Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әбу Ханифа кім?

0 1  639

Ия, ол жайлы пікір білдірген замандастары мен оны өзіне ұстаз санаған немесе ғалым, білімге қол созғандардың барлығы да Әбу Ханифаның өз заманының озық ғалым болғандығын мойындайды.

Әбу Жағфар ар-Рази (р.а.): «Мен Әбу Ханифадан артық ғалым әрі тақуа адамды кезіктірмедім», – десе, Жағфар ибн Раийғ (р.а.): «Мен Әбу Ханифамен бес жыл бірге тұрдым. Одан аз сөзді жанды көрмедім. Ал одан бір-ақ нәрсе жайлы сұраса, ол ашылып, сел тәрізді ағылар еді», – деп еске алады.

Ал, Йазид (р.а.): «Тақуалық пен ақылпарасаттылықта Әбу Ханифаға (р.а) тең келетін адамды көрмедім», – десе, Әбу Асим Нубәйл (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) намазды қадалып көп оқығандығы үшін, көпшілік оны «қазық» деп атап кеткен», – дейді.

Уакиъ (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) аманатқа өте адал, аса ұлық Алла тағаланың есімін жүрегінің түкпірінде сақтайтын. Сондықтан да ол кез-келген жағдайда Алла разылығын бірінші орынға қоятын. Алла Тағала үшін қылыш азабын көруге де дайын еді», – дейді.

Мәккий (р.а.): «Куфалықтармен бірге болдым, араларынан Әбу Ханифадан (р.а.) өткен тақуаны көрмедім», – деп еске алады.

Яхья әл-Қатъан (р.а.): «Әбу Ханифаның (р.а.) жүзіне қарап, Алланың шынайы пендесі екенін байқадым», – десе, Абдулла ибн Мүбарак (р.а.) Суфъян Сауриға (р.а.): «Ей, Әбу Абдулла, Әбу Ханифаның ғайбат айтуына қандай іс тосқауыл болды екен, бір рет те ғайбат айтқанын көрмедім», – деді.

Сонда Суфъян (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) дана кісі, өзінің жақсы амалдарын жоятын іс-әрекетті ешқашан жасамайтын», – деген екен.

Ибн Мүбарак (р.а.): «Әбу Ханифаны (р.а.) еске алып: «Бұл кісі туралы не деуге болады? Оған мансап пен байлықты ұсынғанда, ол одан бас тартады, дүрелесе де бетінен қайтпайды. Басқалар отырған таққа ол азаптасаң да отырмайтын», – дейді.

Хасан ибн Салих (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) аса тақуалығына байланысты харам істерге жоламайтын, күмәнді нәрсеге де қол сұқпайтын, ол кісідей өзіне, біліміне өте сақ адамды көрмедім», – деген.

Сәһл ибн Мадхим (р.а.): «Әбу Ханифаның (р.а.) үйіне кіріп едік, үйінен бұйрадан (қамыстан жасалған төсеніш) басқа ештеме көрмедік», – дейді.

Мүжаллид (р.а.): «Мен халифа Һарун әр-Рашидтың (786–809) алдында отыр едім, ол жерге имам Әбу Юсуф (р.а.) келді. Оған халифа: «Маған Әбу Ханифаның (р.а.) ахлағы (мінез-құлқы) туралы айтып беріңіз», – деп өтініш жасады.

Сонда ол: «Әбу Ханифа (р.а.) шариғат тыйым салған істерге жоламайтын, дүниеқорлықтан алыс, көбінесе үнсіз жүретін, әрдайым өз пікірін дәлелдей алатын, өз ойынан айнымайтын, бос сөз сөйлемейтін, сұралған мәселені білсе, нақты жауап беретін адам еді. Ей, мүминдердің әміршісі! Мен ол кісінің барлық нәрседен өз нәпсісін тыя алатындығын көрдім, барлық адам туралы жақсы сөз ғана айтатын», – дейді. Сонда Һарун әр-Рашид : «Бұл ұлылықтың белгісі», – деген екен.

Фузайл ибн Ийаз (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) фиқһ ғалымы, тақуалығымен ардақты, келгендерге тапқанын беретін жомарт, күндіз-түні дәріс беруден жалықпайтын, түнді ғибадатпен өткізетін, аз сөзді, егер бір халал-харам мәселесі туралы айту керек болса, ақиқатына көз жеткізіп түсіндіретін», – деген екен.

Қази Шурак (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) фиқһты терең меңгерген, әр ісі көңілге қонымды, шәкірттерге білім беруде аса шыдамды, шәкірт білім алып болғанша оған жан-жақты көмек көрсететін адам еді. Шәкірті оқуды бітірсе, оған: «Сен енді халал мен харамды, дұрыс пен бұрысты ажырата алатын, таусылмас үлкен байлыққа жеттің», – дейтін. Ұстаздары мен құрметті адамдар алдында көп сөйлемейтін», – дейді.

Бірде халифа түсінде Әзірейілді көреді. Одан: «Менің қанша өмірім қалды», – деп сұрайды ол. Періште алақанын ашып, бес саусағын көрсетеді. Халифа содан қорқып оянады. Әбу Ханифаны шақыртып, одан түсін жоруды сұрайды. Имам Ағзам оған: «Бес саусақ – Алладан басқа ешкім білмейтін бес ғайып нәрсе : 1) қияметтің қашан болатыны, 2) жауын, дауыл, сел, жел сияқты табиғат құбылыстарының q q 23 Имам Ағзам Әбу Ханифа сыры, 3) туылатын нәрестенің дүниеде бақытты немесе бақытсыз, кедей немесе бай болуы, 4) ертең қандай күн туатыны. Қасиетті Құранның ғайыпқа жататын бес нәрсесі «Лұқман» сүресінің соңғы аятында айтылған 5 ғайыптың төртіншісі жайлы онда «Ешкім ертең не істеп, не табатынын білмейді (күнә мә, сауап па?)» делінеді. 5) адам баласының қашан және қай жерде өлетінін яғни барлығы құдіретті бір Алла ғана білетін нәрселер», – деп халифаны тыныштандырған екен [Жұнайд Бағдәди, «Тазкират ул-әулия», Ташкент, 1997, 45].

Имам Зуфар (р.а.): «Мен Әбу Ханифамен (р.а.) жиырма жылдай бірге болдым. Өмірімде ол кісіден артық мейірімді, жомарт кісіні көрмедім. Құдай үшін өзін аямайтын, күні бойы біліммен шұғылданып, тағлым беретін, түрлі мәселелелерді талқылап жауабын айтатын, ғылыми мәжілістерден қолы босасымен сырқаттардың көңілін сұрауға баратын, жаназаға қатысатын немесе бір бейшараның қажеті үшін уақытын жұмсайтын немесе достарының халжағдайын білетін. Ал, түнді ғибадаттармен, намаз, Құран кәрім оқумен өткізетін. Бұл амалдарды дүниеден қайтқанша ұстанды», – деп еске алады.

Абдулла ибн Мүбарәк (р.а.): «Имам деген атқа Әбу Ханифадан артық лайық кісі жоқ. Өйткені, ол өте тақуа ғалым еді. Ол көрегендігі, қабілеттілігі, парасаттылығы арқасында фиқһ іліміне жол салды», – десе, Қайс ибн Рабиъ (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) Бағдатқа тауар жіберіп, оларды саттырып, ақшасына зат алдырып Куфаға жеткізетін, хадис ілімінің қыр-сырын зерттеп жүрген ғалымдарды қажетті нәрселермен қамтамасыз ететін, оларға азық-түлік, киім-кешек тарататын», – дейді.

Қазақ жерінің орта ғасырлық дана перзенті имам Ағзам туралы арнайы еңбек жазған Хафиз ад-Дин Мұхаммед әл-Кердери (?-1424) ибн әл-Мүбарактың: «Куфаға келген соң қала тұрғындарынан кімнің фиқһты жақсы білетіндігін деп сұрағанымда: Әбу Ханифа» деді маған. Сонан соң «Бұл дүние қызығынан ең көбірек баз кешкен кім?» деген сұрағыма: «Әбу Ханифа деген жауап алдым» деген сөзін келтіреді. Сөйтіп осындай пікірлердің бәрі жиылып Әбу Ханифаның бүкіл болмысын ашып тұр деп ойлаймыз [Жұнайд Бағдәди, «Тазкират ул-әулия», Ташкент, 1997,20].

«Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа» атты кітаптан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.