Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алла кепілдік берген іс

0 1  619

Алла құлдарын Өзін еске алу үшін жаратты, Өзіне шүкір ету үшін рызықтандырды. Соған қарамастан көптеген адамдар алғысын басқа біреуге айтады. Сондықтан сен де жақсылығыңды жоққа шығаратындарға жолықсаң, олармен қақтығыспа.

Олар сенің жақсылығыңды жояды, саған қарсы келіп, көре алмастық қылуы да мүмкін. Пайғамбарлардың өмірлеріне қарайықшы, Нұх пайғамбар (ғ.с.) тоғыз жүз жылдан астам уақыт елін уайымдап, азғындықтан арылып, тура жолға келуге шақырса, елі оны мазақ етіп қорлады, Ибраһим пайғамбарды (ғ.с.) отқа тастады, Зәкәрия пайғамбарды (ғ.с.) арамен аралап, денесін қақ бөліп шейіт қылды, Иса пайғамбарды (ғ.с.) қудалап, өлтірмекші болды. Мұхаммед Пайғамбарды (с.ғ.с.) өз елінен қуып шығып, дос-жарандары мен туыстарын өлтірді.

Күнделікті өмірде де мұндай оқиғалар аз орын алып жатқан жоқ. Мәселен, әкесі баласын тамақтандырып, киіндіреді, тәрбиелейді, білгенін үйретеді, оның рахаты үшін талай түндерін ұйқысыз өткізеді, аузындағысын жырып баласына береді, балам демалсын деп шаршап-шалдығады, ал сол бала өскенде бүкіл жақсылықты ұмытып, әкесіне қарсы шығып жатады.

Ал, кейбірі өмірін өзі үшін пида еткен әке-шешесін қартайған шағында түк болмағандай қарттар үйіне апарып тастай салады. Осындай жағдайларға тап болып, ізгі істері құмға сіңген судай жойылып кеткен жандардың сабыр сақтап, байыптылықпен, істеген істерінің қарымын рақым қазынасы түгесілмейтін Алладан үміт етуден басқа жолы жоқ. Өйткені Алла ешкімнің жақсылығын қарымсыз қалдырмайды. Жаратқан Иеміз «Кімде-кім шаңның тозаңындай жақсылық жасаса, оның қарымын алады» деп кепілдік берген.

Сондықтан да істеген істеріңнің барлығын тек Алланың разылығы үшін жаса. Сонда қандай жағдайда да жетістікке жетіп, табысқа кенелетін сен боласың. Біреудің рахмет айтпауы, қарсы шығуы еш зиян тигізбейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Беруші қол алушы қолға қарағанда қайырлы», – деген. Алланың разылығын қалаған тақуа, ізгі пенделердің де айтар сөзі «Инсан» сүресінде айтылған:

وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَىٰ حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لَا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاءً وَلَا شُكُورًا

«Тек Алланың разылығына қол жеткізу үшін кембағалдарға, жетімдер мен тұтқындарға ішіп-жегізеді. Біз сендерге тек қана Алла разылығы үшін береміз. Сендерден ақы сұрамақ түгілі алғыс алуды да күтпейміз»[1] деген сөздей болуы керек.

Көптеген адамдар кейбіреулердің осындай жақсылықты түсінбеушіліктеріне қарап, таңырқап, салы суға кетіп жатады. Ал, Құран жақсылықты көрмейтін ондай адамдардың тәкаппарлыққа салынып, паңдануларын:

وَإِذَا مَسَّ الْإِنسَانَ الضُّرُّ دَعَانَا لِجَنبِهِ أَوْ قَاعِدًا أَوْ قَائِمًا فَلَمَّا كَشَفْنَا عَنْهُ ضُرَّهُ مَرَّ كَأَن لَّمْ يَدْعُنَا إِلَىٰ ضُرٍّ مَّسَّهُ ۚ كَذَٰلِكَ زُيِّنَ لِلْمُسْرِفِينَ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

«Оған тиген зиянды айықтыру үшін бізге жалбарынбағандай-ақ кете береді. Солайша, шектен шығушыларға істеген істері көркем көрсетілді»[2] деп білдіреді.

Егер ақымаққа қалам сыйлап кейін ол сен жайлы жамандап жазса яки ақылсызға таяқ беріп онымен қойын қайырып, басыңды жарып жатса таңқалма. Бұл жақсылықты білмейтіндердің табиғаты. Күллі әлемді иіп беріп, қызметіне ұсынып, сансыз нығметтерге бөлеген ұлы құдірет иесі Алла тағаланың өзіне осылай жасап жатқанда, сіз бен бізге жасағандарына таңдануға бола ма!?

Қазақ халқы «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» деп бекер айтпаған ғой. Пайғамбарлардың барлығы ешкімнен алғыс та күтпей, марапат та сұрамай:

إِنْ أَجْرِيَ إِلَّا عَلَى اللَّهِ

«Менің ақымды тек Алла Тағала ғана береді» дегенін Құрандағы аяттардан оқып білеміз[3].

«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.

Sunna.kz

[1] «Инсан» сүресі, 8-9 аяттар.

[2] «Юнус» сүресі, 12-аят.

[3] «Һуд» сүресі, 29, 51; «Шұғара» сүресі, 106-109; 142-145; 161-164;«Саба» сүресі, 47

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.