Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Күпір болатұғын істерден сақтанбақ

0 1  854

Уа, достар, зинһар күпір болатұғын істерден қатты сақтану керек. Әуелі қалжыңмен болса да, ашумен болса да, ешбір жолменен Алла тағалаға серік қосу жарамайды. Тіл тигізу жарамайды.

Кейігенде, наза болғанда Алла тағалаға кейіген жарамайды, көбінесе адамның өз кемшілігінен болған нәрсені Құдайдың құдіреті деп кейиміз, сол бек жаман.

Кейбіреу, тіпті, бүйткенше жаратпай-ақ қойса нетті дейді. Құдай сақтасын, бұл тіпті жаман сөз. Бір нәрсені сындырып, яки бүлдіріп алған кісі де, ай, Құдайдың ісі деп айта салады, Құдайдың тағдырыңсыз еш нәрсе болмаса да, сөздің мағынасы жаман қылып айтылған жарамайды. Өзімнің айыпсыздықпен, яки білімсіздігім себеп болды деу керек. Қ

айдағы жақсы істі өзім қылдым деп мақтанып, залал, яки жаман болған нәрсені Құдай тағалаға, яки біреуге жабатұғынымыз қатты ақымақтық.

Аятта айтқан: «уа иза азақнал-инсана минна рахматан фари-ха биһа уа ин тусибһум саййиатун бима қаддамат айдиһим фа иннал-инсана кафурун». Мағынасы: қашан біз адамдарға рахыметімізден таттырып жақсылық мақтанып қуанады. Егер бұрынғы қылмысы үшін бір қайғы көрсе, берген нығметімізді ұмытып, шүкір қылмайды деген. Және зинһар ауыз боқтағаннан сақтаныңыз.

 Мұсылман адамның, аузы иман, тәсбихтің орны күпір болатұғын нәрсе және зинһар, бақсы, құшнаштан бал аштырудан қатты сақтану керек. Оның үшін оған нансақ, кәпір боласың, нанбасақ, оның керегі не. Одан басқа ермек жоқ па. Аятта: «иннамал-хамру уал-майсару уал-ансабу уал-әзләму риджсун мин амалиш-шайтан». Мағынасы: арақ, ұтыс ойын, Құдайдан басқаға шоқынған һәм бал ашқан – бұлардың бәрі арам, шайтанның жұмысы деген.

Осы аятты ести тұра баксы-балгерге бал аштырып, аластатып баққызған жарай ма? Ондай кісіні анық мұсылман деп айта алмаймыз.

Шатағым жоқ, әншейін қыламын деген кісіге сене алмаймын. Нанбағаны рас болса, аулаң жүрсін, – одан да ауру болса, оқыған, білген дәрігерге қаратып, Алла Тағаладан шипасын бере көр деп сұрасын. Баксы, балгер туралы пайғамбарымыздың хадисі: «лайса минна ман тутайяру ау тутайяру лаһу ау тукаһһину ау тукаһһану лаһу ау тусаджжиру лаһу уа ман ата каһинан фа садақа бима йакуму фа кад кафара бима анзала аллаху ис салауату уас-салам». Хадистің мағынасы: кімде-кім бір нәрсені арам қылса, яки арам қылдырса, яки бал ашса, яки бал аштырса -олар менің үмметім емес, яки сиқыр қылдырса – олар менің үмметім емес және біреу бір бақсыға бал ашқызып, соның айтқанына нанса, анық кәпір болды, Құранға нанбағаны үшін деген. Құмалақ салған, жауырын жаққан, бір нәрсені арам қылған, бәрі солардың жолдасы.

Бәрінен де аулақ болу керек осындай нәрселер адамды жаман үйретіп, не болса соны әдет қылғызып, бейне бір сондайдан бір білім, қасиет шығаратұғындай көріп тұрады. Тастың үңгірін, жалғыз ағашты әулие деп мал түнетіп, алым байламақ – бәрі сондай жаман емес.

Егерде сондайдағы қылған бір нәрсені қойғанда бір қазаға ұшырасаң да, одан деп ойлама, зинһар сақтан, бір Алла тағала өзінен басқадан пайда, зиян жоқ, не болса Алланың пәрменіменен болады. Ондайларда түк қасиет жоқ бірақ оқып, білген дәрігерге емдетпек сауап, обал емес. Пайғамбарымыздың хадисі: «ибадул-лахи тадау фа инна Аллаһа лам иада даған илла удға лаһу дауаған илла даған уахидан ал-хара-му». Хадистің, мағынасы: әй, Алланың құлдары, ауруларыңызды емдетіңіз. Алла тағала дауасыз ешбір науқас жаратқан жоқ, жалғыз кәрілік ажалдан басқа деген, бірақ дәрігер де анық жазады демейсің.

Алла тағаладан шипасын кез қылар ма екен деп үміт қыласың. Пайғамбарымыз көзіне сүрме жағушы еді, көзім тозбасын деп, анда-санда дәрі ішіп, ішін жүргізуші еді. Анда-санда қақтықпен қан алдырушы еді. Ішім тоқталды деген кісіге бал ішіп, ішіңді өткіз деуші еді. Оқыған дәрігерлік жаман емес екенін осыдан біл, бірақ, бұл айтқанымыз біздің баксы, құшнаш емес, соны жақсы ұғыңыз.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

«Мұсылмандық шарты» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.