретте жауыз мүшріктермен бірдей мүшкіл халде қалуын қаламағандықтан Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) оны тәухидке шақыруын доғармады. Әбу Тәліптің жүрегі тоқтаған сәтте хазірет Аббас та қасында еді. Көзі жұмылып бара жатып Әбу Тәліптің бір сөздерді айтқандығын дәлелге алып, ол мұсылман болды дейді. Бірақ бұл күмәнді.
Өйткені Имам Әбу Ханифа иман етпей кеткендігін айтады. Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) да хазірет Аббастың сөзін құптамайды, өйткені нақты еш нәрсе естімеген.
Алайда Алла елшісі (с.а.с.) бірнеше күн қатарынан Әбу Тәліпке дұға жасайды. Бұл жағдайды білген сахабалар да Ислам дінін қабылдамай өліп кеткен туыстарына дұға тілей бастайды. Іле-шала төмендегі аят уахи болды:
“Пайғамбарға немесе басқа мұсылмандарға туысқан болса да, жаһаннамдық екені белгілі мүшріктер үшін кешірім сұрау дұрыс емес” ( «Тәуба» сүресі, 113-аят ). Бұл аят түскеннен бастап Ислам дінін қабылдамай қайтыс болғандарға дұға етуге тыйым салынады.
Олай болса біреулердің айып тағуынан, кемсітуінен, келемеждеуінен қорқып, ақиқаттан ауытқу дұрыс емес. Құран кәрімде шынайы иманды мұсылмандарды сипаттағанда «…Жазғырушылардың айыптауынан қорықпайтындар…» деп өзі тура дінде болғандықтан, пиғылы жамандардың жазғыруынан, айыптауынан қорықпайтындығын айтқан.