Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Исламдағы жастар

0 2  357

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен   жастарға   сенемiн! – деп  Мағжан ақын жырлағандай   жастық   шақ адам баласының ең тартымды   әрі ең белсенді, адам бойындағы күш-қуаттың артылып ернеуінен  асып кететін кезеңі. Өмірдің шыңы, қайрат-жігерге толы, жалындаған шақ. Тепсе темір үзер күш-қуаты тасып тұрған жас тәуекелшіл келеді.

Бұл жаста адам  зерттелмеген жаңа көкжиектерді анықтауға, биік армандарға жетуге тырысады. Алайда жастық шақ мәңгілік емес. Ол бірнеше күн ғана гүлдейтін қызғалдақ гүлі секілді.

Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем, ағысы өзгермейтін өзен, сондай-ақ, аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз. Осы бір құнарлы кезеңнің көктемінде жас топыраққа егін егіп үлгеріп қалмасаңыз күзде мол өнім күтпей-ақ қойыңыз. Жастық шақтың ең айқын ерекшеліктерінің бірі – рухани жетілу мен кемелдікті қабылдауға дайын болуы.

Жастық шақтың маңыздылығы неде?

Жастық шақ адамның нәтиже беретін, күш-қуаты кемеліне келген  кезеңі;

Адам осы бір кезеңде атын бәйгеге қоспаса, осы жаймашуақ көктемде бойына парасат дәнін екпесе, бұл жастың хақысын бермегені.

Құранда бұл жасты екі әлсіздіктің ортасындағы қуаттың кезең деп суреттеп кеткен:

                اللَّهُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن ضَعْفٍ ثُمَّ جَعَلَ مِنْ بَعْدِ ضَعْفٍ قُوَّةً ثُمَّ جَعَلَ مِنْ بَعْدِ قُوَّةٍ ضَعْفًا وَشَيْبَةً

«Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін ол әлсіздіктен соң  (буындарыңды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады»[1].

Қысқаша түсіндірмесі: Алла Тағала сендерді өте әлсіз болмашы тамшыдан жаратты. Белгілі кезеңдерден кейін тамшы ұйыған қанға айналып, ұйыған қан бір кесек етке айналып, адам кейпіне келіп, әлсіз нәресте күйінде дүниеге келеді. Кейін әлсіз сәби өсе келе буындары қатайып жігітке айналады. Жігіттің шақтың дәурені өткеннен кейін біртіндеп әлсіреп, егде адамға одан кейін шал мен кемпірге айналады.

Бұл  кезең сұрағы ауыр кезең;

Балалық шақ – әлі жетілмеген істеген амалдары үшін жауапкершілікке тартылмайтын кезең болса, кәрілік шақ адамның жетілгенмен қуаты сарқылған кезеңі. Адамның негізгі өмірі  – осы орта кезеңді қамтиды. Сол себепті көбірек сұралатын өмір кезеңі де осы екі әлсіздіктің ортасындағы – қуатты кезең.

Қиямет күні адам баласының сұралатын негізгі төрт сұрағының бірі –  жастық шақ. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын)  былай дейді:

لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ ؟ “

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша орнынан тапжылмайды»[2], –  деген.

Басқа бір хадисте:

اغْتَنِمْ خَمْسًا قَبْلَ خَمْسٍ: شَبَابَكَ قَبْلَ هِرَمِكَ،وَفَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ، وَحَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ، وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ، وَغِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер: өлмей тұрып өмірдің қадірін, бір нәрсемен шұғылданбастан бұрын бос уақыттың, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастық шақтың, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біліңдер»[3], –  деген.

Алла өмірді қалай өткізгенін жалпылай сұрауымен қатар соның ішінде жастық шаққа арнайы тоқталған.

Құран аяттары мен Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын)  хадистерін жете түсінген ұлы бабамыз Шәкәрім Құдайбердіұлы жастық шақ жайында былай дейді:

Yш-ақ түрлi өмiр бар: бәрi де – мас,

Бiр рәуiштi болады шал менен жас.

Ең керектi дегенiң – ортаншы өмiр,

Түгел қолың жетпейтiн бiр жанталас.

Қапы өткiзбе сол кездiң бiр сағатын,

Өкiнiшi қалмайды, кетсе ағатың.

Күнi-түнi дей көpмe, ғылым iзде,

Қалсын десең артыңда адам атың.

Өмiрдiң басы – бала, ортасы – адам,

Қартайып, шал болған соң кеттi шамаң.

Мақтап жүрген өмiрiң осы болса,

Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.

Жастар ол ертеңгі асқар тау әке, аяулы ана;

 Қазақ елі баланы тәрбиелеуді басты назарға ұстаған. Он үш жаста отау иесі қылып, он бес жасында елді басқаратын дәрежеге жеткізген. Ерте кезден ер балаға «Сен болашақ осы үйдің иесісің, сен мықты болсаң отбасың де мықты болады, отбасыңды ұйыта білсең бір елді де басқара аласың»,  – деп құлағына құя берген.

«Қыз, әйел, ана» – қасиетті ұғымдар, өйткені олар – өмірдің ұрпақ өрбітетін бастау-бұлағы. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін – ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі деп танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылықты» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған[4].

Халқымыз «Не ексең, соны орасың» – деп бекер айтпаса керекті. Сәби бала ошақ қасында қандай тәрбие көрсе өскенде де солай болатыны ақиқат. Егер бала отбасында мейірімге толы дінге қанық, салт-дәстүрмен тәрбиеленіп өссе болашақта еліне, жеріне қызмет ететін жақсы азамат болатыны анық. Ұл бала өсірсе баланың тәрбиесіне әкесі немесе ағалары көңіл бөлген, ұл баланы тәрбиелеген кезде де дұрыс мәміле құрып, баланы төзімділікке және еңбекке баулып өсірген. Өтірік айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, ұрлық жасамауға баулыған. Қыз баланың тәрбиесіне анасы, жеңгесі немесе әжесі көңіл бөліп ибалы, инабатты қылып тәрбиелеген. Қыз айттырса да, құда түссе де қыздың жанында әрдайым жеңгесі жүретін болған. Қызға азды-көпті ақыл кеңесін айтып, қыз баласын жігітпен жолықтырса да жеңгесі қасынан табылып отырған. Осындай тәрбиенің арқасында қыз аттаған босағасында абыройлы болған.

Жастардың дұрыс жолда болуы –  үмметтің саулығы;

Кез келген халықтың болашағын жастарының қай жолда жүргенімен бағалауға болады. Егер жастар ғылым-білім жолында, имандылық жолда, салауатты өмір салтын ұстану жолында болса, онда ол елдің болашағы бар. Егер жастар жастықпен мас болып, нәпсі жетегінде азғындыққа белшесінен батса, ондай елдің болашағы жоқ.

«Қайыңның қырық бұтағы болады. Алайда, сол қырық бұтақтың ішіндегі біреуі ғана пайдаға асар түзу таяқ болады, ал қалғандары жәй ғана саптыаяқ пен қисық таяқ болады». Мұнымен не айтқым келді, әр бір Қазақстанның жас жеткіншектері қисық не қиғаш ғұмыр кешпей, түзу әрі берік болып жетілуі, болашаққа нық қадаммен бекінуі керек. Тәуелсіз елдің жастары қазақ елінің ертеңі екенін білсе, М.Мағауин атамыз айтқандай «ұлттық сананы жаңғыртып, ұлттық идеалогияны қалыптастыруымыз», зейінімізді арттырып, топ ішінен даралануымыз, озық шапқан « XXI ғасыр Құлагері» атануымыз ақиқат.

Жастық шақ адамның құбылмалы нақты бір ұстанымға келмеген кезеңі;

Жас кезде адам әр нәреге ұмтылып, әр нәрсенің дәмін татқысы келіп тұрады. Ол үшін бәрі қызық. Бұл уақытты әлеуметтанушылардың тілімен айтқанда жастық максимализм дейді.

«Жастық максимализм» ұғымы жасөспірімдік сипатқа ие:

–  Таңдалған идеалдарды максимумға жеткізу;

–  бәрін барынша жақсы жолмен жасауға ұмтылу;

–  өмірдің жаһандық идеализациясы;

–  гипертрофиялық оптимизм;

– шынайы жағдайды дұрыс түсінбеу.

Осы орайды дінге бет бұрушы жастар арасында жастық максимализмнің теріс тұстары байқалуда ол діни байыпты ұстанымнан діни фанатизмге ауып кетуі.

Қоғамда кездесетін діни фанатизмнің ең қауіпті жағы, ол – радикалды әрі агрессиялық пікірде бекем тұрып, өзгелердің көзқарасын жоққа шығарып, қабылдамау. Мысалы, соңғы уақытта елді үрейлендірген «ұлы жихад» (үлкен күрес) терминін діни тұрғыдан жастарымызға деструктивті ағымдарда «қолға қару алып немесе өзін-өзі жару арқылы жасалатын күрес» деп түсіндірілуде. Бұл әрине қате пайым[5].

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] «Рум» сүресі, 54-аят.

[2] Тирмизи хадистер жинағы

[3] Хаким хадистер жинағы

[4] https://qamshy.kz/article/17077-qyzdar-tarbiesininh-dasturli-qundylyqtarmen-sabaqtastyghy

[5] https://kazislam.kz/fanatizm-dast-rli-dinni-kas-zhauy/

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.